«Әділетті Қазақстан: Адал азамат. Өскелең ұрпақ»

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Абайтанушы Шәкір Ыбыраев: «Бүгінгі республикалық тамыз кеңесі түйінді мәселелердің тоғысқан тұсында өтіп отыр. Бізді қоршаған ортаның саяи-әлеуметтік, рухани-мәдени бағыттарындағы өзгерістері  түптеп келгенде дүниетанымдық және ұлттық құндылықтардың мән-жайына  пәрменді түрде ықпал етуде. Өз жағдайымызды уақыт, заман, қоғам, әлеуметтік өзгерістер  контекстінде пайымдау — бүгінгі күннің талабы. Оны бәріміз сезудеміз.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстан: Адал азамат. Өскелең ұрпақ» мәселесіне ерекше мән бергені, салмақты тәрбие ісіне салғаны кездейсоқ  емес. Бұл біздің саналы өміріміздің мәні, іс-әрекетіміздің өзіміз үшін де, қоғамымыз үшін де  маңызын пайымдайтын,  ары қарай не істейміз дейтін сауалды  және оған беретін жауапты  белгілейтін  межеге келгенгімізді білдіреді.  Себебі біз  бір қоғамда өмір сүріп,  әлеуметтік ортаның азығымен қоректенудеміз.  Қалай болғанда да, саналы адам «қоғам  қайда, мен қайдамын? Әлеуметтік ортаға менің көңіл-күйім, сана-сезімім қаншалықты  үйлеседі, мен өзім  ағымның жетегіндемін бе,  әлде оған  ықпал ете алатындай әлуетім бар ма  дейтін сауалдарды  қояды және қоюы тиіс.

 

 

Мемлекет басшысының  Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан сөзінде «Біздің қоғамда  ғаламтордың үстемдігі  құрып жатқаны, жас буынның негативті дүниелерді ажыратуға даярлықсыз  келетіні,  өскелең ұрпақ арасында  қатігездіктің, нашақорлықтың, қылмыскерліктің ықпалы белең алғаны»  ашық айтылды.  Демек, әлеуметтік ортаға біздің ықпал ету мүмкіндігіміз  әлсіреген деген сөз, бұл. Ортаны біз емес, бізді орта билеп-төстей бастаған.  Мұны мемлекет басшысы  «Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылдардың бір-бірін қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсету жиі болып кетті» көрсетеді.  Күн тәртібіне қойылған мәселе  шешілуі тиіс проблемалық ахуал нақтыланды. Шығар жол қайсы? Мұнда қоғам болып қимылдайтын мәселе  жетердік. Бұған әрине тыйым салу, шектеу, құрғақ ақылгөйсу, шешенсу, көсемсу альтернатива бола алмайтыны  анық.  Күресудің бірден-бір нәтижелі жолы —  дүниетаным және ұлттық құндылықтарға негізделген, өмірлік тәжірибеде тексеруден өткен,  жанашырлық және жауапты әрекетке көшу  деп білемін. Бұл бір тәрбие науқанымен арта салатын, қалған-құтқан сағатқа жүктей салатын, шетте жүретін шаруа емес. Біле білсек, бұл ұлттық  болмысымыздың, адами келбетіміздің, елдік әлеуетіміздің мазмұнына  сын болатын меже. Ұлт ретінде біз  кімбіз?,-дейтін сауал тұр.

 

 

«Әр адам өз өмірін өзі сүреді және оның проблема екенін сезінеді» дейді заманымыздың көрнекті  философ-психологы  Эльхром. Демек, үдерістің субъективті сипаты айқын. Алайда сырты фактордың рөлі орасан зор. Әсіресе негативті факторлар өскелең ұрпаққа өш. Заман еркіндігіне құрметпен қарай отырып, адамгершілік, әділеттілік бағытына қарай жөн сілтеу – сіз бен біздің  міндетіміз.  Сананың позитивті бағытын қалыптастыруда ата-ананың, әлеуметтік ортаның, оқу орнының, үйірмелердің, ұстаздың, тәрбиешінің рөлі зор, әрқайсының қызметін басқамен алмастыра алмайсыз. Бұлар тізбекті болып, әсіресе, ата-ана, мектеп, әлеуметтік орта  аса маңызды болуы керек,  арасындағы байланыс, өзара ықпалдастық  мемлекет тарапынан ойластырылған  бағдарламамен қамтамасыз  етілгенде барып  нәтиже күтуге болады. Себебі дүниетанымдық және ұлттық құндылықтардың, адамгершілік ұстанымдардың өзі нақтылауды, артық-кемін сараптап отыруды, ұлттың сапасы үшін іріктеуді қажет ететін ұғымдар.  Догма айтылған қағидалармен  алысқа бара алмаймыз.

Осы ретте бір ғана мәселеге тоқталып өтсем деймін.  Біз білетін халқымыздың  қонақжайлылығы, бауырмалдығы, бөтенді жатырқамайтыны, төзімділігі, қиналғанға қол үшін беретіні, жанашырлығы, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілігі бүгінгі күннің жетістігі емес. Керісінше, жоғалып бара жатқан қасиет. Бұл құндылықтарды ата-бабаларымыз  «әдейі бір жасайықшы, солай бір болайықшы»  деп ойлап тапқан  мінездемесі емес. Дала мәдениетінің  өзіңе де, өзге де, танитынға да, танымайтынға да бірдей мәміле жасауды өмірлік тәжірибемен бекіткен. «Біреуге не істесең, алдыңа сол келеді». Көшпенді тіршіліктің жасау шарты осы. Осы құндылықтарды біз ешуақытта жоғалтауымыз керек».