Ағылшын тілі балаларға не үшін керек?
Бала — елдің болашағы. Ертең еліміз өркендейді ме, әлде дамудан кенже қала ма, оның барлығы бүгін балаңызға қандай тәрбие мен білім бергеніңізге тікелей байланысты. Бір кісі (Қонаев шығар деймін): «Жиырма бес жастағы жігіттің қылмыс жасауына жиырма бес жыл бұрынғы жиырма бес жастағылар кінәлі» деп айтқан екен. Яғни, баланың бағытына қара да, елдің бағытын шамалай бер. Бала деген бәрі бір-біріне ұқсайды, бірақ бәрі әртүрлі, өз алдына қайталанбас жеке тұлға. Ертең-ақ әрқайсысы мықты маманға айналады. Оның қандай маман болатыны көбіне-көп атаанасының тәрбиесіне байланысты екенін жоғарыда айтып өттік. Әрбір ата-ана баласының атақты, дарынды, мақтан тұтарлық, елдің бетке ұстары болғанын қалайды емес пе! Сондықтан олар тірнектеп жинаған табысын баласының білімін арттыруға, репетитор жалдап, артық бір нәрсе үйретуге жұмсайды. Содан болар, бала он жасқа жетпей жатып, неше түрлі курстарға, музыка, би, тіл үйрету үйірмелеріне қатысып үлгереді.
Баланы бір нәрсеге қызықтыра алсаң, өзіақ соңынан қуалап кетеді. Ақпаратты тез әрі толық қабылдайтын уақытта пайдалы ілімнің соңынан жіберуден артық дұрыс шешім жоқ шығар. Бүгінде Қазақстанның барлық мектептерінде ағылшын тілі оқытылады. Балабақшада әліппе мен біршама сөздерді меңгеріп шығады. Баланың болашағы үшін бәрі де. Барша әлем бір тілде сөйлеп кететіндей. Сондықтан ағылшын тілін үйренудің қажеттілігі туындайды. Онсыз жұмысқа тұру, адаммен сөйлесу, ақпарат алмасу, мамандық игеру мүмкін болмай қалады. Тіпті, Макдональдсқа жұмысқа тұру үшін де ағылшын тілін білу керек.
Сонымен, шет тілін, оның ішінде ағылшын тілін балаға не үшін үйрету керек?
Қазір басы артық бір шет тілін білгенің үшін еңбекақыңа қосымша ақы қосылады. Кейіннен резюмеңде бір шет тілі болмаса, қоқыс шелегіне қарай ысырылып қалатын заман тууы ғажап емес. Сондықтан баланы осы кезден бастап, болашақтың талабына дайындау қажет. Тіл білмегендіктен және бір-біріңді түсінбеген діктен, біреумен керісіп, төбелесетіндей жағдай туындап қалса, жұдырық ала жүгіргеннен гөрі, жай сөзбен түсіндірсең, көзің көгерусіз, киімің бүтін күйінде қалады. Дипломат деген сол үшін керек. Тіл үйрен де, өзіңді қауіпсіз сезін. Шетелге шығып жұмыс істеу үшін сол баратын еліңнің тілін білу міндетті. Онсыз бала күтуші, таксист, қонақүй қызметкері, круиз жасайтын кеме қызметкері, ұшақ стюарды секілді ақысы жақсы төленетін жұмыстарға орналаса алмайсың. Ақша жақсы төленетін гид-аудармашы, әдеби және жедел аудармашы сияқты мамандықтарға сай болу үшін бала кезден шет тілімен дос болу керек. Себебі үлкейген сайын ақпарат өте баяу қабылданады. Қашықтан жұмыс істеу деген нәрсе бар. Жай ғана үйде отырып, интернеті бар ноутбукты қосып, жұмыс істей бересің. Таңғы жетіде тұрып, жұмысқа кетпейсің. Бұлар кімдер дейсің ғой? Олар: программист, веб дизайнер, интернет-маркетолог, копирайтерлер. Бұлар қазіргі заманда аса жоғары сұранысқа ие. Бұл мамандықтардың бәріне ортақ талап — ағылшын тілін білу. Қаласаң да, қаламасаң да. Керек десең, компьютердің тілі де ағылшын тілі.
Қазіргі балалардың дамуы жылдам. Тіпті екі жастағы баланың өзі смартфонның ішінде зыр жүгіреді. Олардың бәрі шетелде жұмыс істегісі келеді, әлемдік нарыққа шығып, ірі кәсіпкер болғысы келеді. Әрине, ағылшын тілінсіз бұл арманға қол жеткізу мүмкін емес. Спорт саласында танымал болғыңыз келді дейік. Футболдан алдыңызға жан салмайтын мықты ойыншысыз. «Реал Мадридтің» сапында ойнағыңыз келсе, қайтадан… ағылшын тілін білуіңіз керек. Өйткені, қаптаған газет-журнал, телеарналардың журналистері микрофонын аузыңызға тосқанда, не айтасыз? Не сұхбат бересіз?
Орта ғасырлардағы зиялы қауым латын тілін білген. Ресей байлары француз тілінде еркін сөйлеген. Қазақ интеллигенттері арабша, парсыша хат таныған. Фараби 70 тілде сөйлеп, жаза білген. Ал сен ағылшын тілі қиын деп жүрсің.
Қазір сәнде ағылшын тілін білудің артықшылығы жоғары. Балаңызды жоғарыда аталған категориялардың қайсысына жатқызасыз? Балаңыздың және сіздің ата-ана есебінде мақсатыңыз қандай? Бұл туралы әлі ойланбаған болсаңыз, онда дәл қазір ол үшін ең ыңғайлы сәт. Қазір еккен дәніңіз ертең көз қуантатын жемістерін беретініне сенімім кәміл.
Мирас Кесебаев