ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА ӨТКІЗІЛДІ
Сыбайлас жемқорлықпен ұштасқан және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралармен мемлекеттік қызметшілерді барынша кеңінен қамту мақсатында Әдеп жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы а.ж. 18 мамырында Т.Рысқұлов ауданында өтті.
Ашық әрі жариялы түрде өткен кеңес отырысына Т.Рысқұлов ауданы ауылдық округтері әкімдері мен салалық бөлімдердің басшылары қатыстырылды.
Әдеп жөніндегі кеңеспен күн тәртібіндегі 6 сұрақ қаралды, оның ішінде 2 тәртіптік іс.
Мәселен, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін Талас ауданы Бостандық ауылдық округінің әкімі М.А.Рысдаулетовке және Т.Рысқұлов ауданы Өрнек ауылдық округінің әкімі А.К.Абишевке қатысты қозғалған тәртіптік істер қаралды.
Бұл ретте, М.А.Рысдаулетовпен мемлекеттік сатып алу шарты бойынша көзделген кейбір жұмыстар іс жүзінде атқарылмағанына қарамастан, оларды қандай да бір ескертулерсіз қабылдап, тиісті қаражатты мердігердің есеп-шотына аудару туралы шешім қабылданған.
Ал, А.К.Абишев жер заңнамасының талаптарын бұза отырып жеке тұлғаға жер учаскесін беру барысында заңсыз шешім қабылдаған.
Тәртіптік істерді қарау нәтижесінде, Әдеп жөніндегі кеңеспен аталған мемлекеттік қызметшілерге «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану ұсынылды.
Одан бөлек, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының және Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тәртіптік комиссияларымен 2022 жылдың қорытындысы мен 2023 жылдың өткен кезеңінде атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы есептері тыңдалды.
Сондай-ақ, Жамбыл облысы мемлекеттік органдарының тәртіптік комиссияларымен 2023 жылдың І-тоқсанында атқарылған жұмыстарына жасалған талдаудың қорытындылары қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың басшыларына орындалуы тиіс ұсыныстар берілді.
Ауданның жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілері Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысымен танысып, тәртіптік жаза қолдану практикасы жөнінде мазмұнды ақпарат алды.