«АДАМ ӨЗІНІҢ КЕМШІЛІКТЕРІН 4 ТҮРЛІ ЖОЛМЕН ТҮЗЕЙ АЛАДЫ!»
Бірінші:
«Есті адамның сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» дейді Абай. Ендеше, сен де өмірден көрген, түйгені мол, сенен бір көйлек болса да ерте тоздырып, өмірден таяқ жеп үлгерген аға буынмен дастархандас бол, сұхбаттас. Қолына су құйсаң да солардың қасында жүріп, қызметіне жара. Сөйтіп жүріп, олардың әдебін, даналығын үйрен. Аузының дуасы бар адамның жанында жүрсең, ол адам, ең болмағанда, сөзіңнің, іс-әрекетіңнің өзгеруіне әсер етіп, бірте-бірте жан дүниеңдегі барлық рухани дерттерді емдеуге көмектеседі.
Екінші:
Дініне берік, ісіне тиянақты адамдармен дос бол. Расында, адам өзінің жүрген ортасына, айналасындағы достарына қарай өзгереді. Ендеше, айналаңа кемшілік, күнәларыңа көзін жұмып жүре беретін емес, сенің қателіктеріңді өзі жасағандай қиналатын адамдарды топтастыр. Кемшілігіңді бетіңе айтатын шыншыл жолдас ізде. Сахаба Омар ибн әл-Хаттаб (р.а): «Біздің кемшіліктерімізді бетімізге айтатын адамдарды Алла мейіріміне бөлесін» деген екен.
Ілгеріде өмір сүрген ғұлама ғалым, небір шешендер де бір-бірінің артық кеткен жері болса, былай шыға сала ескертіп, жыртығын жамап, қисығын түзеп отырған.
Үшінші:
Біреумен ренжісіп қалған кезде ол адамның сен туралы айтқан жаман ойларына, пікірлеріне өкпелеме. Керісінше, сондай сөзге лайық болғаның үшін өзіңді жазғыр. Түзелуге тырыс.
Төртінші:
Әдепсіздерден әдеп үйрен. Абайша айтсақ, «жаманнан жирен, жақсыдан үйрен». Айналаңа қарай жүріп, ненің жаман, ненің пайдалы екенін бағамда. Ой түй. Сөйт те, тал бойыңды тарыдай күнәдан сақтап, сыйлы, берекелі өмір сүр! Ең бастысы, әр күнің ертең еске алғанда ұялмай айтып отыра алатындай, ұрпағыңа үлгі болатындай өнегелі болсын демекпіз.