АЙБАТЫНАН АЙ ЖАСЫРЫНҒАН ҚАЙЫР ХАНҒА ЕСКЕРТКШ ОРНАТЫЛУЫ ТИІС
Адамзат тарихында аты уақытпен бірге жасап, жыл өткен сайын жасарып, жаңғырып отыратын есімдер болады. Сарғайып барып, өшіп кетпейді, қайта мезгіл озған сайын түлеп, жаңарып отырады, Құрдымға батқандай болып, құрып кетпейді, қайта ел есіне түсіп, адами аңызы жалғаса түседі. Мұндай адамдар атын ата тарих бетінен көптеп кездестіруге болады. Солардың бірі және бірегейі – біздің жыл санауымыздың XIII ғасырында өмір сүрген Қайыр хан. Бұл жаһангер туралы тарихта аз жазылған жоқ. Қазақ тарихшыларынан тартып, күллі шығыс, тіпті батыс жылнамашылары да жазды. Әр тарихшы әртүрлі жазды, бірі оқиғаның оңынан келсе, екіншісі басқа жағынан келіп, болған істі мейлінше толықтыра түсті. Бұл жазбада біз сол бұрыннан елге таныс, айтылған оқиғаны қайталағымыз келмейді. Өзімізше ой айтып, кешегі тарихқа қалам тартқанымыз жөн. Әлқиса, енді аздап шегініс жасайық. Ол кез – мың бояулы Отырар қаласының аты әлемге мәшүр болып, даңқы шыққан кезі еді. Шаһар азиялық мәдениет пен өнердің ошағына айналды. Отырар жібек жолы керуенінің алтын бесігіне айналды. Кереметі сол, дәл сол шақта әлемге аты мәшүр шаһар кітапханасында ұлы Фараби оқыған, білім нәрімен сусындаған сан мыңдаған кітаптар көздің жауын алып, тізіліп тұрушы еді. Бұл мәдениеттің де ғұмыры санаулы екен…
Қала әкімі Қайыр хан, не болмаса Айланшық сұлтан болатын. Сонымен не керек, 1218 жылы 6 айға созылған Отырар шайқасы басталды. Шыңғыс ханның қара құмырсқадай қаптаған қалың қолы қаланы шыр айналдыра қоршап алды. Мұндағы болып өткен оқиғалар, Отырар соғысының басты себептері әлі күнге дейін бір ізге түсіп, толыққанды дәлелденген жоқ. Бір тарихшы ананы айтты, екінші шежіреші өз ойын дәлелдемек болып, мынаны алға тартты, сөйтіп, бұл тақырып жауыр болса да, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Негізі Отырар жылнамасы тек бүгін ғана емес, әу
бастан тарих сахнасына солай қилы тартыс, түсінбеушілік, алып-қашпа пікір білдіруден басталған. Бұған әйгілі жылнамашылар Ибн Әл- Асырдың «Кәмил ат- Тәбәрик», Ахмед әл-Нессауидың «Сұлтан Желал-уд-дин Мангибурти», Алай уд-дин Жувенидің «Тарих-и-Джихангуша» т.б. толып жатқан араб-парсы, тағы қытай тарихшыларының еңбектері дәлел болады. Бұдан кейінгі көптеген ғұламалар еңбектері де, осы еңбектерде айтылған шындық шеңберінен шыға алмаған. Тіпті бір қолжазбадағы тарих болмысын сөзбе-сөз қайталаған дүниелерде жетерлік. Шыңғыс хан Отырарға неге 450 саудагерді жіберді? Бұл жәй саудагер ме, әлде саудагер киімін киіп алған басқа адамдар ма, бұл сұрақ та шешімін таппай келеді. Көп тарихшылар ат-арбасына анау-мынауын тиеп келе жатқан саудагер деп қорытынды шығарады. Ал әйгілі монғол тарихшысы Эренжен Хара-Даван өзінің «Чингисхан как полководец и его наследие» /Алматы «Санат» еңбегінде бұған мүлдем қарсы шығады.» Отырарда 450 саудагердің өлім құшуы Шыңғысханның арыдан ойлаған құйтырқы жоспары еді» деген тосын ой айтады. Бір қызығы – белгілі орыс тарихшысы, шыңғысхантанушы И.П. Петрушевский де осы пікірді қолдайды. «Іс жүзінде бұл соғыстың бастамашысы Шыңғыс ханның өзі болды. Ол барлық кінәні Хорезмшахқа арта салып, өзін жергілікті мұсылман тұрғындары алдында исламның жауы емес қылып көрсете алатындай етіп әзірлей білді».
Әсілі осы соғысқа дейін де Шыңғыс хан Хорезм шахқа «сүйікті ұлым» деп әлденеше хат жазған көрінеді. Алайда Хорезм әміршісі оның жазған хаттарын
жауапсыз қалдырған. Бұл пікірді жазушы Әбіш Кекілбаев та мақұлдайды. «Шыңғысхан өзімен дәрежелес падишаға «Сүйікті ұлым» деп хат жазған. Онысы әлі жаулап алмай тұрып, басынғандық болатын. Бұл қай дербес мемлекет үшін де озбырлық саналатын «Талайғы Тараз» секілді Сұпы дарбазасын ашып берген Қараджа-Қажып әрекеті де әрқилы әңгімеленеді.
Қош, сонымен Отырар билеушісі Қайыр ханға тоқталайық. Қала адам төзбестей ауыр күйге түсті. Сырттан қалаға кіретін су көздері тоқтады. Және сырттан қала халқы үшін еш азық-түлік түрі енбеген. Отырарлықтар аштықпен қатар шөл азабын да тартты. Атылған оқ, жарылған заттардың ұшқынымен қоса, қалаға әрқилы сөздер жазылған қағаздар, шүберектер ұшып түсіп жатты. Басқыншы жау «… қарсыласпаңдар, беріліңдер, егер соғыссыз берілсеңдер біз сендерге тиіспейміз. Адамдарың өлмейді, дүниелерің бүлінбейді. Бәрі де баяғыша болып қала береді» деп өтініш білдірді. Алайда Қайыр хан олардың бұл ұсынысына құлақ аспады. «…өліспей беріспейміз, Отырарда тудық және сол топырақта өлеміз. Жауға берілу, сатқындық жасау біздің салтымызда жоқ нәрсе. Алданыш тірліктен, азапты өлім артық. Отырар үшін жан пида…» деп жауап қайырды. Және бұл сертін сөзбен емес, іспен дәлелдеп шықты.
Ақыры, аңдыған жау алмай қоймады. Сұпы дарбазасынан ішке құйылған қалың жау қаланы лезде басып алып, топырағын тозаң етті. Қайыр хан болса, 20 000 әскерімен қаланың ішкі бекінісіне жасырынды. Соғысты тоқтатпады. Жеңілеміз деп жасымады. Тек қана Отырар үшін алға ұмтылды. Күніне санаулы жасақ шығарып, соғысты жалғастыра берді. Соңыра қасына екі сарбазын ертіп, биік мұнараға шығып кетті. Қыздары болса, сарайдың кірпіштерін шығарып, әкесіне беріп тұрды. Екі серігі де, қыздары да оққа ұшқан. Ары қарай не болғаны белгілі. Отырардың ұлы ханы жараланған жыртқыштай болып, қандықол Шыңғыстың алдына жеткізілді.
…Манадан бері аспаннан қан жауғандай болып, тұнжырап отырған Шыңғыс хан кенет оқыс мінез танытқандай болған. Қаршыға көзінің жанары ұшқындап, өңіне тосын жылу жүгіргендей еді. Кенет алақанын жайып, алдына ұсынды. Онысы алдына кінәлі болып келген жанға жасаған кешірім белгісінің ишарасы еді. Жендеттер Қайыр ханды қос қабаттап байлаған бұғаудан босатты. Сәтке болса да, Отырар билеушісі бостандық сезінгендей еді. Миығында біртүрлі кекесін күлкі жүгіріп өткендей болған. «Азғын неме алдап тұр, – деп тіксінді іштей ширығып, – бұл маған берілген бостандық емес. Бұл аждаһаның арбауы, қулығына құрық бойламайтын неме нені меңзеп тұр екен?! Алайда ажалдың ауылы алыс емес». Жендеттер Қайыр ханды қолтықтап, Шыңғыстың тура қарсы алдына әкелді. Сәлден соң Шыңғыс кесе толы қымызды өз қолымен тұтқынға ұсынды.
– Отырардың оғланы, шөлдеген боларсың деп алдына қойды. Ал Отырардың оғланы қымыз толы кесені саусағының ұшымен кері итерді.
– Ішпеймін, өз сусыныңды өзің іш. Адам қанын ішіп, басқа сусынды ұмытып та қалған боларсың.
Шыңғыс мырс етті. «Бәсе, бұл осылай сойқан салса керек еді. Ақыры бәрі де мен ойлағандай болды. Мұндай жаумен көп тәжікелеспегенде жөн болар. Сонда да суыртпақтап, сыр тартып көрейін».
– Қайыр хан, – деді енді ысылдай тіл қатып: біз монғолдар ежелден елжүрек халықпыз. Біз батырлықты сүйеміз және батырларға деген құрметіміз де бөлек. Сол үшін де сен секілді арыстан жүрек алпауытты қайтып ажалға қиямыз. Біз сені өлтірмейміз. Шіркін, тура сендей жүз батырым болса, қара жер менің табанымның астында ыңырситын еді. Былай болсын, – деді енді тіптен көңілденгендей болып, – сен, біріншіден, тірі қалғаныңа қуан, екіншіден, менің қарамағымда қызмет ет. Қалаған жәйлі жұмысыңды таңдап ала бер.
«Сұмырайдың алдаусыратуын-ай, – деді Отырар оғланы дүниеден түңілгендей болып, – қарашы, қалай-қалай құбылады сұмпайы неме?! Осы әрекетімнен кейінгіге аңыз қалсын деп отыр ғой. Отырардың ханы алдыма келіп, аяғыма жығылды. Бұдан соң екі күндік тірлік пен мансапқа қызығып, қоластымда құлшылық етті дегенге сайып отыр. Жоқ, ол бола қоймас. Мың күндік ез тірліктен бір күндік ерлік өмір артық. Мен өз тағдырымды шешіп қойған адаммын».
– Оның бола қоймас, азбан Шыңғыс, – деген Отырар әміршісі ұлы қанішердің бетіне тура қарап, – бәрі де сен ойлағандай бола бермейді. Жалғанда жер басып, тірі жүріп, саған қызмет ете қоймаспын. Менің бұл фәнидегі тірлігім Отырармен бірге опат болған. Ойыңа не келеді, соны істей бер.
– Онда кейінгіге басқаша аңыз қалады.
– Ә, міне, жауыз болсаң да, керекті сөзді енді айттың. Сол аңыз еді, менің ендігі ғұмырымның қортындысы.
– Алайда ол аңызды естігенде, тірі жан түршігіп, жас ұрпақ шошитын болады.
– Азбан Шыңғыс, сен өйтіп сандырақтама, ол аңызды естігенде келер ұрпақ шошымайды. Қайта намыс пен ерлікке қайралғандай болып, жанында жасын ойнайды.
– Ойлан Отырар ханы, мен саған өмір сыйлап отырмын. Ал сен молаға жүгіресің. Өкініп жүрме!
– Өкінбеймін. Аяр тірліктен ақ өлім артық.
Сөз осымен түгесіп еді. Шыңғыс тұғырында шалқая бере, тікейіп отырды да, оң қолының сұқ саусағын шошайтты. Алып кет дегені. Жендеттер сүйрелей жөнелген. Сол күні Шыңғыс ханның қатал үкімі де орындалған. Қайыр ханның көзіне, құлағына, аузына балқыған күміс құйып, жанын жаһанамға аттандырды. Міне, бізге жеткен аңыз ырғағы – осы.
Отырар қырғынының болғанына биыл 800 жүз жылдан асты.Арада сегіз ғасыр өтсе де, Отырар оқиғасы, Қайыр хан ерлігі еш ұмыт болған емес. Ерлік елге ұран, ұрпаққа үлгі деген осы. Қазақ тарихында Қайыр хандай ерлік жасаған, елі үшін, жері үшін батырлық пен қайсарлықтың өшпес үлгісін көрсеткен адам кемде-кем. Қайыр хан ерлігі – қанша айтсаң да, айта бергің келетін, қанша жазсаң да жаза бергің келетін қазақи ерліктің ғажайып үлгісі. Айбатынан ай жасырынған, аты естілген жерде күллі дұшпаны жапырақтай дірілдеп тұратын, қарсы шығып соғыспақ түгіл, қылышын көтеруге мұршасы келмей «..мен сенің балаңмын, әкем болшы жанашыр. Жанымды қия көр, алдияр тақсыр. Сауға, сауға» деп алдына түсіп, жер бауырлап жалынған ұлттар, ұлыстар қаншама?! Хан Шыңғыстың құдіретіне құлдық ұрып, етегін паналап, елдігін сақтағандар да жетіп жатыр. Ал сол әлем жаулаушысымен 6 ай бойы арпалысу, 6 ай бойы берілмеу, тіпті ең соңғы тынысы біткенше айқасу дегеніңіз неге тұрады. Ол үшін біріншіден, Қайыр хан секілді шын мәніндегі өз ұлтының оғланы болу керек, екіншіден, қазақ болу керек. 13 ғасырдан бері арада сан ғасыр өтті. Әйткенмен адамзат тарихында Қайыр ханның ерлігіндей ерлік жер бетінде көп болған емес.
Ойды ой қозғайды, бірдемені жазу үшін де себеп керек. Бұл мақаланы жазам деген ой күтпеген жерден пайда болды. Қолыма «Ана тілі» газетінің 2018 жылы 15-21 ақпан, №7 санында жарық көрген айтулы ақын, ұлт жанашыры Болат Шарахымбайдың «Отырар қасіреті: Қайсарлық танытқан Қайыр хан» атты көлемді мақаласы түсті. Бұл мақаланы кезінде оқығам. Енді соны қайталап оқудың сәті түсті. Мен бұл жазбада пәлендей жаңалық ашайын деп отырғам жоқ. Мен Болат Шарахымбайдың осыдан 4 жыл бұрын көтерген идеясын жаңғыртып, қайталап айтуды жөн санадым.
Шыңғыс хан шапқыншылығында көп дүние күйреді, талай елдімекен елсіз далаға айналды. Шыңғыс сойқаны тек қазақ жерінде ғана емес,өзге елдерде де болды. Өзбектің Үргеніш шаһары да қирап қалды. Ал сол Үргеніш үшін болған шайқаста Хорезм шахтың мұрагері Жалол-ад-дин басқыншы жаудың бір бұлық әскерін талқандап тастайды. Бұл осы сапардағы Шыңғыс ханның қарсылас жақтан тапқан алғашқы жеңілісі еді. Үргеніш батыры Шыңғыс қолын тегіс қиратпаса да, ұйымдасса жеңуге болатындығының үлгісін көрсетті. Содан ары не болды дейсіз ғой. Болғаны сол өзбек акаларымыз Үргеніш батырының ерлігін ту етіп көтерді. 1999 жылы өз бахадурларының ерлігінің 800 жылдығын жыл мерекесі ретінде атап өтті. Дүркіретіп той жасады. Біздегі секілді жәй ғана той жасап, ішіп-жеп кетіп қалған жоқ. Үргеніш қалАсының төріне Жалол-ад-дин Менгубердінің зәулім ескерткішін орнатты. Өзбекстан Қорғаныс минИстрлігі үздік әскери қызметкерлер үшін «Жалол-ад-дин Менгуберді» орденін тағайындады. Міне, кешегі ерлік алдында өзбек акаларымыз осындай игі істерді жүзеге асырды. Ал біз ше? Біз неге өзбек секілді дегдар, ұлағатты халықтың игі істерін өз жерімізде жалғастырмаймыз? Қайыр ханның ерлігі Жалол-ад-диннен еш кем емес. Айғайлап тұрып айтуға болатын ұлы ерліктің куәсі. Ал, сол ерлікті неге айтпаймыз? Осыдан табандаған 4 жыл бұрын бүкіл елге жар салғандай болып айтқан айбозым ақын Болат Шарахымбайдың идеясы неге аяқсыз қалып отыр? Ақын өз мақаласында бәрін айтты, тайға таңба басқандай етіп, соқырға таяқ ұстатқандай етіп, әр сөзін шегелеп айтты. Сол ұсыныс неге шет қалды? Ойласатын нәрселердің бірі – міне, осы.
Қазақстанда бей-берекет қойылған көше аттары, уақыт талабына еш үйлеспейтін адам мүсіндері көп. Адам мүсіндері дейсіз, біздің елден адамнан өзге түрлі хайуанат т.б. мүсіндерді де кездестіруге болады. Батыс аймақтарда көп торайлаған доңыз, дүрегей иттердің де мүсіні бар. Ал сол есепсіз, ескерусіз қойылған көше аттарының ең болмаса біреуі Қайыр ханға бұйырмапты. Өзі жанын қиып, жанкештілікпен қорғаған Отырар төріне не болмаса өзге жерге мүсіні қойылмақ түгіл, қарапайым көшеге де аты жазылмапты. Бұл қалай, түсіну қиын. Неге елдігімізді айтып, ерлігімізді дәріптемейміз. Өзбектерден біздің қай жерімізі кем. «Ештен кеш жақсы» деген бар. Әлі де болса, өзбек секілді әлемдік өркениетке үн қосып отырған халықтың қарасына ілесіп, олар істеген игі істерді біздің де істегеніміз жөн.
Сөз соңында айтарымыз да белгілі. Ел азаматтарының көтерген идеясын дәріптеп, сол шамадағы игі істерді саналы түрде жүзеге асыруымыз керек. Ең негізгісі Отырар әміршісі Қайыр ханға өзі қорғаған Отырардан тартып, елімізге танымал аймақтарда, Алматы мен Шымкенттің, Тараз бен Түркістанның, Астана мен Атыраудың бір кәделі орындарға ескерткішін орнатуымыз қажет. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери қызметкерлер мен сарбаздарға арнап, «Қайыр хан» ордені де белгіленгені дұрыс деп ойлаймыз. Тек мүсін, орденмен ғана шектеліп қалмай, ұлы хан атында көше, салтанат сарайлары, түрлі әскери жарыстар, түрлі оқу орындарында әскери-патриоттық саябақтар т.б. керекті дүниелерді іске асыруды тезінен қолға алуымыз қажет.
Дәнеш АХМЕТҰЛЫ,
жазушы