АҒАЙЫН АРАСЫНДА САҚТАЛУЫ ТИІС ҚАҒИДАЛАР

Дұрыс іні бола алмаған, дұрыс аға бола алмайды. Ағайын ара­сында бір жас үлкен не кіші болса да оған ағалық не інілік құрмет көрсету керек. Біреуі бай, біреуі кедей болса да екеуін алаламай, бірдей сыйлау шарт. Ағайын ағаңмен сырлас, әңгіме айт. Бір тірлігің болса барып ақыл сұра. Аға екенін сезіндір. Қас-қабағына қарап жүр. Сыртынан жамандама, әрекетін сөкпе. Сенің осы әре­кет­теріңді інілерің көріп, саған дәл сондай құрмет көрсететін бола­ды. Сен өзің ағаларыңды сыйламасаң, інілерің сені сыйла­майды.
Ағайындардың жағдайын сұрап тұруды әдетіңе айналдыр. Мүмкін бірі аш шығар, бірінің киімі жоқ шығар?! Мүмкін бір бауы­рың қарызын төлей алмай жүрген шығар?! Осының бәрін ойлап жүру – ағайынның міндеті. Иә, саған ашпыз, қиналып жүрміз деп айтпауы мүмкін. Сен үйіне бар. Шәй іш. Әңгімеге тарт. Бұл – сенің міндетің. Ағайынды қандай жағдайда да сөгуге хақың жоқ. Оған тығы­рықтан шығуға көмектесу – парызың. Қолыңнан келіп тұрса, жағдайың болып тұрса мейіріміңе бөле! Ағайынгершілік деген осы!
«Жаман қылығы мен жамандығы» үшін ағайынмен араласпау, оны бөлектеу, жиын-тойға шақырмау ағайынгершілік емес. Мықты болсаң, ақылды болсаң, көпті көрген болсаң «жаман» ағайыныңды түзеуге әрекет жаса. Тіпті түзелмесе де араласпай кетуге хақың жоқ. Ол сенің бір туғаның. Сенің қаның. Сенің балаларыңның қамқоры! Күн өз жылуын жаманға да жақсыға да бірдей төгетіні сияқты, сен де өз жылуыңды бәріне бірдей көрсет.
Ешқашан ағайынның сыртынан жаман сөз айтпа. Доста­рыңның, өзге жұрттың арасында ағайындарыңды кемсітпе. Жақ­сылығын асырып, жамандығын жасырып, мәртебесін көтеріп жүр.
Ағайының ең жақының екенін ұмытпа. Басқаға көрсеткен көмегіңді ағайыныңа да көрсет. Басқа жұртыңа жасаған жақсы­лығыңды өз ағайыныңа да жаса!
Жиын-тойда ағайыныңа арнайы дастархан жай. «Бұлар сол жиын-тойда қызмет етуі тиіс» деп бей-жәй қарама. Бай-бақуатты болсаң әлімжеттік жасама. Сенің ағайының болғандықтан да олар саған қызмет жасайды. Сол үшін де оларды құрметте. Қалған жұртың – қонақ. Қонақты құрметтеу міндет. Бірақ ағайынды құрметтеу одан да маңызды. Қазанның басында шәй беріп, сол жерден шығарып салма. Ұят болады. Олар сенің құрметтеп жатқаныңды сезінсін. Қонаққа жайылған дастарханда ағайынның да ақысы бар. Ешқашан ағайынды екінші орынға қойма! Кез-келген жағдайда олар бірінші орында!
Желіден алынды.