Адасқандардың адал еңбегі
Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитеті №58 республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мен «Асима» жеке кәсіпкерлігінің директоры Жүзімкүл Мамраимова бірлесіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетті.
– Бұл мекемеде қатаң ұстау жағдайында отырған мыңнан астам азаматтың 49 пайызы жұмыспен қамтылған. 12 жеке кәсіпкер бар. «Еңбек Тараз» кәсіпорнында 50 сотталған азамат қосымша жұмыспен айналысуда. Аяқ киім, тігін цехтары жұмыс істеп тұр. Бұл акция алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұрын балалар үйіне көмек көрсеткенбіз. Ал мұндай ауқымды түрдегі қайырымдылықты алғаш рет қолға алып отырмыз. Келешекте мұндай игі істі жалғастыруды жиі қолға аламыз,– деді мекеме бастығы Бекежан Мұхтаров.
Темір тордың ар жағындағы азаматтардың қолымен жасалған түрлі қолөнер бұйымдары «менмұндалайды». Арманының ақ желкенін алға жетелеген ақ кеме, аузынан жалын атқан айдаһардың мүсіні, жүрек-қобдишалар, домбыра сынды ағаштан түйін түйген жандардың еңбегі көздің жауын алады.
– Темір тордың ар жағында жүріп-ақ жеке кәсібін дөңгелетіп отырғандар баршылық. Біз оларға қолдау білдіреміз. Қолдарынан шыққан тұрмыстық заттарын сатып, жұмысшы балалардың айлығын беріп, шығынын төлеп тұрамыз. Кейін қалған ақшасына қайтадан қажетті бұйымдарын алып, қамтамасыз етеміз. Биыл бірінші рет қолға алып отырмыз. Олардың бір күндік табысына 5 отбасыға азық-түлік тараттық. Осылайша олар еңбектеріне қарай өз қажеттіліктерін өтеп отыр. Қайырымдылық акциясы аясында отбасылық жағдайы төмен азаматтарға көмек қолын созуды көздедік, – деді Жүзімкүл Мамраимова.
Түзету мекемесінен шыққан алғашқы қайырымдылық көш – «Шайқорық» алқабын бетке алды. Алғашқы көмек аталмыш мекемеде еден жуушы қызметін атқарып жүрген жалғызбасты ана Жеңіскүл Базарбаеваның отбасына табыс етілді.
– Жағдайы төмен отбасыларға алаңдап, қайырымдылық жасап жатқандарға алғысым шексіз. Біздің қажеттілігімізді өтеп, көмек қолын созғандардың барлығына Алланың нұры жаусын, – деді Жеңіскүл апай.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ