АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ — САУАПТЫ ІС

Ауданымызды көгалдандыру және көркейту мақсатында бүгін Шу қаласы мен ауылдық округтерде жаппай сенбілік ұйымдастырылып, тал-дарақтар отырғызылды. Жыл өткен сайын дамып, тұрмысы тіктеліп келе жатқан ауданда экологиялық ахуал қашан да өзекті екені сөзсіз. Сол себепті де бұндай шаралардың маңызы зор болмақ.
Аудан орталығында орналасқан Оқушылар сарайының маңына түрлі ағаш көшеттерін отырғызып, жасыл желектің артуына атсалыстық. Сондай-ақ бұл игі бастамаға Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына орай аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов пен бірқатар халық қалаулылары да қатысты.
Үш сауаптың бірі-тал отырғызу десек, тал егудің адамзат тіршілігі үшін аса бір маңызды, қажетті іс екендігін аңғару қиын емес. Аталған игі іс алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бір айта кетерлігі, қаланы көгалдандыру тек әкімдіктің міндеті десек, қателесеміз. Өңірдің гүлденуі мен көркеюі тікелей тұрғындардың белсенділігіне байланысты. Егер әрбір азамат өз үйінің іргесіне, ауласына немесе көшенің бойына көшет отырғызса, ауданымыз көп ұзамай-ақ жасыл желекке айналары анық.
Бақытжан Оразалыұлы Жәнібеков Шу ауданы әкімі