Адамдық пен адалдық
Негізінен, рухы күшті адамдар қандай болады? «Рухы күшті адам-тек алға жүретін адам ғана емес, құлап, қайта көтеріліп, еңсесін биік ұстап, алға қарай жүріп, көздеген мақсатына жететін адам». Осы ұлағатты тәмсіл еске түскен сайын адамдық пен адалдық, әділдік, ізгілік пен табандылық, еңбекқорлық пен өз халқына деген ілтипаты мен ізетін бойына жинап, бұл фәниден «Жақсы адам» деген жоғары бағаны алып өткен, Бостандық ауылының тұрғыны болған Әштай Сауранбайұлы көз алдыма келеді. Тынымсыз еңбек, адал ары арқасында өз ортасында ғана емес, ағайын-туыс, ұжымдастары алдында да абыройға кенелген азамат еді Әшекең.
Ол — еңбек адамы еді. Еліне деген сүйіспеншілік оны алға жетеледі, адамшылықтың шуағын серік етіп берді. Ой тұңғиығы терең, жан сарайы дархан, ақылдың маржанын терген адам ретінде жалғанға жалтақтамай, бұл өмірден арлы да адал болып өтуді алдына мұрат етіп қойды.
— Ойы мен сөзі қатар жүріп, сөздің барысында оның аңғарын біліп, ой қорытып үлгеретін, істің, әңгіменің желісін тез түсініп, қажет деп санаған тұсында сөзге қызу араласып кететін табиғи мінез болады. Ол мінездің иесі қиянатқа қарай ойысып бара жатқан сөзге шыдай алмайды. Өзі біреуді басынбайды, біреуге өзін басындырмайды. Міне, Әштай ағамыз осы мінездің иесі болатын. Бұл-ол кісінің тектілігі еді. Әділдігі мен қайсар мінезі кімді де болса қызықтыратын,-дейді Бостандық ауылындағы «Алғабас» орта мектебінде көп жылдар бойы директор болған ардагер ұстаз Төлеубек аға.
— Әшекең ақиқатын алға ұстап, ел мүддесі үшін ардың жүгін арқалаған азамат болды. Ондай жан біз үшін — мәртебе, балалары үшін-мақтаныш. Қарапайым жұмысшы болып жүргенде де, басшылық қызметті атқарған кезде де біреудің ала жібін аттаған емес. Оғаш тірлік көрсе, шыдай алмай, бетіне айтып тастаудан тайынбаушы еді ғой қайран Әшекең, — деп Әштай ағамен Бостандық сахвозында бірге жүріп, совхоз кассирі болған Қамшыбек ақсақал Төлеубек ағаның сөзін растай түсті.
Әштай аға 1924 жылы Сауранбай атты қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келді. Оның алдында Смақ, Рәзия атты бір ұл, бір қызы бар Сауранбайдың отбасы үшінші ұлдың атын Әбдіәшім деп қойыпты.
1931-1932 жылдардағы ашаршылық та Бостандықты айналып өтпеді. Ел сергелдеңге түсті. Бала болса да, Әбдіәшім осының бәрін көріп, ащының дәмін татып өсті.
1932 жылы Ұлжан анасы «Әштай» деп еркелететін Әбдіәшім бала Бостандықтағы жеті жылдық мектептің табалдырығын аттап, оны 1940 жылы тәмамдап шықты. Әштайдың оқуға деген қабілеті өте зор еді. Орыс тіліне жүйрік, жазуы маржандай болды.
Мектепті бітіргенде ол ағасы Смақ, әпкесі Рәзия үшеуі ғана қалып, әке-шешенің мейіріміне қана алмай қалған кез еді. Әштай 5 жасқа келгенде анасы Ұлжан, 12 жасқа толғанда әкесі Сауранбай бақилық болып кеткен болатын.
Мектептен соң колхозда қара жұмыс атқарып, еңбектің тәтті дәмін енді тата бастағанда 1941 жылы маусымда Ұлы отан соғысы басталды. Ағасы Смақ майданға аттанғанда, Әштай да майданға сұранған, бірақ өтінішін қабылдамады. Тек 1942 жылдың көктемінде ғана оны әскер қатарына шақырып, Ашхабад қаласындағы артилерия училищесінде оқу-жаттығудан өтті. Ал, 1943 жылы майдан даласына аттанып, Украина жеріне табан тіреді. Ол 253-атқыштар дивизиясы 981-атқыштар полкының құрамында 1-Украина майданына араласып кете барған еді.
1943 жылы Курск додасында болған алапат шайқасқа қатысқан ол осы жылы Харьковты азат етуде де ерліктің үлгісін көрсетті.
Одан кейін де Қызыл Тулы Суворов және Кутузов орденді 253-атқыштар дивизиясы құрамындағы 981-атқыштар полкі Житомир-Бердичев, Проскуровск — Черновицкая, Львов — Сандомир, Сандомир – Силезск операцияларына қатысып, 1943 жылы қарашада Украинаны түгел азат етті.
Әштай елге тек 1946 жылдың маусым айында ғана оралды. 3-топтағы мүгедекпін деп ол қарап жата алмады, колхоздың қара жұмысына араласып кетті.
1948 жылы Семей қаласындағы екі жылдық ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын мектепке оқуға түсіп, оны 1950 жылы аяқтап, елге оралады да, жылқы мен түйе фермаларын басқарады.
Ферма басшысы болу оңай шаруа емес. Мемлекеттік саясатты жете түсініп, малшыларды ұйымдастыра білуің керек. Сол кездегі колхоз төрағасы Ырғымбай Төлуішов пен ауылдық кеңестің төрағасы Құрманжан Дүйсенов те Әшекеңе қолдау көрсетіп, оның жұмысқа деген ынтасын арттыра түсті.
Елдік істе талмай өз үлесін қосып келе жатқан, онысын бар саналы өмірінің мәні санайтын, темірқазығы іспетті көретін, өз ұлтын сүю парызым деп білетін, жұртты артынан ерте алатын жас маман Әштай Сауранбаев 3-4 айдан кейін-ақ 1951 жылдың 1 ақпанында аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне зоотехник қызметі бойынша шаруашылық үгітші қызметіне қабылданды.
Бөлім басшысы Х.Қуанышәлиев өте білімді, қамқоржан болып шықты. Осы саланың қыр-сырын Әштай Сауранбайұлына жалықпай түсіндіріп, білгенімен бөлісті. Міне, сөйтіп Х.Қуанышәлиев Әшекеңнің ауыл шаруашылығы саласындағы алғашқы ұстазы болып еді.
Ал, 1951 жылдың 1 желтоқсанында осы Х.Қуанышәлиевтің бұйрығымен Әшекең «Қызыл мақташы» колхозына зоотехник болып тағайындалды. Осындағы жұмыс барысында Әшекең мал тұқымын жақсартудағы будандастыру негіздері бойынша ғылыми тұжырымдама жасап, оны аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне ұсынып отырды.
Өзінің іскерлігін көрсете білген Әштай Сауранбайұлы 1958 жылдың 10 ақпанында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі аппаратының қой шаруашылығы жөніндегі мал дәрігері болып тағайындалды.
Сол кездегі Әшекеңнің қойын дәптеріне көз салсаңыз, ол кісінің малға деген қамқорлығы мен шопандарға деген оң көзқарасы — нағыз басшыға лайық іс болғанын көреміз.
1964 жылы Әшекең «Бостандық» совхозына келіп, осындағы №1 ферманың меңгерушісі болып тағайындалды. Осы жылдан бастап ферма жұмысы қарқынды түрде алға басты деуге болады. Мысалы, 1964 жылы әр жүз саулықтан орта есеппен 130-дан қозы өрбісе, ол сан жыл сайын өсіп, 1968 жылы 150-ге жеткен.
1964 жылы савхоздың бірден-бір табыс көзі-жоңышқа бар-жоғы 57 гектар жерге егілсе, 1965 жылы совхоз бойынша ол 360 гектарға жеткізіліпті. Совхоз бойынша өндіретін жоңышқа өнімнің 50-60 пайызын Әштай Сауранбаев басқаратын №1 ферма беріп отырған. Сондай-ақ, Әшекең: «Егін шаруашылығының мәдениеті совхоз бойынша төмен дәрежеде», — дей отырып, мол өнім алудың жолдарын да ұсынды.
Әшекеңмен араласқан, қызметтес болған жандар ол кісінің абырой, атағы аудан көлемінде де, совхозда да өте жоғары болғанын айтудан жалықпайды. Әшекеңнің әділдігін үлгі ете жүріп, ұстаз ретінде құрмет тұтқандарын тамсана айтады.Бұдан артық бақыт бар ма?! Адам баласының өмір жолындағы мақсат-мүддесі де осы емес пе? Өмір формуласы осы шығар.
Жастайынан жетімдіктің дәмін татып, жоқшылықты серік етіп өскен,елге қызмет етуді бәрінен артық көріп денсаулығы сыр берген Әштай Сауранбайұлы 1977 жылы 53 жасында дүниеден өтті.
«Адам ұрпағымен мың жасайды», — дейді ғой. Әштай аға мен жары Гүлзада апайдың 10 ұл-қызынан бүгінде 29 немере, 10 шөбере тарап, одан әрі қанатын жайып келеді.
Кісілік деген не?
Ол сірә, ең алдымен-кішілік! Көпшілік арасында отырып, мәнді әңгіме айту, тыңдай білу һәм тыңдата білу.
Мен Әштай ағаның өмір жолына қарап отырып, сол кісілік деген өмір формуласының бір белгісін аңғарғандай боламын.
Биыл сол Әштай аға Сауранбайұлының туғанына 100 жыл толып отыр. Өмір толқынындағы бір ғасыр. Жылдар жылжып, ғасыр өтсе де, Әшекеңнің аты замандастары жүрегінің төрінде қалды. Ол кісі көз алдымыздан алыстаған сайын адалдықтан сандалған бейнесі тұлғаланып биіктей түседі.
Қамысбай Сауқымов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қаратау қаласы.