Ағаш ексең, күнәң жеңілдейді
Ертеде бір қандықол қарақшы тәубе еткісі келеді. Ол Шайқы Бұрқы әулиеге келіп:
— Мен қырық жыл бойы қан төктім. Зұлымдықтан басқа іс жасамадым. Енді тәубеме келдім. Не амал жасасам Құдай күнәмді кешеді? – деп сұрайды. Шайқы Бұрқы:
— Жол шетіне жеміс ағашын ек. Өткен-кеткен жолаушылар саясына демалсын. Жемісін жесін, шөлін қандырсын ,-дейді.
Қарақшы жолдың жиегіне көп ағаш егіп, баптайды. Арада бірнеше жыл өткенде ағашы жайқалып, бақшаға айналыпты. Жолаушы демалып, керуен ат шалдыратын шұрайлы жерге айналады. Бір күні Шайқы Бұрқы жолаушылап келе жатып, қарақшының бақшасына кезігеді.
Бұл кімнің бағы? – деп сұрайды.
Бақтың иесі жоқ. Жергілікті жұрт «қарақшының бағы» деп атайды. Қарақшының өзі он жыл бұрын көз жұмыпты,- дейді.
Шайқы әулие бақтың жемісін жеп, сол жерде түнейді. Түсінде баяғы қарақшыны көреді. Ол жұмақтың бақшасында отыр екен. Төбесінен нұр тамшылап тұрады.
Шайқы: — Ей, Алла, бұл не хикаят? Қарақшының төбесінен нұр не үшін тамшылап тұр?- деп сұрайды.
Мұның еккен ағашының саясына сан адам келіп демалады. Жемісін жейді. Соның сауабы өзіне ахиретте өшпес азыққа айналады,- дейді. Шайқы Бұрқы ұйқыдан көңілді ояныпты.
Содан бастап ел арасында «ағаш ексең, күнәң жеңілдейді» деп насихат айтыпты.