Ай астындағы ашық сабақ

Біздің мектепте өзіміздің ботаникалық бағымыз болды. Ғимаратпен жапсарлас орын тепкен осы бақта жырға толы күндерімізбен сырға толы түндеріміз өтті. Жоғары сыныптың оқушыларына осы бақты суару жазылмаған заң еді. Бірде сумұраптың қызметін атқару кезегі келіп, түнгі кезекшілікке шықтық. Байділдә ағай басшы 10 а класының жігіттері қосшы. Әр сала бойынша сабақ берген мұғалімдердің де мінез-құлқы әртүрлі. Ал, биологиядан дәріс берген Бәйділдә ағай тіпті керемет адам.От пен оқтың, өрт пен шоқтың арасынан аман келген соғыс ардагері Байділдә ағай өте балажан кісі болатын. Ағайдың соғыстан кейінгі өмірінің мәні де сәні де білім ошағы болған. Талай ұстаздан таяқ жеген басымызға дәл осы ағайдың жұдырығы тимей, тек аялы алақаны маңдаймыздан сипапты. Осы кезекшілікте жамыраған жұлдыздары жымың қаққан ашық аспанның астында ағай бізге жадындағы сыр пернесін басып және жүрегіндегі жыр пернесін қағып ашыла ақтарылды. Бұл біз үшін ашық аспан астындағы нағыз ашық сабақ болды.Бәрімізге өз перзентіндей қарап, басымыздан сипап бар сырын ұғынықты тілмен түсіндірді. Біз құлағымыз қалқиып тек қана тыңдап отыра беріппіз. Оқыған- тоқығаны мол,көрген-түйгені көп ағайдың салиқалы сол сәттегі бейнесі көл-көсір білімді ұстаз ретінде жадымызда жатталып қалыпты. Өз жөнінде көп айтпайтын,басқа жұрт түбін түсіріп мақтап жатқанда кеудесін қақпайтын Байділдә ағай тегін адам болмай шықты.
Бірінші сыр.
-Айналайын шырақтарым, бұл қазақтың тарихы шерлі тарих. Әр парағын аударып, ақтарсаң қан саулайды.- деп сабырлы оймен Байділдә ағай әңгімесін бастады. Тарих пен қоғам тану сабағында естімеген осы бір «қан саулаған, шерлі тарих»деген сөздер біздің таным деңгейіміздің өлшемін парықтап бергендей болды.Әрі қарай ағай- сонау адам да заман да естен танған кезеңде қынадай қырылған халықтың көз жасын кімнің мойнына артасың- деді де қалың ойға беріліп, екі көзінен ыршып түскен қос тамшыны сүрте бастады.Ағайдың көңілі босаған сәтін көруіміз бірінші рет. Үнсіз мылқаудың күйін кешіп отырмыз.Ары-арықты қуалаған судың сылдыры ғана болмаса төңірек жым-жырт. Ілкім сәттен кейін ағай әңгімесін жалғастырды.
-Тарихта қара дақ қалдырып «нәубет, зұлмат» деген сөзбен таңбаланып қалған жылдарды еш ұмытуға болмайды. Олардың ешқайсы қазаққа опа бермеді.Алғашқы топалаң ,16 жылғы азамат соғысы. Әрі қарай 21-29 жылдардағы тәркілеу, үркіншілік кезеңі қазақ даласына үрей септі. Сол үрей әлі бойымыздан кеткен жоқ. «Соқыр атқа қотыр ат үйір болды» демекші арты ашарлыққа жалғасты. Сол аштықты көзбен көргендердің бірі менмін. Арқадан ауа көшкен зұлмат жылдар жадымда әлі жаңғырып тұр. Бар мал-мүлкінен тәркіленген екі жарым мыңнан астам шаңырақтан осы Шабақтының бойына жеткені бесжүздей түтін ғана. Сол аштықтан аман қалған шаңырақтың уықтары мына сендерсіңдер, айналайындар. Ол аздай Байқадамға жетіп,етек-жеңімізді жинап, басымызды енді көтере бастағанда 37-38 жылғы қуғын-сүргін бәрімізді баудай орап түсірді- деген ағай тағы да қалың ойдың орманына сүңгіді де кетті.
Әр сөзінде жүректің лүпілі бар ағайдың толғанысы бәріміздің көңіліміздің қоңырауын қаққандай болды. Ағайдың әр сөзінен маржан сүзіп, сырлы сезімінен лағыл теріп , ауа көшкен жұртпен сол аштықта бірге болғандай күй кештік. «Біз кімбіз?,Әкеміз қандай жан болған?,Қалай аман қалғанбыз?»-деген ойлар құрсауға алып, бір-бірімізге сұрақ жаудыра бастадық. Қалың ойда отырған ағай -соғыс, соғыс сендерді де бізді де аман алып қалған. Сол соғыс болмағанда сендердің аталарың біздің әкелеріміз халық жауы болып атылып , тұқымымыз тұздай құритын еді- деп басын әнтек көтеріп гүр ете қалды.
-Сонда қалай? Қарғыс атқыр соғыстың да қайырымы болған ба- деп бәріміз шу ете қалдық.
-Ия, бір өртті бір өрт жалмайдының кері келіп , сексеуілді сексеуілге ұрып сындырғандай, халықты бір-біріне айдап салып жалпақ жұрттың сағын сындырған саясат осы соғыстың арқасында тоқтады- деп ағай тағы бір бізге беймәлім сырдың ұшын қылтитты.
Екінші сыр
-Сол сұм соғыстың арқасында қазақтың қыры тылға айналды. Ал, қырдың қазағы жауынгер болып шыға келді. Халық жауы атанғандар да олардың балалары да майданға атттанды.Бір-біріне алакөз болған ауылдағы ағайынның арасында ауызбіршілік орнады. Бір кемпірді бір кемпір апа деп , бір -баланы бір бала ата деген күн кешкен қапалы күндер туды. Бұғанасы қатпаған балалардың балалық шағын соғыс деген сойқан кеп ала қашқан заманда мен де қолыма қару ұстап майданға аттандым- деп ағай сабырлы кейіппен екінші сырын ақтарды.
Жылда жеңіс күні қарсаңында ауылдағы майдангер біткенннің барлығының басы біздің мектепте тоқайласатын.Арнайы сабақтар өтіп ,тартымды кештер ұйыдастырылатын. Бірақ, сол майдангерлердің қақ ортасынан Байділдә ағайды көзіміз бірде -бір шалмапты.Орден-медальға кеудесін толтырып алған майдангер сияқты кердең басып жүргенін көрмеппіз.Қазақтың ақтаңдақ тари хында ізі қалған,жастайынан ашаршылықтың азабын көріп, жоқшылықтың кермек дәмін татып тар жол тайғақ кешуден өткен ағайға деген құрметіміз еселене түсті.Талайдың шаңырағын шайқап, уығын сындырған сұрапыл соғыстан аман келген ағайды бас сап құшақтай беріппіз.
-Сол сұм соғыста талай қазақ баласы жат елде жер құшты. «Кебін киген өледі, кебенек киген келеді» деген аталардан қалған бір сөз бар.Сол сөздің ақиқаттығын дәлелдеген жанның бірі мына менмін-деп бәрімізді одан сайын еліктіре түсті. Кебін мен кебенектің ара-жігін бағамдауға басымыз жетпейтін біздер ең оңайы соғыс жайлы сұрақтақтарды оқща жаудырдық. Ағай әңгімесін сабырмен жалғастыра бастады:
-Мен 1941 жылы 21 тамызда тура 17 жасымда соғысқа кеттім. Өмір қысқа деп кейде пәлсапа соғамыз. Әйтсе де сол қысқа өмірге көп нәрсені сыйғызуға болатынын түсінгіміз келмейді. Менің жастық шағымның жеті жылы соғыспен өтті.Бүкіл ел қырық бесінші жылы жеңіс тойын тойлағанда мен әлі қару ұстап жүрдім. Туға жеріме табаным тек 1949 жылы тиді.Сол жылы ғана мен үшін соғыс аяқталды.
-Ағай сонда сіз 49 жылға дейін қайда болдыңыз?- деп жан-жақтан сұрақтың астына алдық.Ағай болса көктегі жұлдыздарға көз тігіп ,ұзақ қарады да жайлап тіл қата бастады:
-Науқас адамның ауруының тарихы бар сияқты тарихтың да өз ауруы бар.Оны айту үшін шындықтан аз-кем хабарың болуы керек. Ал, сол таза шындықтың шымылдығы бар және сол шындықтың күнгейі мен терісскейі бар екенін ұмытпау қажет. Себебі шындықта кейде адамның көзін шығарып жібереді- деген ағай бәріміздің жүзімізге үңіле қарады да- жақсы жолдың ұзыны жаман жолдың қысқасы жақсы..Сондықтан ғұмыр жолдарыңда ешқандай соғыс болмасын,айналайындар — деп сөзін аяқтады.
Екі құлағымыз елеңдеп отырған біздер тәттіге тоймай қалған баладай томсырайдық та қалдық.Тұнжырап қалған көңілімізді көтергісі келген болу керек, орнынан тұрып ерсілі-қарсылы жүрген ағай тағыда бір сырдың кілтін ашты.
Үшінші сыр.
-Қарақтарым, өлім-ойран, өмір -майдан. Әгәрәки ,сендерді қызықтырса мен бейбіт заманның майданына қалай араласып , қалай мұғалім болғанымды айтайын- деп ағай үшінші сырын ақатара бастағанда бәріміз бір ауыздан «әрине қызықтырады» деп шу ете қалдық. Алдыңғы екі әңгімесін көңілсіз күйде бастаған ағай бұл жолы басқа кейіпке енді.Екі қолын артына қайырып алып, маңғаздана ерсілі-қарсылы жүре бастады.
— Жер адамның бесігі, ел бақыттың есігі. Туған жерімнің бесігі, бақытымының есігі ауылым армиядан келген мені айқара құшақтап қарсы алды. Еркек деген аты бар , майдангер деген атағы бар маған кез келген қызметтің есігі ашық тұрды. Бірақ мен көгенкөз қазақтың қара домалақ балаларын тәрбиелек ниетпен алғашқы жұмысымды интернаттан бастадым. Өйткені көйлегі көк, тамағы тоқ болса да ата-анасынан жырақ жүрген балалардың болашағы мені қатты толғандырды. Сосын өздеріңдей өрімдей өрендерді тәрбиелемек оймен пионерлер үйін басқардым-деп барып тоқтаған ағай үнсіз ойға шомып кетті.
-Сізді неге биолог Байділдә деп атайды ? – деген аңғал сауалды бірден дүңк еткіздік. Басымызда тек ағай әрі қарай тоқтап қалмаса екен деген ой тұрды.Тұнық ойға шомылып, мылқаудың күйіне көміліп тұрған ағай еріксіз күліп жіберді.
-Бұрынғылар «Тәшкен көрген бала»деген теңеуді көп айтатын. Ол оқу-тоқуды мақсат тұтқан жандарға арналған жағымды сөз. Тәшкен көрмесек те арман қала Алматыда білім алу бақыты бұйырды.1962 жылы Қазақ педагогикалық институтына түсіп, биолог пәнінің мұғалімі деген табақтай дипломды арқалап ауылға келдім. Биолог қат мамандық. Биология табиғаттың ағзасын зерттейтін ғылым. Табиғат- тіршілік. Ал,т іршілік ешқашан тоқтамайды. Жай адамның ғұмырынның өзі тіршілік.Бүгінгі мынау түн жамылып, мектеп бағын суарып отырғанымыздың өзі де тіршілік. Кәне, кімнің қандай қарсы уәжі бар – деп ағай бәрімізге ортақ сауалды ортаға тастады.Тіршілік пен өмірді біртұтастықта қабылдаңдар деп санамызға сәуле құйған ағайға қалай қарсы шығамыз. Ия, ия деп еріксіз бәріміз басымызды шұлғи бердік.
Ұлағатты тұлғаға айналған ұстазымыз Байділдә Сұлтанғазиев ағайымыздың үш сырын алдарыңызға жайып салдық. Мақсатымыз ұстазымызды ұлықтау.»Барлық мамандықтың анасы -мұғалім» деген тәмсілге бас ию. Жүрегіндегі жылулығымен тіршіліктің сұлулығын мойындатқан биолог Байділдә Сұлтанғазиев ағаймыз жер басып жүргенде биыл 100 жасқа толар еді. Тарихта ғалымның хаты, ғылымға өмірін арнаған адамны аты қалатыны бәрімізге белгілі. Осы орайда бала шақ пен болашақтың аралығындағы мектеп қабырғасында жүрген кезімізде табиғаттың есігін ашып, тіршіліктің бесігінде тербеткен биолог Байділдә ағай жадымызда жатталып, санамызда сақталып қалғанын айта кеткеніміз жөн. 100 жасқа толған ағайымыздың үш сырын шәкірттерінің жүрек сыры деп қабылдаңыздар.
Шоқан Шөжеев
Қазақтан Журналистер Одағының мүшесі.