Ахико Тецуро. Түнектен шыққан сәуле…
Біз мидай араласқан ақпарат заманының тым-тым асығыс адамдары тарихты сезінбей, жүрегімізден оның әрбір сәтін өткізбей жатып ұрандап, әлдебір науқаншылдыққа ілесіп белсенділердің лепірме сөзіне елігіп кетім жатамыз. Әрі осындай әрекеттерді жиі қайталаймыз… Тарих біздің ойлағанымыздай болса, біздің қазіргі әрекетіміз бен ұрандарымызға ыңғайланса деп ойлаймыз. Бірақ, ешқашан олай болмайды! Бүгінгі күн кешегі тарихтың жүріп өткен жолы, жасаған еңбегі. Біз кешегі тарихтың жемісі. Қалай десеңіз де… Тарихқа бұйрық бере алмайсыз, үкім шығара алмайсыз, ықпал ете алмайсыз! Тарихқа билік жүрмейді. Алайда, тарихты — өткен күннің әр кезеңін жаныңызбен сезініп, бүгінгі күнге деген кейбір ойларыңыз бен көзқарастарыңызды қайта қарауға әбден болады… Ол үшін кәрі тарихтың тірі куәгерінің өмір жолына үңілсеңіз де мол мағұлмат аласыз.
Қарағанды облысына қарасты Ақтас ауылында сексен бес жастағы Ахико Тецуро есімді ақсақал тұрады. Ұлты – жапон. 11 немере, 5 шөбере сүйіп отырған Ахико ақсақалдың қандай тағдыр иесі екенін жалпақ жұрт біле бермейді.
Ахико Тецуро 15 жасында тағдырдың айдауымен ГУЛАГ-тың Қазақстандағы ең ірі лагері – КАРЛАГ түрмесіне түседі. Он бес жастағы бала тергеушілердің қинауына көне алмай ақыры өзіне тағылған «жапон тыңшысы» деген жалған айыпты мойындайды. Сөйтіп, КАРЛАГ қара түнекке оранған тозақ апанына түседі. КАРЛАГ та сол кезеңдегі зиялылар, ғалымдар, оқымыстылар отырғаны, олардың адам төзгісіз қинау, зорлық көргені тарихтағы сталиндік кезеңнің қанды беттерінен белгілі. Жастық шағын КАРЛАГ түрмесінде өткізген Ахико он жылдан соң, 25 жасында босап шығады. Бостандыққа шықты деген аты болмаса, кеудесінде жаны ғана бар өлімші күйде қу сүйегін сүйретіп шығады. КАРЛАГ тан шыққан 25 жастағы жігіттің салмағы 24 кг болған екен. Осыдан-ақ, Ахиконың қандай күйде болғанын түсінуге болады. Жат жерде, ешкімге керексіз, өлім аузында түнектен жарыққа шыққан Ахиконы ес-түссіз жатқан жерінен қазақ әйелі тауып алып, аузына су тамызып, қарғыс атқыр соғыс жұтқан ұлдарының орнына баласындай бауырына басып, адам қатарына қосады.
Кейін заман оңалғанда Ахико ата жұрты – Жапонияға барып, әкесімен, бауырларымен, туған-туысымен табысады. Жапония Ахиконы қаһарман ретінде қарсы алып, тұрмысына, өміріне қажетті жағдайды жасап береді. Бірақ, Ахико Жапонияда тұрақтай алмай, Ақтасқа қайта оралады. Қандай құдірет қайта алып келгенін Ахиконың өзіне аян! Өзіне аян болатыны екінші рет дүниеге әкелген қазақ анасы, адам қатарына қосқан қазақ ортасы, қазақ жері…
Қанша жерден науқан салып, ұрандағанымызбен КАРЛАГ түрмесін көрген тағдыр иелері, оның қазаққа өзге жұрт өкілдеріне әкелген қасіретін, жазылмастай жанға салған жарасын, санада қалған терең ізін көрсететін драмалық шығарма осы күнге дейін қойылмаған екен. Міне, енді сол олқылықтың орны толып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында М.Әуезов театры Ахико Тецуроның өмір жолының негізінде жазылған спектаклді қазан айының 22 күні тұсауын кесіп, сахнаға шығармақ. Драматург Мәдина Омарова жазып, режиссер Асхат Маемиров сахналайтын «Ақтастағы Ахико» деректі драмасының басты идеялық тұғыры ол – адамның жасампаз, жігерлі рухы. Яғни, Ахико бейнесі арқылы сталиндік қан қасап жылдары ғазиз басы азапқа түскен ұлт ұлыларынан бастап, қарапайым жазықсыз сан мыңдаған адамның бейнесін, олардың тұтас жүйе сындыра алмаған болаттай берік рухын, қанша қинау, зорлық-зомбылық көрсе де өмірге құштарлығын, жарқын болашаққа деген үміттерін өлтірмей, адами бейнесін сақтай білген болмысы көрсетіледі.
М.Әуезов театрының 91 маусымдағы алғашқы прьемерасы – «Ақтастағы Ахико» спектакліне қатысты өткен баспасөз мәслихатында театр директоры, актер Ерлан Біләл Қарағандыға жолы түскен бір сапар кезінде Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековпен жолығып, әңгіме барысында КАРЛАГ жайлы тың мәліметтер естігенін айта келіп: «Музейді арнайы барып, көзіммен көрдім.Көзбен көріп, сезіну бөлекше әсер етті. Өте ауыр күйде бірнеше күн жүрдім. Ақыры, Нұрлан Дулатбеков мырзамен бірлесе отырып, Ахиконың тағдырын арқау еткен сахнаға лайықталған шығарма жазуды жоспарладық. Содан театрымыздың драматургі Мәдина Омарова Ахико Тецуроға әдейілеп барып, басынан кешкен өмірін өз аузынан жазып алып келді де, шығармаға кірісті. Сөйтіп, өзіндік ерекше қолтаңбасымен көрермен ықыласына бөленген режиссер Асхат Маемировті шақырып, қойылымды сахналауды ұсындық. Міне, бұйыртса, қазанның 22-23 күндері прьемерасын өткізгелі отырмыз» деді.
Міне, осылайша, тарихымыздағы қаралы беттердің бірі көркемдік биік пен терең психологиялық тартысқа толы образдар арқылы «Ақтастағы Ахико» қойылымымен көрерменге жол тартады. Басты рөл, яғни, Ахико образын сомдау ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Дулыға Ақмолдаға бұйырса, ана рөлін көпшіліктің көзайымына айналған актриса, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова ойнайды.
КАРЛАГ қапасында жастық шағын жерлеген Ахикодай адамдарды құр сүлдерін сүйретіп бостандыққа шығарған күш ол – өмірге құштарлық! Ол құштарлық түнектен шыққан сәуле іспеттес…
Театрда кездесейік!
М.Әуезов театрының Баспасөз қызметі