Айдос Сарым: Қандастарымызды «қайтыңыз» деп емес, «көмектесіңіз» деп шақыруымыз керек
Қазақ диаспорасының миграциялық көңіл-күйі туралы бір зерттеудің қорытындысын көре отырып мынадай ойға келдім. Тәуелсіздік алғалы бері елімізге 1 миллионнан астам қандасымыз көшіп келген. Бұл бүгінгі Қазақстан халқының 5,5 пайызын құраса, ел ішіндегі қазақтардың 11-12 пайызы. Қазақ тек Қазақстан деген елде ғана өсіп-өне алады, қазақтың жалғыз ғана мемлекеті бар деген шетелдегі қандастарымыздың негізгі легі көшіп болды. Дегенмен шетелде әлі де 5 миллиондай қазақ бар.Олар тұрған жерлерін «отанымыз», «туған жеріміз», «қазақ жері» деп санайды. Негізі тыныс-тұрмысы жақсы. Этномәдени қажеттіліктері өтеліп жатыр. Отанында тұрып жатқандарға «Отаныңызға қайтыңыз!» деп ұрандаудың өзі қателік. Елдің тәуелсіздігін қайтсек күшейтеміз, қазақтың санын қалай көбейтеміз дегеніміз шын болса, шетелдегі қазақтарға «Қазақ мемлекетіне қайтыңыз!», «Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін сақтап қалуға ат салысыңыз!», «Сіздер ең алдымен қазақ мемлекетіне ауадай керексіздер!», «Арқаны қазақтың меншігінде сақтап қалуға көмектесіңіздер» деген ұран салуымыз қажет. Бәлкім осындай жаңа, тың ұрандар қазақ көшінің қайта жандауына ықпалын тигізетін болар деп санаймын. Бірақ бұл үшін Қазақстан қағаз емес, шын мәніндегі Қазақ мемлекетіне, барша әлем қазақтарының дүниедегі жалғыз мемлекетіне айналуы тиіс. «Қамшы» сілтейді
Qamshy.kz