Ағаға ақ тілек

Ә. Әмзеұлы — 75

Азамат болып ардақты да білікті,
Атыңыз ерте ел аузына ілікті.
Кей кездері кедір-бұдыр мінезді
Болдыңыз басшы қатал әрі сүйікті.
Уа, қадірлі Әмзеұлы Әлібек,
Санадыңыз өнер өмір мәні деп.
Бастықтықпен қоштасқаныңыз болмаса
Басқа істе береріңіз әлі көп.
Қанша келіп, қанша рет түстіңіз,
Қатты кетіп қанша қанды іштіңіз.
Қайта-қайта келген қатал бастыққа
Қайыспаған мына біз де күштіміз.
Ұмытып кеттік бүгін соның бәрін де,
Қалтыратқан қаһарын да, кәрін де.
Әлі талай бастық басқа бұйырар
Әмзеев бірақ қайталанбас әрине.
Құдай сізді о бастан-ақ текті еткен,
Азаматсыз елге терін көп төккен.
Осы күнгі мәдениетшінің барлығы
Оқып шыққан Әмзеев атты мектептен.
Тұрлаулы тұлға, бірегей туған бір ерсіз,
Тағы бір жақсы жұмысқа табан тірерсіз.
Әкедей қатал, анадай қамқор басшы боп
Бәріміздің жүрегімізде жүрерсіз.
Сізге деген жақсы тілек бізде көп,
Не қыламыз оның бәрін тізбелеп.
Ізгі істерге із қалдырып өмірде
Асыл аға! Той жасаңыз жүзге кеп.
Ә. Әмзеұлынан
құтылғандағы құттықтау
Екеуміздің жүргеніміз бір өңір,
Екеуміздің сүргеніміз бір өмір.
Ең бастысы өлшеулі сол өмірде
Нұрлы, сырлы, жылы, сұлу сүре біл.
Жас кезіңнен жақсылармен жарастың,
Тамыр үзбей, туған жерге қарастың.
Екеуміз де еркесіміз бір елдің
Ақынға бай, батырға бай Таластың.
Есімде қанша келіп, қайта түскенің,
Бастық болдың бар бейімің, іске елің.
Есімде бірақ, әттегені-ай қалмапты
Қаншама рет қанымды менің ішкенің.
Бастық болдың басқалардан басқа, өзге,
Қасқыр болдың қарамайтын бас-көзге.
Бірақ, бірақ ұмытпадың ешқашан
Ұшқан ұяң Ел екенін жас кезде.
Өнердің бар тарауының білгірі,
Өзіңсің ғой мәдениеттің ділгірі.
Кек жоқ, бірақ жек көрсемде қимайды
Сендей Ерді жүрек деген құрғыры.
НАРША

Тайлақ Наршаұлы фейсбук парақшасынан