Әділбек «әлем чемпионын» жеңе алмады

Даниярдың жеңісті жолын жалғайды деген сеніммен Әділбек Ниязымбетовті шаршы алаңға шығарып салған едік. Алайда, өкінішімізге орай, «Күмісбек» атанып кеткен Әділбек тағы да алтынға қол жеткізе алмады.

Әлемді үш рет мойындатқан Хулио Сезар Ла Круз бен Әділбектің жолы рингте осымен төртінші рет түйісті. Екі рет әлем чемпионатының финалында Ла Крузға жол берген отандасымыздың Рио төрінде де бағы жанбады. Сөйтіп, қазақ боксының тарихында екі Олимпиадада күміс алған былғары қолғап шеберлерінің саны екеуге жетті. Десе де, Әділбектің қалай тер төккенін көз көрді. Төреші Ла Круздың қолын көтерсе де, нағыз жеңімпаздың кім екенін Куба жұрты да мойындайтын болар. Ашық айқастан басын алып қашқан үш дүркін әлем чемпионының қалай қаймыққаны, Әділбектің оны оңды-солды қалай соққының астына алғанына миллиардтар куә. Төрешілер де әділетсіздік танытқан секілді. Алғашқы раундтағы қандасымыздың айқын басымдығын АИБА өкілдері көзіне де ілмеді.  

Сонымен, Василий Левиттің жолын жалғаған Әділбектің күмісінен кейін Қазақстан құрамасы 3 алтын, 4 күміс және 6 қоламен жалпы командалық есепте 19-орынға тұрақтады.

«ЕлАна»