АIBA сайлауында Қонақбаев неге жеңіліп қалды?
Мәскеу қаласында Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) екі күнге созылған Конгресі өтті. Мұнда бірнеше маңызды мәселелер қарастырылды. Ең бастысы, ұйымның жаңа президенті сайланды. Бұл форум Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің құттықтау хатымен ашылды. Ал сайлаудың өзіне келсек, Азия ойындары аяқталған соң, АИБА президентіне үміткер ретінде бокстан Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев өз кандидатурасын ұсынған-ды. Кандидат 3 қазан күні қауымдастық президенттігіне 20 елдің жазбаша қолдауын өткізу қажет болған. Бірақ Қонақбаев белгіленген уақыттың ішінде барлығын тіркеп үлгермеген еді. Дегенмен, жерлесіміз соңына дейін күресіп, Швейцариядағы спорттық арбитражды сотқа (CAS) шағым түсіріп, сайлауға түсуге мүмкіндік алды. Лозанна – Халықаралық бокс қауымдастығының (АИБА) вице-президенті Серік Қонақбаевтың спорттық арбитражды сотқа (CAS) жіберген шағымы қанағаттандырылып, ол ресми түрде президенттікке үміткер атанды. Дегенмен, Мәскеудегі Конгресте өзбекстандық Гафур Рахимов жеңіске жетті. 67 жастағы Рахимовті 134 адамның 86-сы қолдады. Жеңіске жету үшін 70 дауыс жинау керек еді. Рахимовтің жалғыз қарсыласы Серік Қонақбаев қажетті дауысты ала алмады. Оны тек 48 адам қолдады. Шындығында, Конгресс алдында да, ол өткен кезде де Ресей тарапы Рахимовтің кандидатурасын ашық түрде қолдады. Біз өзіміз имандай сеніп, дос санап жүрген орыс жағы осылай күтпеген жерден «сыртымыздан» аяусыз соққы беріп, бізді өзбектерге жығып берді. Жалпы, Гафур Рахимовтың AIBA-ға президент болып сайлануы қазақ боксшылары үшін сынақ болары кәміл. Өйткені, онсыз да жемқорлыққа белшесінен батқан спорттың басына өзбекстандық азаматтың келуі қосымша қауіп екені шындық. Өйткені, аталған спорт түрінен екі ел де ірі держава саналады. Талай жылдан бері Олимпиада, әлем, Азия чемпионаттарында таласып келеміз. Биыл Джакартада бірде-бір боксшымыз алтын алмады. Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасында бозбалалардың өзіне талай қысастық көрсетілді. Оның үстіне, Серік Қонақбаевтың сот арқылы жеңіске жетіп, сайлауға түсуі де Рахимовтың шамына тиюуі мүмкін. Олимпиада бағдарламасында салмақтардың саны да қысқарып қалды. Осының бәрі біздің пайдамызға шешілмей тұрғанын айта кетуімізге болады.
Серік Қонақбаевтың өзі: «Шынымды айтсам, сайлаудың қорытындысына көңілім толған жоқ. Бірақ спорттың жанкүйері ретінде олимпиадалық бокстың болашағы үшін күресті жалғастыра беремін. Әлем боксшыларының Олимпиада чемпионы атанамын деген арманын орындау үшін аянып қалмаймын. Бұл істің соңы емес, керсінше реформаның басы десек те болады. Бұл боксты құтқаруға көмектеседі. Біз күресті тоқтатпаймыз. Әзірге бірінші раунд аяқталды, алда екінші раунд бар. Мені қолдаған азаматтардың барлығына алғыс білдіремін. Әсіресе, қазақстандықтарға. Біз біріксек ғана бокстың даңқын асырамыз»,— дейді. «Бәрі қолдан сусып шығып кеткен соң, айттың не, айтпадың не?» демеске амал жоқ.
Бокс әлеміндегі өзгерістер
AIBA конференциясында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Енді соған келсек. Бокс — салмақ дәрежелері жиі өзгеріске ұшырайтын спорт түрі. Содан да болар, тағы да салмақ дәрежелерінде өзгерістер болды. Токио Олимпиадасында бокстан ерлер арасында 8 салмақ бойынша медальдар сарапқа салынады. Ұзақ уақыт өзгеріссіз келген 48, 51, 54, 57 келі салмақтар жаңа қалыпқа келді. Бұл салмақтардың орнына 49, 52, 56 келі пайда болды. Енді, міне, Мәскеудегі Конгрессте бірден 2 салмақ қысқарып қалды. Токиода ерлер 52, 57, 63, 69,75, 81, 91 және +91 келі салмақтарда бақ сынайды. Бұрынғы салмақтардан 49 және 60 келі жойылды. Сосын 64 келіге дейінгі салмақ 63 келі болып өзгерді. Олимпиада ойындарына 214 боксшы қатысады. Есесіне, әйелдер арасындағы салмақ дәрежелері бесеуге дейін көбейді: 51, 57, 60, 69,75 келі. Жапонияда 72 бұрымды боксшы өнер көрсетеді. Алдағы Токио Олимпиадасына кәсіби боксшыларға қатысуға да мүмкіндік бар. Бірақ оларға арнайы шектеу қойылған. Кәсіби боксшы өз мансабында 15-тен артық кездесу өткізбеген болуы керек. Сондықтан да бұл тізімге Бейбіт Шүменов, Қанат Ислам, Геннадий Головкиндердің кіру мүмкіндігі жоқ. Егер 2020 жылға дейін 15 кездесуден кем өткізсе Данияр Елеусінов, Әли Ахмедов, Садриддин Ахмедовтер ел намысын қорғай алады. Тағы бір маңызды өзгеріс — әуесқой бокста наразылық беру процедурасының қайтарылуы. Техникалық комитеттің төрағасы Пэт Фиаконың айтуынша, әрбір құраманың жарыс кезінде екі протест беруге құқығы бар. Протест кездесу аяқталған соң, 15 минуттың ішінде жазбаша түрде қабылданады. Бірақ ол үшін 1000 доллар төлеу керек. Егер арнайы комиссия мүшелері протест берген тараптың шешімін қанағаттандырған болса, 500 долларын қайтарып береді. Мысалы, 2011 жылы Бакуде әлем чемпионаты өтті. Сол кезде украиналық боксшы Василий Ломаченконы 1/8 финалда төрешілер бразилиялық Робсон Консейсаоға жығып береді. Сол кезде Украина бокс федерациясы протест беріп, әділдікке қол жеткізген болатын. Ал 2016 жылы протест берудің жоқтығынан жерлесіміз Василий Левит Олимпиаданың алтынынан айырылып қалғаны жасырын емес. Риода Левиттен бөлек, ирландиялық Майкл Конланда төрешілердің әділетсіздігіне тап болған еді. Сондай-ақ, біздің боксшылардың ендігі жерде «Астана арландары» сапында өнер көрсетіп жүріп те Олимпиадаға бару мүмкіндігі бар.
Ермек Назым