Ағалы-інілі ілтипат

Құлан өңірі талай тарланға талбесік болған құтты мекен ғой. Соның ішінде – Тұрар Рысқұлов ауданы бұрынғы Бірлес, қазіргі Сәлімбай ауылы да халықтық беделге ие болған көп дарабоздың кіндік қаны тамған жер. Менің 60 жылға жуық отасқан қосағым, асыл жарым, мемлекет және қоғам қайраткері Саттар Жанәбілұлы мен оның құрмет тұтар ардақты інісі Әуесбай Бақбергенұлы да осы Бірлестің бел баласы. Сатекеңнің танымал замандастары арасында аға буыннан Арыстан Өтеулин, Сейітхан Жошыбаев, Әлімбек Тасыбаев, Есіркеп Аманжолов сияқты елдің даңқты ұлдары да осы Бірлестен түлеп ұшқаны алдыңғы толқыннан үлгі алған ауылдағы ағайын үшін де зор мақтаныш. Өйткені, кейінгі толқын соларға қарап бет түзейді.

Бүгінде жетпіс жастың белесінен асып, ақсақалдық шағына абыройлы жетіп отырған Әуесбай Бақбергенұлы мен Саттар ағасы екеуінің өзара ағалы-інілі ілтипаты ерекше еді. Сатекең Әуе сбайды туған інісіндей жақсы көріп, жастайынан жақын тартып, мейірі түсті. Әуес інісі де ағалық қамқорлықты ақтап, адал еңбегімен есімі елге белгілі болған ағалардың ізін басып, өнер жолында өзіндік қолтаңбасымен көрініп, ұстаздықтың ұшпағына шықты.

1978-1985 жылдары Саттар ағасы Красногор ауданында ауком хатшысы боп жұмысқа ауысып, өзімен бірге Әуесбай інісін ілестіре кетті. 1982 жылы педагогикалық училищенің оқытушысы болып жүрген 31 жастағы жас жігітке ә дегенде ауданның мәдениет бөлімін басқаруды сеніп тапсырады. Бұл жайында облыстық «Ақ жол» газетінде, сол тұста Әуесбаймен бірге қызмет еткен бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов өз естелігімен бөлісті: «1982 жылы сол кездегі Красногор ауданының мәдениет бөлімінің басшылығына кадр керек болды. Жаңадан құрылған ауданда кадрлар жұтаң кезі. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әлмұқан Исақ ағамызға ел азаматы Саттар Жанәбілов жауапты қызметке лайық деп орда бұзар шағындағы дүр жігіт Әуесбайды ұсынды. Саттар аға – аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы. Партия қатарында жоқ, әрі педучилищеде қатардағы оқытушы боп жүрген азаматты бір ауданның мәдениет саласының басшысы етіп тағайындап жіберу – ол кезде де, қазір де ерлікпен пара-пар іс. Жас басшы ағалар сенімінің үдесінен шыға білді. 1984 жылы ауданда мәдениет саласын басқарып тұрғанда халық мақтанышы, ақын, әнші-сазгер Кенен Әзірбаевтің 100 жылдығы дүрілдеп-дүркіреп өтті. Мерейтойға орай Әуесбай досым «Ой жайлау» фольклорлық ансамблін құрып, өзі соның құрамында өнер көрсетіп, баян аспабында шырқады. Ұжым республикаға танымал боп, орталық қазақ телевизиясында 45 минуттық концерттік бағдарламасын да берді. «Ой жайлау» ансамблін екеуміз бірігіп, Красногорда бір ай жатып, бірге дайындағанымызды қазір сағынышпен еске аламын. Ре спубликамыздың мәдени өміріндегі айтулы іс-шараға арнайы келген сол ке здегі мәдениет министрі Жексембек Еркімбеков, Өзбекәлі Жәнібеков, Ақселеу Сейдімбек, Әбіш Кекілбаев, Жәнібек Кәрменов сынды көрнекті руханият өкілдері жоғары бағасын беріп еді» («Әуесбайдың әдебі», «Ақ жол» газеті, 22.04.2021 ж. 6 б.).

Әуесбай Бақбергенұлы Саттар ағасы екеуі «Ойжайлау» ансамблінің атағын аспандатуға барын салды. Олар жаңа өнер ұжымын қалыптастыруға бастамашы болып қана қойған жоқ, оның барлық құрылымдық жұмысының басы-қасында жүрді. Ансамбль Алматыға барып, қазақ телевизиясында концерт бергені өз алдына, Мәскеуге дейін барып, бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауына қатысқаны да облыс ауқымындағы айтулы оқиға болды. Аудан өнерпаздарының өнерін өрістетіп, мерейін үстем еткен Кеңес Одағы аясындағы байқау туралы аудандық «Қордай шамшырағы» газетіндегі мақаласында айтыскер ақын, өнер майталманы Күмісай Сәрсенбаева да жазған екен: «Жеңістің 40 жылдығына арналған Одақтық байқау 1983 жылдың қазаны мен 1985 жылдың мамыр айы аралығында 2 жыл бойы өткені мәлім. Кеңес Одағы елдерінің арасында өткен байқау еңбекші қауымның бос уақытын ұйымдастыруды жетілдіру, көркемөнерпаздар шығармашылығының барлық түрі мен жанрын дамытуға ықпал етуге арналды. Оның аясында көркемөнерпаздар ұжымдарының конкурстары, ән мен музыка думандары, үрмелі оркестрлердің марш-шерулері өтті. Байқауға одақтың барлық елінен жалпы 30 миллионнан астам адам қатысқан екен. Сол 30 миллионның арасында ауыл өнерпаздарынан құрылған «Ойжайлауымыздың» мерейі үстем болғаны аудан, облыс үшін ғана емес, тұтас республикамыз үшін де зор жетістік десек, әсіре сөз емес. Өкімет пен партияның бақылауы аса күшті заманда, екі тізгін, бір шылбырдың еркі өзімізде болмаған тұста бір топ өнерпазды бапт ап қана қоймай, күллі мемлекет атынан алпауыт Кеңес Одағы айдынына шығару Әуес ағайдың екінші бір ерлігі болды деп білемін. Бұл туралы 1984 жылы 21 қыркүйекте «Лениншіл жас» газетінде «Ұлы жеңістің 40 жылдығына» айдарымен шыққан фоторепортажда келтірілген мәлімет аса құнды: «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығына арналған көркемөнерпаздар творчествосының Бүкілодақтық байқауы өтіп жатқанына да біраз болды. Міне, осы байқауға Жамбыл облысы, Красногор ауданындағы жастардың «Ойжайлау » ансамблі жан- жақты дайындалуда. Құрамында 20-дан астам мүшесі бар бұл өнер коллективі концерттік программаларында халқымыздың шаңқобыз, сыбызғы, асатаяқ, тағы басқа көне музыкалық аспаптарын кеңінен пайдаланып жүр. Аудандық мәдениет үйінің директоры Сарқыт Әбдібаева – ансамбльдің белсенді мүшесі. Кененнің «Келінжан», «Бір бала» әндерін әншілер С.Әбітбеков, Ә.Тоқпамбетов және М.Әлімбаев нәшіне келтіре орындайды». 2 жыл аясында өткен Одақ көлеміндегі көркемөнерпаздар байқауына аудандық өнер ұжымының қатысуы аса зор жетістік болса, екінші жағынан «Ойжайлаудың» кәсіби дайындық деңгейінің жоғары болғанын айғақтап тұр («Одаққа аты шыққан ойжайлау», «Қордай шамшырағы» газеті, 29.06.2022 ж. 5 б.).

Аты шығып, мәртебелі тұғырдан көріне бастаған өнер ұжымының зор жетістігі ең алдымен Красногор ауданы басшылығының о сы салаға деген айрықша жанашырлық көзқарасымен байланысты еді. Ол кезде ауданның бірінші хатшысы болған Әлмұхан Исақов та үшінші хатшы Саттар Жанәбілев те руханият, мәдениет саласына ерекше жақын гуманитарлық мамандық иелері еді. Әлмұхан ағаның да Сатекеңнің де әу бастағы мамандықтары филолог екенін меңзегенім ғой. Әуесбай бастаған аудандағы мәдениет саласының тасы өрге домалауының бір себебі – аудан басшыларының өнер бағытына жан-жақты қамқорлық көрсетуінде жатыр деп айтқым келеді. Расында да билік тізгінін ұстаған жоғарыдағы басшылықтың қолдау-қолпаштауы болмаса әсіресе, мемлекеттік қызметтегі шаруаны өрге бастыру қиын екені айтпаса да түсінікті. Красногордың мәдениет бөлімін басқарған Әуесбай Бақбергенұлы да сеніп тапсырылған қызметке тиянақты жауапкершілікпен қарап, ұқыптылықпен атқарып, ауданда аздаған уақыт ішінде зор бедел- абыройға ие болды.

Биліктің талай биік баспалдағынан өткен Саттар Жанәбілұлы әуелде педагогикалық институттың филология факультетінің түлегі. Әлгінде айтқанымыздай, гуманитарлық мамандық иелеріне тән жүрегі нәзік сезімталдығымен қоса Сатекеңнің қаталдығы мен жауапкершілігі де қатар жүретін. Ол сөз қадірін де жете түсінгендіктен өнер, руханият саласына да талғампаз пейілі сонадайдан сезіліп тұратын. Саттар ағасы аудан жастарының көшбасшысы, аупарткомның идеологиялық хатшысы, кәсіптік- техникалық білім беру комитеті басшысы, облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы секілді үлкен қызметтерді «елге болсын» деген ниетпен шын беріле атқарғанының арқасында ел ішінде үлкен сый-құрметке ие болды. Мемлекет және қоғам қайраткері дәргей-дәрежесіне көтерілген Сатекең үлкенді-кішілі қызметте 46 жылдай қызмет етіп, еңбегі жанып, халықтың шын ықыласына бөленіп, абырой биігіне шықты. Қандай қызметте болмасын, азаматтарды бәле-жаладан, қиянаттан қорғауға келгенде ол еш аянбастан мұқтаж болғандарға қол ұшын созып, ақыл қосып, демеп-жебеп жіберуден еш тарынбайтын. Інісі Әуесбай да ағасы салып берген сара жолдан ауытқымай, жұрт игілігіне адалымен қызмет етуді борышым деп білді.

Әуесбай Бақбергенұлы алдыңғы толқын ағаларының тәлімін көп көрді. Ғазиз ғұмырдан көргені көп, тоқығаны мол ел азаматтарының қонақта отырғанда өзара айтылатын ғибратты әңгіме сі, орнымен айтылатын зілсіз әзіл-қалжыңы да жарасымды еді. Көп жыл бойы әріптес болып қоян-қолтық қызмет атқарған Саттар мен Әлмұхан Исақ ағаның өзара айтылатын қағытпа қалжыңы әрбір басқосудың сәнін келтіріп, көңілді отыруға сеп болушы еді. Сатекеңнің Әлағадан бір жас үлкендігі бар. Соны пайдаланып Әлекең отырыс басында Сатекеңнен астан алып отыруға рұқсат сұрайтыны бар. Сатекең кейде батасын қысқа қайырса: «Мына кісі ашығыңқырап келген- ау сірә, тезірек алайық», – деп бір түйреп қояр еді. Сатекең болса Әлекесінің кейбір әрекетіне сын ретінде: «Мен былтыр інімнің жасында мұндай емес сияқты едім», – деп қалжыңдаушы еді қарқ-қарқ күліп. Құрдасының қимылын бағып отырған Әлмұхан аға: «Келесі жылы мен де осындай болар ма екем, япырай», – деп отырғандарды ду күлкіге қарқ қылатын. Заманы құрдас ел азаматтарының орынды әзілі, ұлағатты тағылымына қанып өскен Әуе сбай ініміз де әр оңтайлы сәтте ағалардың текті тәрбиесін ризашылықпен еске алып, реті келген сайын алғысын айтып отырады. Көз алдымызда жүрген асқар бел азаматтардың қасымызда ұзақ жүре бергенін қалаймыз ғой. Алайда, бұл жалғанда әркімге өлшеп берілген өз өмірі бар екеніне илансақ та қиналамыз. Заманында мағыналы- мәнді ғұмыр кешіп, бүгінде өкінішке қарай, дүниеден озған Саттар, Әлмұхан ағаларының «рухтары шат болсын» деген пейілімен Әуесбай інілері оларды әркез дұғасына да қосып отыруды ұмытпайды.

Мына жарық дүние жаны жайсаң, жақсы адамдармен көрікті ғой. Қара басының жағдайын емес, көптің қамын ойлайтын кең жүректі, алып тұлғалы азаматтарымен ажарлы. Сондай қадірлі де, аяулы, абзал жанның бірі – ағалардың өнегелі жолын жалғаған Әуесбай Бақбергенұлы десем, ағат кетпеймін. Әуесбай бауырымыздың ел үшін еткен е с елі еңбегі т а лай мәрте бірнеше салалық министрлік тарапынан әбден лайықты еленіп жүр. Ол Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі», Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталды.

«Аға алдында пейіліңді көрсет, іні алдында мейіріңді көрсет» дейді дана халқымыз. Қазақи ұғымда інінің қашанда өзінен үлкен ағасын сыйлап, ақылына құлақ түріп, ілтипатты, ізетті болуы әрдайым дәріптеледі. Ағасы болса ініге мейірі түсе қамқорлық көрсетіп, қанатының астына алып, желеп-жебейтіні жарасымды. Ағаның мейіріне інінің пейілі бір-біріне сәйкесе үйлесімін тапса, қазақтың қанында бар бауырма лдық, ағайындық қатынастың берекесі артып, ынтымағы беки түсері шүбәсіз. Ағалы-інілі ілтипаттың тағылымы да осында.

Құралай ХАМИТҚЫЗЫ,

ҚР Білім беру ісінің үздігі.