АДАМЗАТ ҰРПАҒЫН ӨРБІТЕР АНАҒА ҚҰРМЕТПЕН ЖОЛ БЕРІҢДЕР!

 Кейінгі уақытта жаңа туған шаранасын керек қылмай, тастай салатын, тіпті, тас жолға лақтырып кететін безбүйрек аналар көбейді. Өкінішке қарай, ғаламтор мен телеарна жаңалықтарынан таралған жантүршіктірер оқиғалардың кейіпкерлері – өзіміздің қазақ қыздары, қазақтың әйелдері. Соғыс кезінде бір таба нанның жар­тысын бөтенге бөліп беріп, жатты жатсынбай құшағы­мызды ашып, қаншама жетімді бауырымызға басқан едік қой.  Ешбір ұлтта жоқ қазақтағы мейірім мен көл-көсір пейіл қайда қалды? Қазақ баласы мұндай азғын­дыққа неге үйір болып кетті? Жалпы, мұндай келеңсіз оқиғалар туралы шартарапқа жар салудың қажеті бар ма? Керісінше, жанымызға жылылық сыйлап, бойымызға шуақ тарататын қазақтың дарқан пейілі мен ерекше мейірім-ықыласы жайлы көбірек насихаттасақ қайтеді? Ұлттық болмысымызға қайта оралып, жоғалып бара жатқан қазақы мінезімізді, бәлкім, сонда табармыз…

Осы орайда Зейнеп Ахметованың әлі жарық көрмеген кітабынан ананың балаға деген мейірімі, ақыл-кеңесі мен үлгі-өнегесі жайлы үзіндіні оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Аяғым ауырлағалы бері айналаны қабылдауым басқаша ағысқа түсіп, өзгеше бағытқа бұрылып кеткендей болды. Қараптан-қарап мазасызданып, сәл нәрсеге кейіп, болар-болмасқа тарылып, тырс еткеннен секемденіп, бұрын болмаған күй таңдау, болмысыма жат енжарлық пен салбөкселік, ұйқышылдық меңдеп барады. Діңкем құрып, болдырамын да отырамын. Нақты қай жерім ауыратынын дөп басып айта алмаймын, бірақ, тұла бойым  түгел сау емес секілді. Сау болсам көзім шүңірейіп, жағым суалып, жүде­мес едім ғой. Алғаш бала көтерген әйелде әлгі ақын-жазушылар асқақтатып суреттейтін алып-ұшқан жүрек­жарды қуаныш, ана атанарын сезінген мақтаныш болады дегенге өз басым сенбеймін. Ол – бөрікті жазғыштардың «осылай болуы керек» деп ұшқыр қиялынан туғызған жаңсақ пайымы. Еркек болып жаралған адам әйелдің ішкі жан дүниесінде қандай сезімдердің арпалысып жатқанын, қандай күй кешіп жүргенін қайдан білсін?

Ал ешқандай ақын-жазушы да, ғалым да емес, тіпті, бір сынып та оқымаған бұрынғы әжелер: «Екіқабат әйелдің бір аяғы – жерде, бір аяғы – көрде»  деп, ана болу бақытының қасын­да толып жатқан қауіп-қатердің бар екенін білдірген. Олар білген соң айтқан. Мен секілді тұңғышы бойына біткен жас келіншек алдында не күтіп тұрғанын шамалап болжаса да, болмай қоймайтын шындықпен бетпе-бет келгенде қал-жағдайының қалай боларын ұқпайды. Белгісіз бір бұлдыр дүние. Белгісіздік қашанда сыры ішіне бүгілген құпиялы, тіпті, үрейлі. Ой салмағы ылғи басып, бұрынғы қалыпты тірлігінің қабырғасы қақырап, бұрандасы босап, төңірегі түгел өзгергендей күйге енеді. Басқа­сын былай қойғанда, киім екеш киімнің өзі жағдайыңның басқаша екенін бадырайтып бетіңе «басады». Саусаққа шақ сақинадай жараса кететін көйлектеріңнің бірде-біреуін кие алмайсың.

Бет демекші, оның да жетісіп тұрғаны шамалы. Күні кешегі кіршіксіз жүзіңе көлденеңдей түскен құрым қоңыр ноқтаға, маңдайдан иекке дейін жайылған секпілдерге көзің түскенде, адамның көңіліне пысқырмайтын, берекесі кеткен бетіңді әшкерелеп беретін айнаны жек көресің. Қарағың келмейді. Абайсызда қарай қалсаң, көңіл-күйің нілдей бұзылып, өзіңді аяп, мүсіркей бастайсың. Бұл – ең бір сүйкімсіз сезім. Осы әлгінде байлауы шешіліп, басым­нан сырғып түскен орамалды жөндеп қайта саларда қыр­тысы қалың қырсықтығым ұстап, шарайнаға көз сал­мадым. Өшімді алғандай кекірейіп, қасынан өтіп кеттім.

Айтса да, осы орамалды әр нәрсеге жауабы дайын жер түбіндегіні білетін шешем еншіге бергендей маған мықтап жабыс­тырған. Тұлымшағым желбіреп жүрген кішкене кезімде ұйықтар алдында басыма жымпитып тұрып орамал байлайтын да: «Түн ауыр, түн тылсым, түн қауіпті. Қараң­ғыда жын-шайтандар шашау жатқан, ашық-шашық қалған нәрселерді аңдиды. Жалаңбас жатсаң, сол бәлелер иектеп кетеді», – дейтін. Анамның мұндай сөздерінен кейін түнде түгілі, күндіз де орамал салуға бейіл едім. Кейін өскенімде «Асүйде жүргенде орамал-шаршысыз болма, әзірлеген тамағыңнан шашың шықса, абыройың төгіледі, жасаған асың арам болады» дейтінді құлаққа құйды. Енді келіп: «Аяғы ауыр әйел шашы қобырап жалаңбас жүрсе, іштегі балаға албастыдай көрініп шошытады. Ол бәрін көреді, бәрін естиді», – деп зәремді ұшырды. Рас болса, рас шығар, мамандар: «Іштегі шарана сырт­тағы жақсы-жаман әсердің бәрін қабылдайды», – деп айтып та, жазып та жүр ғой.

Орамалды айтам деп анамды еске алуым сол еді, жұды­рықтай жүрегім бұлқынып-ақ кетті. Айлап-жылдап жүздеспегендей сағыныш толқыны санамды керней бастады. Шындығында, ол кісі­ні көрмегеніме екі аптадан асты. Әсия дейтін жеңгемнің төркіндері тұратын Ташкент қаласындағы құдаларына қонаққа кеткен.

Кейінгі кездері меншікті мекеніме айналған сықырлақ диванға келіп қисайдым. Қиялмен әр қиырдың басын бір шалып, сырғыма ойдың жетегіне еріп, жабырқап жатқанымда есіктің қоңырауы сылдырлады. Орнымнан сүйретіле тұрып, шұбалаңдап барып есік аштым. Аштым да, елес көргендей өз көзіме өзім сенбей, аңырайып тұрып қалыппын. Мұндай да керемет болады екен-ау, келіп тұрған – әлгінде сағынып есіме алған анам екен!

– Апа, апатайым! – деп құшақтай алдым.

– Ботам-ау, ботам! – деп қайран шеше еміреніп, айналып-толғанып, аймалап жатыр.

Алғашқы абыр-сабыр қауышу, аман-есендік сұрасудан кейін анам жайланып отырып, жан-жағына барлай қарап:

– Қазанбасым көрінбейді ғой, – деді. Басы үлкен күйеу баласын еркелетіп осылай атайтын.

– «Бір жұмысым бар» деп бағана кеткен, ит білсін бе қайда жүргенін, – деп қыртия жауап бердім. Қыртиятын жөнім бар, мені үйге жалғыз тастап, өзі қыдырып кеткен жұбайыма біраз «дәмді» сөз арнағым келіп, соны айтып шағынуға оқталып, көмекейім бүлкілдей бастаған.

– Е-е-е, ер-азаматты үйден бездіретін әйелдің қабағы ғой. Сенің шикі өріктей көгерген жүзіңе қарап отыруға кім құштар дейсің, – дегені. Аяқ астынан мен күтпеген тұздығы мол сөзді естігеніме шыдамай, ернім дірілдеп, мұрным тыржиып, кемсеңдеп жылауға тырыстым.

– Тәйт әрі! Көзіңнің жасын көрсетпе маған! – деп зекіп жіберді. Ал керек болса! Жаңа ғана аялап тұрған алақаны жұмылған жұдырыққа айналып шыға келді. Ащы болса да ашығын айтатын, төтесінен тура сөйлейтін бұл кісімен тайталасуға менің қауқарым жетпейді. Шапанына астар болуға жарамаймын. Осыны жақсы білгендіктен құлағымды қаритын суық сөз естісем де, ары қарай ушықтырмай, көзімнің жасын жұтуға тура келді.

– Ботам-ау, сол! – деді біраз үнсіздіктен соң жыланды інінен шығаратын жылы үнімен. – Қазір сенің жағдайыңда көздің жасы іштегі шаранаға кесірін тигізеді, жасық болып қалыптасады. Кейін беймаза жылауық, әлжуаз осал болады. «Іштен қисық туғанды тезге салсаң түзелмес» деп ата-бабалар бекер айтты дейсің бе?! Анасы неғұрлым сергек, көңілді жүрсе, жарық дүниеге келетін баланың мінез-құлқы жайдары әрі жақсы жетіліп, жеңіл ширайды, айналасына тез бейімделеді. Жүктілік – ауру емес, Жаратқан иемнің маңдайыңа берген керемет сыйы, теңдесі жоқ мейірім-шарапаты. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Жүрегіңнің астында бір тіршілік иесі өмір сүріп жатыр. Бойыңдағы бұрын болмаған әртүрлі беймәлім өзгерістер – сол тірі жанның қалыптасып өсуіне байла­нысты туындаған қажеттіліктер. Ал сен болсаң өзіңді «науқаспын» деп сендіріп, соған бейімделіп, төсектен тұрғың келмейді. Түске дейін ұйықтап, кешке дейін көзін уқалайтын жалқаулыққа, маубастыққа әбден дағдыланып алғансың. Суы тартылған көлшіктегі құрбақадай құрысып-тырысқан сұрың бар болсын! Бір жумай жатып бояуы кететін сапасыз бөздей оңып, ұнжырғаң түсіп, мылжаланып отырсың. Айналаңнан ылғи аяушылық есіркеу күтіп, мүсәпірсігеніңді қой, балаң ынжық, рақым тілегіш бейшара болып қалады. Саған қазір керегі – серпіліп сергу, сілкініп еңсеңді көтеру. Үгіліп үйде отыра бермей, далаға шығып, мына іргеңде тұрған баққа барып, кең тыныстап, еркін серуенде. Көңілді ән-күй тыңда. Тиегі кеткен домбыра секілді міңгірлемей, мейірленіп ашық-жарқын сөйле, жақсы сөз айт. Сонда ойың ұшталып, қиялың қанаттанады. Ауыр нәрсе көтерме, бірақ, көп қозғал, кейін толғағың жеңіл, сәбиің дені сау өмірге келеді. Біле білсең, сен қазір ең көрікті, ең әдемі әйелсің! Өйткені, бір әулетке ұрпақ әкеліп, ақ жаулықты ана атанайын деп отырсың. Әйел адамда бұдан өткен бақыт болмайды. Жаратқаннан жақсылық тілеп, осы күніңе шүкіршілік ет. Жүрек таза болса, тілек қабыл болады. Алла кеңшілігін, рақымын берсін! – деп сөзін бір қайырды.

Осы үзілісті пайдаланып, әңгіме ауанын басқа бағытқа бұрғым келді. Әйтпесе, мені біресе – шикі өрікке теңеді, біресе – құрбақаға қосақтады, бояуы кеткен бөз де, тиегі тайған домбыра да болдым. «Ұстаған жерде қолы, тістеген жерде тісі кететін» сұңғыла адамға қарсы сөз айтып, береке таппайсың. Сөзбен шалам десең өзің шалқаңнан түсесің. Сондықтан ары қарай тағы да түйдектетіп, төгілдіріп әкетпеуі үшін бейкүнә сұрақты көлденеңдете салдым.

– Тәшкеннен қашан келдіңіз?

– Алдыңғы күні келгенмін. Кеше қозғалмай отырып, саған екі көйлек тіктім. Мен сенің қалып-размеріңді білемін, сонда да кем-кетігі жоқ па екен, киіп көрші, – деп сөмкесінен орамалға оралған түйіншекті шығарды.

Апамның қолы өте шебер, бір көрген үлгісін айнытпай келтіру бұл кісіге қиын емес. Әкелген көйлектерінің біреуі – әдемі гүлді бәтестен, екіншісі – әлемнің қай түкпірінен көрсең де: «Мен өзбектікімін!» – деп жар салып тұратын түрлі-түсті шәйіден екен. Екеуін де кеудесінен сәндеп бүріп, етек-жеңін кең-мол тігіпті.

– Мен мұндай көйлектерді кимеймін, – деп бірден ыршып түстім.

– Түһ, осы сенің тыз етпе мінезің-ай! Туламай алдымен тыңда, – деді иығымнан сілки ұстап өзіне қаратып. – Бұл көйлектерді еріккеннен ермек етіп, көз майымды тауысып тіккенім жоқ. Сенің қамыңды, жарық дүниеге әлі келмеген шарананың амандығын ойлап тіктім. Қиқарланбай, қарсылықсыз киесің. Неге екенін айтайын. «Мені көр» дегендей ішіңді тырситып көшеде келе жатқаныңда, қарсы алдыңнан шыққан кез келген адамның көзі ең алдымен қарныңа түседі. Әр адамда әртүрлі деңгейде назар болады, көзінің сұғы болады, кейбіреулердің жанарында отты уыт та кездеседі. Ол адамдар саған әдейілеп кесірін тигізейін демейді, сенде шаруасы жоқ. Алайда, өзінің көзінде қаншалықты назар барын білмейді, оны ойламайды да. Ал көлгемедей көлкілдеген көйлек көлденең көздердің еріксіз қадалар сұғынан сақтайды, әрі онсыз да тар құрсақта жатқан балаға сырттан қосымша қысым түспейді. Баланың дене мүшелерінің емін-еркін өсуіне кең киім айтарлықтай септігін тигізеді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», нәресте іштен кем-кетікті тумауы үшін бұл да бір сақтық шарасы. Әсіресе мықынды қысатын киім аяғы ауыр әйелге қауіпті. «Қайтер дейсің, киімде тұрған не бар, өзіме ұнаға­нын кием» деп өзімшілдікке салыну орны толмас өкінішке ұрындыруы әбден мүмкін. Кімге болса да Құдайым ондайдың бетін аулақ етсін. Пенде пақыр қашан, қай жерде қауіп-қатер, жазым барын болжай алмайды. Жаратқан ием сақтанғанды сақтайды, – деп бір тыныстады.

Анамның қашанғы әдеті, басымды бұра тартып, бұлқынып тұрған кездің өзінде құрығына түсіріп, жуасытып жібереді. Әлгіндегі тамырынан тартып, төндіре айтқан, түстеп-түгендеген уәждері көкейіме қонып, ойлантып-ақ тастады. Ойлантып қана қоймай, жүйесімен сендірді. Менің икемге келіп, жұмсарғанымды біле қойған апамның даусы тіпті жарқын-жарқын шықты.

– Мына шәйі – өзбектердің «ханатлас» деп аталатын ең әтуерлі, ең қадірлі, кез келгеннің қолы жете бермейтін өте жоғары сапалы жібегі. Атам заманғы көне әдіспен қолдан тоқылатын бұл атлас тек Өзбекстанда ғана жасалады дейді. Біздің дүкендердегі Тәшкеннен келетін түрлі-түсті шәйілер «ханатластың» шүйіншісіне тұрмайтын, қолына су құйып беруге әрең жарайтын әншейін көпшілік қолды кездемелер екен. Ал бәтестің аты – бәтес. Жерден өнетін мақта талшығынан тоқылған табиғи мата. Байқайсың ба, екі көйлектің де түстері ашық, бояуы қанық. Солай болғаны жақсы. Неге десең, сұқтана қараған көзді алдайды, алғашқы назар ішіңе емес, көйлекке түседі. Содан кейін саған бөтен қоспасы бар жасанды жіптен дайындалған киім киюге болмайды, ауа жібермей, тәнді тұншықтырады. Ол да балаға зиянын тигізеді. Қане, бәлсіне бермей, мыналарды киіп көрсеңші, – деп тауарын саудалаған саудагердей көйлектердің төркінінен бастап, мақтауын жеткізіп, бағасын аспандатып тастады.

Сытылып кетер сылтауым жоқ болған соң, «мода» көрсетуді дардай аты бар «ханатластан» бастадым. Бәсе деймін-ау, анамның білмегенін ит жесін, айтса, айтқандай-ақ бар екен. Көйлекті иығыма ілгеннен оның матасының асылдығы, тегінің тазалығы бірден сезілді. Өзі жеп-жеңіл, құстың мамығындай жұмсақ, денеге үлбіреп өте жағымды тиді. Тырыстырып киіп жүрген көйлектен құтылып, тұла бойым құрсаудан сытыл­ғандай еркінсіп, жырғап қалды…

Мата, көйлек туралы бұл әңгіме өткен ғасырда, менің екі мүшелге де толмаған кезімде болып еді. Қазір мүмкін сөз етуге тұрмайтын көрініс шығар. Неге десеңіз, «дефицит» келмеске кеткен. Дайын киімнің де, матаның да алуан түрі іздемей-ақ табылады. Әсіресе маталардың арзаны да, ортақолдысы да, асыл-құндысы да көздің жауын алып, дүкен сөрелерінде жайнап тұр. Жағдайыңа қарай бой-тұрқыңа, талғамыңа лайықтап тігіп кие бер. Бірақ, амал қанша, бір кездегі қолға түспейтін мата көбейгенімен, көйлек киетін әйел азайған. Бұл күнде ұрғашы қауымы көйлектен жеріген заман. Кәрі-жас, арық-семіз демей, жарасқан-жараспағанына қарамай, шалбарланып шауып жүр. Әсіресе үстіндегі киімінің тігісі жыртылардай тырыстырып, төңкерілген тегенедей ішін алға шермитіп келе жатқан аяғы ауыр келіндерді көргенде: «Әттеген-ай, бұл бейбақтардың ақыл айтар анасы, қамқор болып үлгі көрсетер енесі жоқ па екен?» – деп қынжыламын.

Бірді айтып, бірге кетіппін ғой, бастаған негізгі әңгімеге қайта оралайын. Сөйтіп, әлгі екі көйлек аяқ-қолымды бауырыма алғанша үстімнен түскен жоқ. «Ханатлас» көйлегім менің біркиеріме айналды. Міне, бүгін де соны киіп, емханаға барайын деп жатырмын. Шыным­ды айтсам, бару керек болған соң, босанарда перзентханаға дәрігер жазбалары қажет болатындықтан барамын. Обалы не керек, мені бақылайтын үкі көз дәрігер ай сайын әлдебір ауытқулар жоқ па деп тексеріп, қан қысымымды өлшеп, дәрумендер беріп дегендей, өз мамандығы бойынша мін­детін атқарып, қызмет көрсетеді. Қамқорлығына ризамын. Әйтсе де, үкі көздің тақпақ айтқандай тақылдататын «консультациясы» анамның ақыл-кеңесінен артық емес. Дәрігер біле бермейтін, мүмкін, білсе де жетесіне жеткізе алмайтын талай мәселенің қыр-сырын анам қарапайым ұғымды тілмен санама сіңіріп, миыма құяды.

Аяғым ауырлаған бастапқы айларда мен көп қиналдым, көңіліме әртүрлі күдік кіріп, үрей ұялады. Ұзын дүние қысқарып қарыс қалғандай, селт еткізері жоқ бедерсіз біркелкі сұрғылт күндер бітпейтіндей көрінді. Сабырым сарқылып, тағатым таусы­лып, шамам екі көзіме жетіп жүрген кезде анам өзінің парасатымен, мейірімімен мені рухани жүдеуліктен, тығырықтан алып шықты. Он құрсақ көтеріп, өмірдің бұралаң бұрылысы көп соқпақтарынан өткен анамның қасиеті ме, ол кісі айтатын бабалар ұлағатының құдыреті ме, санамды тұмшалаған тұманды ойлардан арылып, келер күнге үреймен емес, үмітпен қарайтын шамаға жет­тім. Рас, алдағы қатерлі сәт жақындаған сайын қобалжып, алаңдап қалам. Ол жайлы ойламауға тырысамын, алайда, жарық дүниені көргісі келетін іштегі «керемет» бүйірімді түрткілеп, есіме сала береді.

…Емханаға жақындап қалғанымда қарсы келе жатқан өзім секілді келіншекке көзім түсті. Ол да дәрігердің кеңесінде болса керек. Қазақтан сөз қалған ба, «айлас әйел – мұңдас» деп тегін айтпаған, мына бейтаныс, бірақ, маған ұқсайтын әйелге біртүрлі жүрегім елжіреп, тілеулестікпен үзіліп қарайын келіп. Па, шір-ке-ен! Жүрісінің салтанат-сәнін-ай! Басын шалқақ ұстап, кеудені кеңге салып, аяқты кербез де маңғаз басады! Жүріп емес, қалқып келе жатқандай. Япыр-ай, бұрын қалай байқамағанмын, аяғы ауыр әйелдер төмен қарап жүрмейді екен-ау! Олар мұны паңданып әдейі істемейді, Жаратушының өзі былайғы адамдардан ерекшелендіріп, асқақтатып, әдемілеп қойған. Осыған дейін басыма келмеген ойыма жаңалық ашқандай таңғалдым. Таңғалдым да, өзіме-өзім риза болып, көңілім шалқып кетті. «Оу, жарандар! Жүзінен күн шуағы шашыраған, ақ алғысты болған сұлу әйел мамырлай басып келе жатыр! Адамзат ұрпағын өрбітетін болашақ анаға құрметпен жол беріңдер!» – деп маған ұқсас келіншек үшін мынау жалпақ әлемге жар салғым келді.

Кенет… «Құдайым-ау, мен де… Мен де…» деп жан-жағыма масаттана қарадым.

Көне күнделік беттерінен

Зейнеп Ахметова