Айдос Сарым – Биліктегі интеллектуалдардың жүгі қашан да ауыр
Менің ойымша, бүгінгі кезең қазақ үшін аса маңызды, аса тағдырлы кезең. Қазақ мүддесін іске асыру үшін қазақтың барша интеллектуал азаматтары бірігіп жұмыс істеуі қажет. Мейлі бір-бірін жек көрсін, мойындамасын, бірақ ұлт мүддесі, қазақ мүддесі үшін бір-біріне тиіспей, мұқатпай, аяқтан шалмай шынайы ұлтшылдық, мемлекетшілдік танытуы парыз, міндет.
Жалпы интеллектуалдардың жүгі қашан да ауыр. Ал биліктегі интеллект иелерінің жүгі – екі адамның бірі көтере алатын жүк емес. Көптеген дүниені, жайды ескере білу қажет, көптеген иірімнен ой мен идеяны шашқызбай алып өту керек. Бұл орасан зор салмақ.
Марат Тəжин ағамыз жылдың басынан бері көптеген игі істі кешенді түрде бастап кетті. Латынға көшу, 100 оқулық, ұлттық аударма ісін жаңғырту, Қасиетті география, Туған жер сияқты бағдарламалар іске асуда. Айналып келгенде осының барлығы да қазақ мүддесі үшін жасалып жатыр. Бұның бəрін жүргізу тек бюрократияның сыңыржақ мінезімен арпалысу, ескіліктің инерциясына төтеп беру арқылы жүзеге асып жатыр. Айналысып жүрген сол Марат Тəжин.
Марат ағамызды баяғы 1998 жылдардан бері білемін. Қарамағында, қол астында қызмет істеген кезім болды. Көп нəрсені үйрендім, түсіндім Мəкеңнің арқасында. Барша айтқанымен, істегенімен келісе бермеуім мүмкін. Бірақ Мəкеңді ең алдымен мемлекетшіл тұлға, жоғары сапалы интеллектуал ретінде мойындаймын. О кісіні орысшыл немесе басқа дегендерді тіпті ұғына алмаймын.
Қазіргі күні Мəкең Рухани жаңғыру деген бағдардың күнделікті қара жұмысын жүргізіп жатыр. Көптеген қарсылық бар екенін жұрттың бəрі көріп отыр. Сол қарсылықтың бірінші толқынын ғана өткердік. Ертең бүгінгіден де дүлей, бүгінгіден де орасан қарсылыққа тап боламыз. Талай айтысуға тура келеді. Осындай кезде ой мен парасат иелері бір-бірін ашық қолдамаса ла, аяғынан шалмаса екен деген тілегім бар.
Интеллектуал адамдардың барлығы дерлік міншіл, тəкаппар, кірпияз келеді. Əйтпесе интеллектуал болуы мүмкін емес. Олай болса сол интеллектуалдардың достығы демейін, ең болмаса бір-біріне іштей сыйластығы мен құрметі болғаны абзал деп ойлаймын.
Айдос Сарым,
Фейсбуктегі жазбасынан