ӘДІЛДІКТІҢ ЗАТЫ ӨЛМЕЙДІ…
Ол кезде біз мектеп жасындағы бала едік. Анамыздың мазасын алып жүрген дерті жөнінде құлағымыз еміс-еміс шалып қалатын. Бір күні ауылдық, аудандық емес, бірден облыстық ауруханаға барып, операция жасатуды ұйғарды. Үлкендердің қобалжығанын абыржулы көңілінен қанша байқасақ та, тереңдетіп сұрауға батпадық. Анамыздың қалқанша безінің ұлғайғанын (зоб), оны тек хирургиялық жолмен ғана алып тастауға болатынын білдік. Тіпті бар үмітіміз дәрігерде болғандықтан, оның Әлиев деген фамилиясы санамда бірден жатталып қалды. Ота сәтті жасалып, бір жарым аптадан кейін анамыз үйге аман-есен оралды. Сондағы қуанғанымыз-ай, үлкендер де риза болып жатты. Операция деген атауының өзі үрей шақыратын, үміт пен күдік арқалатып қоятындай қатты әсер етті.
Расында, адамның пышаққа түсіп-шығуы оңай емес екен. Ал операция жасаған дәрігердің фамилиясы біздің үйде ризашылықпен, әрі жиі айтылатын болды. Ондай дерттің көбінесе таулы аймақтарда, ауыз суда, аста йодтың жетіспеушілігінен пайда болатынын анамыз айтып отыратын. Сол кезден бастап анамыз өмірінің соңына дейін бұғақ ауруының алдын-алуға, сақтануға, оны емдеуге қатысты ел ішінде ағарту жұмысын жүргізді десем, артық айтқандық емес. Ал, менің есімде дәрігердің фамилиясы мәңгіге қалып қойды. Кейін анықтағанымыздай, дәрігердің аты-жөні – Әлиев Мұхтар Әлиұлы емес, Әлиев Вахид Мехманович болып шықты, тіпті ұлты әзірбайжан екен. Сөйтіп, өзім кішкентайдан сыртынан сыйлап, атына қанық болып, қатты құрметтеп жүрген Мұхаңмен бірнеше жылдар өткеннен кейін, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінде жұмыс істеп жүргенімізде танысып, облыс басшысының орынбасары қызметін атқарғанымызда етене араласудың реті келді. Онда да оның дәрігер ретінде көмегіне байланысты емес (Құдайға мың шүкір!), мүлдем басқа қоғамдық іс-шараларда, есте қалатын кездесулерде сырласудың орайы келген-ді.
Жалпы, «Мұхтар Әлиұлы кім, қайдан шыққан?» – деген сұрақтың жауабын көзі қарақтылар жақсы білуге тиіс. Кейіннен бірқатар бұлағай басталғанда іргесін аулақ салғандар да болды. Білсе де білмегенсіген жекелеген әріптестері, кезінде қол ұшын беріп, тәрбиелеген шәкірттері де кездесті. Әшейінде, аяғына шалынып жол бермейтін жақын туыс-тумаларынан, ауылдастарынан да бұртыңдағандар бой көрсеткені жасырын емес. Кенен ақынның:
«Көңілі менмендердің көктен де әрі,
Құр кеуде, іші қуыс, кімге дәрі?Қасында жеміс ағаш қатар тұрса, Сидиған сопаң терек әрі-сәрі» – деген жыр жолдары нақ сондайларға қатысты айтылса керек. Әрі-сәрі күй кешкенді Құдай да көретін болар. Ақиқаты сол – әр кезеңде, әр жылдарда, әр күндер мен түндерде аурухана төсегінде дертімен арпалысқан мыңдаған адамдар, олардың ұрпақтары ерекше болмысты, сөзі кем, жаны шуақты Мұхаңның шарапатын, қолының шипасын ғұмыр бойы ұмытпайды. Олар айтып та келеді және айта бермек. Өйткені жақсылық ұмытылмайды. Бірде оның қанша адамның ғұмырын ұзартқанын білгіміз келген. Сонда Мұхаң өзіне тән қарапайымдылықпен:
– Жалпы саны 30 мыңнан аса операция жасадым, ең қиын жағдайлар естен шықпайды екен. Адам жанын сақтау бақытын ұмыту мүмкін емес. Шұғыл шешім қабылдап, құтқару – менің шипагерлік қана емес, адамгершілік парызым, – деді.
Сондай бір сұхбат үстінде ол жалғыз ұлының саясатқа барып ұрынғанын қолдамайтынын, оған өз мамандығы бойынша көп іс тындыруға болатынын бірнеше рет ескерткенін де айтып қалып еді. Дегенмен, әркім Алла тағала пешенесіне жазғанды көретіні рас. Бір сөзбен оны тағдыр деп атайды. Сонымен бірге Мұхтар Әлиұлы әлемдегі ең атақты американдық кардиохирург, 99 жыл өмір сүрген Майкл Дебейкимен таныс болды, Алматыға шақырған. Тұңғыш рет ортокоронарлық шунтирование операциясын жасаған ол 75 жылдық медициналық еңбек өтілінде 50 000 адамға операция жасаған екен. Ол ешкімді де – атақты патша, президент, қарапайым кедей деп бөліп қарамаған. “Терісін кескен соң, олардың бәрінің бірдей екендігін түсінесің” дейтін көрінеді.
Сондай-ақ, бұрынырақта түсірілген тағы бір документальды фильмде кәсіби журналистің:
– Мұхтар Алиевич, Сіз бүкіл елге танымал, “алтын қолды” хирургсіз. Тіпті жақындарының соңғы үміті өшіп бара жатқан аурудың өмірі үшін күрескенде Сіз Жаратушы иенің өзімен таласқа түсемін деп ойламайсыз ба? – дегенде:
– “Жоқ, олай ойламаймын.
Өйткені, Жаратушы иенің өзі оны маған жіберіп тұр емес пе? – деп, аспай — саспай жауап бергені әлі күнге дейін көз алдымызда. Міне, мұндай дана сөзді өзіне, өз ісіне сенімді нағыз дәрігер, шынайы шипагер ғана айта алар еді. Мұхтар Әлиұлы өткен ғасырдың ортасында өңбек жолын сонау Отырардағы Темір ауылындағы жеті жылдық мектепте мұғалімдіктен бастағанын көпшілік біле бермейді. Алайда, көп ұзамай ағартушылықтан бұрын ауылдастарының денсаулығын ойлап, медицина саласына бет бұрады. Оның өсу жолы – кез келген қазақ баласы үшін тағылымдама, үлгі-өнеге бола алады. Алматы медициналық институтын тәмамдағаннан кейін ауруханасы көп қаланың бір бұрышын сағаламай, көлеңке жерді паналамай, шалғайдағы туған ауылына барып, совхоз ауруханасының дәрігерлігіне кіріседі. Мұндай қадам жасағандар бар да шығар, бірақ ел түкпірінде жүріп, білімін жетілдіру мен ғылыммен айналысу екінің біріне бұйыра бермейтіні анық. Мұндай қасиет болмысқа, мінезге байланысты шығар. Өзінің туа бітті табиғатын сақтап қалған адам ғана биікке көтеріліп, атақ-даңқы алысқа жайылары хақ. Әйтпесе, емдеуші ауыл дәрігерінің 800 ғылыми еңбек, 58 кітап жазуы, Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі, Ә. Сызғанов атындағы Хирургия орталығының директоры, Қазақстан Республикасы Медицина ғылымдары академиясының негізін қалаушы әрі президенті лауазымына дейін көтерілуі жеке адамның жетістігі болғанымен, кез келген саналы, білімді адамға ой салатын тарихнама. Өзінің таңдаған мамандығына адал болуды үйрететін оқулық іспетті. Еліміздің Ғылым академиясының, Халықаралық шығармашылық академиясының, Ақпараттандыру академиясының, Нью-Йорк ғылым академиясының, ГФР Медициналық білім беру академиясының академигі Мұхтар Әлиев өмір бойы ізденіп, өз саласында жаңалық енгізуге тырысқан. Оның айғағы –151 өнертабысы үшін КСРО және Қазақ ССР патенттерінің авторы екендігі.“Қосылысқан сәулемен зақымданған жағдайдағы күретамыр арқаулығы” тақырыбында қорғаған докторлық диссертациясы да әлемдік медицина ортасында лайықты бағасын алды. Осы және басқа да сүбелі еңбектері өз елімізден бұрын шет елдерде мойындалып, бағаланғанын атап өткен жөн. Бұл жерде “XXl ғасырдың 500 негізін салушылар” (Кембридж, Англия), “XXI ғасырдың 2000 көрнекті интеллектуалдары” медалі, “Стратегиялық менеджмент үшін” алтын медалі мен лауреаты (Франция, 2002), “Әлем елшісі”, “Әлем азаматы”, Балтимор қаласының, Кентукки штатының құрметті атақтарын, еліміздің ең жоғары заң шығарушы органының екі бірдей шақырылымына халық қалаулысы болып сайланғанын да тілге тиек етуге тиіспіз. Иә, осындай еңбекті туған елі бағаламаудың қисыны жоқ еді. Базбіреулер қыстырма сөзді қанша бөктіріп бақса да, мыңдаған адамның өмірін өлімнен арашалап қалған қазақтың профессионал дәрігері, отандық медицина саласының үздік ұйымдастырушысы М.Әлиевке Алтын жұлдыз –айрықша белгісі бар “Халық қаһарманы” атағын беру халықтың қалауымен жүзеге асқаны аян. Ұлттық дәстүрге мән берген ол жыл сайын жаз айларында оңтүстікке келіп, қайырымдылық жасайтын. Әсіресе, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан ұлдарды сүндетке отырғызуды өзі бастап ұйымдастырып, бір де біреуін сүндет тойдың шашуынан да, сый-кәдесінен де, тарту-таралғысынан құр қалдырмайтын. Бұл – мұсылмандық мәдениетті дамытудағы Мұхтар Әлиевтің өз жолы еді. Ашығын айтқанда, өмірінің соңғы жағында отбасының, әр пенденің басына түсуі мүмкін қилы оқиғаларға байланысты түрлі әңгімелер, соның ішінде шындыққа жанаспайтын қауесеттер айтылып, жазылды да. Алайда, қашан да сабырлыққа мойынсұнған Мұхтар Әлиұлы келер күннен жақсылықтан үмітін үзбеді. Мұқағали ақын жырлағандай:
“Алдымнан атса болды ақ таңдарым,
Аялап, қарсы аламын бақтан да әрі.
Теуіп-теуіп, тас-талқан етер едім,
Тағдырдың маған құрған қақпандарын,
Алдымнан атар болса ақ таңдарым”,– деп армандап кеткен шығар деп топшылаймыз. Өйткені, өзімен бір ауылда өскен, шығарған әндерімен барша қазақтың рухын шыңдап өткен талант иесі Шәмші Қалдаяқовты еске алу кештерін бірге өткіздік. Фестиваль өткізуге көмегін көрсетті, аянып қалған жері жоқ. Тәуелсіз еліміздің таңы атқанда халық композиторының мұрасын насихаттауға атсалысқан тұлғаны халқы тек дәрігер деп емес, ел руханиятының жоқтаушысы ретінде қабылдады. Иә, “әділдіктің заты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді”. Жиренше шешеннен қалған осы сөз кейінгі ұрпаққа өсиет емес пе? Отырар деген жерден шыққан мұқалмас ерлердің, ардақты азаматтардың ұлтына көрсеткен қызметі, еліне сіңірген еңбегі – олардың бізге қалдырған аманаты. Аманатқа адал болайық, ағайын!
Дархан МЫҢБАЙ фб парақшасынан.