Әдеп жөніндегі уәкілдер онлайн форматта бас қосты

Ағымдағы жылдың 30 сәуірінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен мемлекеттік органдардың әдеп жөніндегі уәкілдерімен семинар өткізілді. Өңірімізде COVID-19 короновирустық инфекциясының таралауына қарсы іс-қимыл аясында эпидемияға қарсы карантиндік шаралардың қолға алынуына байланысты, азаматтардың денсаулығына қауіп төндірмеу және сақтық шараларын күшейту мақсатында, іс-шара жаңа байланыс құралдарын кең көлемде қолдану арқылы онлайн форматта өткізілді.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жұмысын зерделеу барысында белгілі болғандай, Агенттік пен оның аумақтық департаменттеріне келіп түсетін шағымдардың едәуір бөлігі жергілікті атқару органдарымен өтініштерді сапасыз қарауына қатысты екенін көрсетті.

Атап айтқанда, жауапты толық және негізді етіп бермеу, ең бастысы жауап беру уақытын сақтамау деректері орын алады. Бұл жағдай болса жергілікті органдардың халықты әуре-сарсаңға салып, төрешілдік көрсетуге жиі жол беретіндігінің айқын белгісі.

 

 

Қалыптасып отырған осы жағдай Мемлекет басшысының мемлекеттік органдардың халыққа ашық және жақын болуы туралы ұстанымына сай емес, тіпті теріс әсерін тигізуі де әбден ықтимал.

Осыған орай, жергілікті атқару органдарымен өтініштерді қарау жұмысын күшейту мәселесі аумақтық департамент басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Е.Мендалиевтың төрағалығымен, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Е.Исаның, қалалық, аудандық әдеп жөніндегі уәкілдің міндеттері жүктелген лауазымды тұлғалардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тіркеп, бақылауды жүзеге асыратын жауапты мамандардың қатысуымен семинар барысында талқыланды.

Семинарда Е.Мендалиев баяндама жасап, онда жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау кезінде олардың уәждеріне жан-жақты баға беріп, оларға толық түсіндірмелер беріліп отыру керектігі және өтініштерді қарау кезінде, әсіресе төтенше жағдай кезінде формалды түрде қарау дерегіне жол бермеу қажеттігі баса айтылды.

 

 

Бұл орайда, өтініштерді қарау барысында құқық бұзушылық анықталған жағдайда бұзушылықтарды жою немесе азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру бағытында тиісті шаралар қабылдап отыру қажеттігі түсіндірілді.

Бұдан басқа, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Е.Иса өз баяндамасын жасап, қала, аудандардағы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысындағы жұмыстармен таныстырды.

Мысалы, ағымдағы жылдың 4 айында Маңғыстау облысы әкімінің аппаратына 1347 өтініш тіркелген. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (2019 ж — 1252) 95 өтінішке артқан.

Оның ішінде: жеке тұлғалардан 1095 (2019 — 1100), заңды тұлғалардан 252 (2019 — 152) өтініш түскен.

Республикамызда Төтенше жағдай енгізілгелі бері, яғни 2020 жылдың 15 наурызынан 27 сәуіріне дейінгі аралықта облыс әкімінің аппаратына 438 өтініш тіркелген.

Облыс әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің жауапты қызметкерлері карантин кезінде өтініштерді қарау жұмысын күшейту бағытында қашықтық жұмыс жасау режиміне ауысқан жоқ. Керісінше, қызметкерлер қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, толық қанды жұмыс атқарып келеді. Нәтижесінде, келіп түскен өтініштердің барлығы дер кезінде тіркеліп, орындалысы бақылауға алынған.

Барлық өтініштер өз мерзімінде сапалы орындалып, арыз-шағым иелеріне жауаптары берілген.

Е. Иса өзінің баяндамасында өтініш иелерінің берілген жауаппен келіспеушілік немесе қанағаттанбау деректерінің тіркелмегендігін жеткізді.

Кезегімен сөз алған аудан және қала әкімдіктерінің әдеп жөніндегі уәкілінің функциялары жүктелген лауазымды тұлғалар жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс жасау барысына тоқталды.

Статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, Ақтау қаласы әкімі аппаратына ағымдағы жылдың 4 айында 2198 (2019 ж.- 2500) жазбаша өтініш тіркелген, 377 азамат қала әкімінің және оның орынбасарларының жеке қабылдауында болған.

Қалған әкімдіктерде көрсеткіштер келесідей: Жаңаөзен қаласы әкімі аппаратында тіркелген өтініштер саны – 1562; Мұнайлы аудан әкімі аппаратына – 658; Қарақия ауданы әкімі аппаратында – 228; Маңғыстау ауданы әкімінің аппаратында – 310; Түпқараған ауданы әкім аппаратында – 68; Бейнеу ауданы әкімі аппаратында — 219 өтініш тіркелген.

Аталған мәселені талқылау соңында жауапты лауазымды тұлғалар көтеріліп отырған мәселенің маңыздылығын түсінетінін, өтініштерді сапалы және мерзімінде қарау бағытындағы жұмыстарды бақылауға алуды одан әрі күшейтетіндерін мәлімдеді.

Сонымен бірге, семинар барысында облысымыздағы мемлекеттік қызметшілердің төтенше жағдай кезіндегі құқықтарының қорғалуы, қызметшілерді негізсіз ақысыз демалыстарға жіберу деректерін болдырмау мәселесі де сөз болды. Департамент басшысының орынбасары Е.Мендалиев аумақтық департамент тарапынан бұл бағытта зерделеу жұмыстарының жүріп жатқандығын хабарлады. Осындай жұмыстарды әрдайым жүргізіп отыруды, құқық бұзушылықтар орын алған кезде оны қалпына келтіруге бағытталған тиісті шаралар алуды Әдеп жөніндегі уәкілге және уәкілдің функциясын атқарушы қызметшілерге тапсырды.

Өз кезегінде, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Е.Иса кейбір қызметшілердің құқын қорғау барысында әдеп жөніндегі уәкіл институтының тиімді қолданылып келе жатқандығын жеткізді.

Атап айтар болсақ, облыс әкімі аппаратының бір қызметкері әдеп кодексіне қайшы мінез-құлық танытып, салдарынан облыс әкімінің көмекшісімен арада түсініспеушілік туындаған. Әдеп жөніндегі уәкіл Е.Иса өзінің тарапынан қос тараппен түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды

дер кезінде жүргізудің нәтижесінде, орын алған жағдай еш дау-дамайсыз өз шешімін тапқан.

Семинар соңында, Е.Мендалиев жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, сонымен бірге Әдеп жөніндегі уәкіл институтының маңыздылығына тағыда бір тоқталып, алдағы атқарылар жұмыстарға сәттілік тіледі.

 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері

агенттігінің Маңғыстау облысы

бойынша департаментінің

баспасөз қызметі