АЙБЫНДЫ ҚЫЗМЕТТІҢ АБЫРОЙЛЫ АРДАГЕРІ
Біз бала күнімізден «Әскери комиссариат» деген ұғымды естіп өстік. Өйткені, аталарымыз кешегі сұрапыл соғысқа әскери комиссариаттан аттандық деп отыратын. Мектептің жоғарғы сыныбында оқып жүрген кезден бастап-ақ әскери тіркеуге алу үшін, әскери комиссариатқа шақыртатын.
Еліміздің Қарулы күштері мемлекеттің айбыны, халықтың қорғаны десек, осы Қарулы күштердің қатарын дені сау, Отанын қорғауға, әскери борышын өтеуге дайын жастармен толықтыруда, жұмылдыру әзірлігін қамтамасыз етуде әскери комиссариаттың мемлекетіміз үшін маңызы зор.
Биыл еліміздің Қарулы Күштерінің құрылғанына 32 жыл толды.
Бүгін 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қорғаныс қызметінің ардагері, Сарысу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде ұзақ жыл қызмет атқарып, ауданның дамуына, қорғаныс қызметінің нығаюына өзіндік үлесін қосқан Саражанов Жаңабек Марқабайұлы туралы әңгіме қозғауды жөн көрдім.
Жаңабек Саражанов шілденің шіліңгір ыстығы қайтып, тамыздың тамылжыған кезінде, 1956 жылы 20 тамызда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында (қазіргі Саудакент) дүниеге келген. 1973 жылы осы ауылдағы Байқадам қазақ орта мектебін ойдағыдай аяқтап, 1974-1976 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеген.
Еңбек жолын 1977 жылы Сарысу аудандық байланыс торабында монтер болып бастаған.
Бала кезден отбасындағы тәрбие, ата-ананы құрметтеу, тарихты білу, елді, жерді қорғау сияқты патриоттық тәрбиемен сусындап, елжандылық, Отансүйгіштік сезімдерді бойына сіңіріп өскен Жаңабек Марқабайұлының әскерге деген қызығушылығы мектепте жүрген кезден-ақ басым болды. Форма киемін, әскери боламын деген балалық шақтағы арманы әскери қызметке қарай жетеледі.
Арман алдамады. Айналып келгенде өмірлік таңдауы қорғаныс саласына түсті.
1983 жылы Сарысу аудандық әскери комиссариатына жұмысқа шақырылды. Ол кезде аудан орталығы Байқадам ауылы болатын. Әскери комиссариат Байқадамда орналасқан.
Қорғаныс саласының қызметі тәртіпті, жауапкершілікті, берілген тапсырманы нақты әрі тиянақты орындауды талап етеді. Сала жұмысы оңай болған жоқ. Талап қатаң. Әскерге баруға жасы жеткен аудан жастарын әскери комиссариатқа шақыру, есепке алу, жастарды әскерге жіберуді ұйымдастыру, оларды өзі бастап облыстық әскери комиссариатқа жеткізу, аудандық және облыстық әскери медициналық тексеруден толық өткен азаматтарды ең соңында облыс орталығының вокзалынан пойызға мінгізіп, аттандырып жіберу жұмыстарының басы-қасында жүрді. Аудан жастары кейде әскери тексеруден өту және әскерге аттануды күтіп, облыстық әскери комиссариатта апталап жататын. Сол жастардың жанында апталап, туған ағасындай болып ауданнан Жаңабек ағамыз жүретін. Буыны бекімеген балаң жігіттердің әкесі де шешесі де өзі болатын. Кезінде өзі әскерге шығарып салған ауданның барлық азаматтары Жаңабек ағаны «Біздің Жаңкең» деп атайды. Ағамыз еңбек еткен жылдары әскерге кеткен кез-келген ауылдастардан әскери тақырыпта әңгіме сұрай қалсақ, әңгімесін «Жамбылдың вокзалынан Жаңкең аттандырды» деп бастайды.
Тынымсыз еңбек, жұмысқа деген жігер, қызметке деген құлшыныстың арқасында Жаңабек аға осы саланың жұмысының үдесінен шықты. Атқарған жұмысы мен мол тәжірибесін бағалаған жоғарғы басшылық Мойынқұм ауданына аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің әскерге шақыру бөлімінің бастығы етіп жіберді. Бұл жауапты қызметті де Жаңабек Марқабайұлы абыроймен атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңдерді бастан өткерген Жаңатас қаласы мен Сарысу ауданы 1997 жылы қосылды. Аудандық әскери комиссариат Жаңатас қалалық біріктірілген қорғаныс істері жөніндегі бөлім болып құрылды.
90-шы жылдардың соңында Жаңабек Саражанов Жаңатас қалалық біріктірілген қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің әскерге шақыру бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жас мемлекетіміздің Қарулы күштері үшін де қиын болды. Жастардың әскерден қашуы, жалтаруы, әскерге бармауы белең ала бастады. Осы кезеңдерде Жаңабек аға тек қана әскерге шақыру жұмыстары емес, насихат жұмыстарына аса көп көңіл бөлді. Аудан әкімдігімен, аудандық білім, ішкі саясат бөлімдерімен, ауыл әкімдерімен бірлесе отырып түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ауған соғысы, Тәжік-Ауған шекарасында болғандар, Чернобыль, Семей полигонының ардагерлерінің ұйымдарымен бірлесіп, жастармен кездесулер өткізіп, Отанды қорғау, әскерге бару әрбір азаматтың парызы екендігін түсіндіру жұмыстарына ат салысты. Елді мекендерде ата-аналармен кездесіп, елдің егемендігін, тәуелсіздікті сақтау және нығайту үшін жас мемлекетті қорғайтын Қарулы күштердің қатарына жастардың көптеп бару керектігін айтты.
2005 жылы Жаңабек аға осы аудандық қорғаныс бөлімінен капитан шенінде зейнетке шықты.
Қорғаныс саласында, әсіресе әскерге шақырту, жұмылдыру жұмыстарында тәжірибесі мол Жаңабек Марқабайұлын көп ұзамай, 2006 жылы Тараз қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы жұмысқа шақырып, 2016 жылға дейін қызмет атқарды. Облыс орталығындағы әскери комиссариаттың қайнап жатқан жұмысына араласып, тәжірибесімен бөлісті.
Ұзақ жылғы қорғаныс саласындағы жемісті еңбегі жоғарғы басшылық тарапынан бағаланып, көптеген салалық марапаттарға ие болды.
Жаңабек аға жұбайы Жайдары тәтемізбен бірге 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, өсіріп, немере сүйіп, бейнеттің зейнетін көріп отырған ардақты ата мен әже. Балаларының барлығы жоғарғы білімді, әр салада жемісті еңбек етуде. Ағамыздың өзі де Жамбыл облыстық қорғаныс саласы ардагерлері ұйымының мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға араласып отырады. Алпыстың ортасынан асқан ағаның бойынан жастық жалынның лебі байқалады. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы «Барыс Қорған» ЖШС-нің қауіпсіздік қызметінің жетекшісі.
Тараз қаласына бара қаласақ, үйіне жиі соғамын. Әр түрлі тақырыпта әңгімелесеміз. Жаңкең ауданды, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сұрап отырады.
— Біз жастарды әскерге дайындауда біраз еңбек сіңірдік. Қазіргі заманда жастарға артылар міндет үлкен. Ер азамат елдің тірегі болған соң Отан қорғау ісінде жалындап тұруы керек. Жастар әскерге бару керек әрі әскери борышын абыроймен атқарып келу керек. Бойында жігері тасыған жастың рухы қашанда биік әрі берік болмақ. Біз аға буын өкілдері, кейінгі жастарға үлкен сеніммен қараймыз. Елін, жерін сүйетін жастарымыздың қатары көп болсын, — деп тілеп отырады айбынды қызметтің абыройлы ардагері.
Бүгінгі Отан қорғаушылар күні еліміздің Қарулы күштер қатарында, қорғаныс саласында қызмет еткендер мен оның сапында жүргендерге құрмет көрсететін күн.
Еңбек жолын қорғаныс саласының қызметіне арнап, Сарысу ауданының өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан Саражанов Жаңабек ағамызды осынау еліміздің айбынды мерекесімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағына құт-береке тілейміз.
А. Тілемісов
ҚР Журналистер Одағының мүшесі