Айдос Сарым: XX ғасырдың қайғылы тарихи оқиғалары бізді неге ештеңеге үйретпеді?

Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан жазушылар одағы ұйытқы болып өткізген «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты еуразиялық әдеби форум өтті

 

Астананың 20 жылдығына орай өткізілген мәдени шараға Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Латвия, Венгрия, Польша, Армения, Украина, Болгария, Моңғолия, Әзірбайжан және өзге де алыс-жақын шетелдерден келген көрнекті қаламгерлер, жазушылар ұйымдарының басшылары қатысты. Форумның ашылуы кезінде қоғам қайраткері, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым арнайы баяндама жасап, жалпы әдеби кеңістіктің кешегісі мен бүгінгісін салыстыра отырып, салиқалы ойларын ортаға салды. Біз төменде саясаттанушының баяндамасын қысқартылған түрінде беріп отырмыз.

 

«Тарихтың соңы», «Соңғы адам» туралы неге айтылды?

Ұйымдастырушылар-ға маған осы ауқымды форум алдына шығып сөйлеуге мүмкіндік бергені үшін және біздің кездесуіміздің басты нүктесі етіп әлемнің тіршілігі мен саясатында және әдебиетінде маңызды роль атқарған Азия және Африка елдері жазу-шыла-рының Бесінші Алматы Конферен-циясының 45 жылдығын таңдап алғандарына шын жүректен зор алғысымды білдіремін. Естеріңізде болса, сол конфе-ренцияға әлемнің 70 елінің қоғамдық қайраткерлері мен 215 әдебиетші, соның ішінде 55 африкалық және азиялық елдерден 180 жазушы мен ақындар қатысқан еді. Биылғы жылы аталған қозғалыстың өмірге келгеніне 60 жыл толып отыр. 1958 жылы Ташкентте Бірінші Конференция болып, оған 37 елден 204 әдебиетші қатысқан-ды. Сонда «Ташкент Рухы» атты арнайы Декларация қабылданып бекітілген-тін. Ол колониализм мен империализмге қарсы бағдарлама қабылдап, Азия және Африка жазушыларының Ассоциациясы құрылып, соның аясында «Лотос» атты әдеби-саяси журнал шығарылған болатын. Аталған форум жұмысы Азия және Африка елдерінің көпшілігіне тәуелсіздік алуда маңызды роль атқарды десем, артық айтқандық болмас деймін. Аталған алаңның бас демеушісі Батыстың ықпалын әлсіретіп, Азия және Африка құрлықтары елдері халықтарының сүйіспеншілігін өздеріне қарай аударуға күш салған Кеңестер Одағы болғанын жасырудың қажеті жоқ. Бәлкім, КСРО-да Қайта құрудың үшінші жылы Конференция жұмысы тоқтап, Ассоциация құрылым ретінде өмір сүруін тоқтатқаны содан болар. Дегенмен, қалай десек те, осы 30 жыл ішінде Ташкент, Каир, Бейрут, Дели, Алматы, Луанда, қайтадан Ташкент, сосын Тунисте 8 конференция өткізілді. Форумның негізін қалаған аталары ретінде Назым Хикмет (Түркия), То Хоай және Нгуен Тхи (Вьетнам), Бхишам Сахни және Мукерджи (Индия), Курихара (Жапония), Фаиз Ахмед Фаиз (Пәкстан), Мамонсоно Пинди (Конго), Абдулла Наиби (Ауғанстан), Юсеф ас-Сибаи және Нагиб Махфуз, Гамаль аль-Гитани және Юсеф аль-Куаййд, Эдвар Харрат (Египет), Ат-Тайиб Салих (Судан), палестиналық жазушылар — Гассан Канафани, Яхья Яхлюф, махмуд Дервиш, Муин Бсису, Самих аль-Касем, Эмиль Хабиби және Тауфик Зайяд, сириялықтар — Ханна Мина, Саадалла Ваннус, Саид Хауранийя, Ильфат Эдельби, Али Окля Орсан, ирактықтар — Мухаммед Джавахири, Саади Юсеф, Гаиб Туама Фарман, ливиялықтар — Ибрагим аль-Куни, Ахмед аль-Факих, алжирлықтар — ат-Тахир Ваттар, Абдель Хамид Бен Хаддуга, тунистіктер — Мухаммед Ляруси Аль-Матви, Мустафа аль-Ферси, Омар Бен Салем, Мухаммед Салех аль-Джабери, мароккандықтар — Абдель Керим Галляб, Мухаммеда Шукри және Мухаммеда Зафзафа сынды корифейлердің аты-жөндерін атамай кетсек, бұл әділетсіздік һәм дұрыс болмас еді. Форум жұмысына Кеңестік жазушылардың да сүт бетіне шыққан кілең қаймақтарының бәрі қатысқан-ды. Олардың арасында Расул Ғамзатов (Дағыстан), Мирзо Турсун-заде, Сарвар Мумин Каноат (Тәжікстан), Шыңғыс Айтматов (Қырғызстан), Мұхтар Әуезов бастаған Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Әнуар Әлімжанов, Тахауи Ахтанов сынды т.б. көптеген Қазақстан жазушылары бар.
60 жыл өткеннен кейін бүгіндері әлгіндей форумға енді жаңа жағдайда, жаңа форматта Қазақстанның жаңа астанасы — Астана қаласында жиналып отырмыз. Адамдардың әрбір ұрпағы қайта-қайта өзекті сұрақтардың жауабын іздеуге мәжбүр. Ташкент форумынан бері көптеген дәуірлік оқиғалар болып өтті. Адамзат жақын ғарышты игеріп, алысқа көз тіге бастады. Әлемді билеу үшін алпауыт мемлекеттер арасында үлкен қақтығыстар болды. Әлем ядролық апат алдында тұрды, мейірімділік күштері күш біріктіріп, табанды күрес жүргізумен оның қатерін сейілтті. Сосын көпғасырлық империялар күйреп, әлем картасы көптеген жаңа мемлекеттермен толықты. Елдер көпғасырлық түнекті жеңді. Ғылыми-техникалық прогресс пен ғылымды дамыту бұған дейін болып көрмеген оптимизмге негіз қалады, қайсыбіреулер «тарихтың соңы», «соңғы адам» туралы айта бастады. Аталған мәселелер бүгіндері де алдымыздан қайта шығып отыр. Біз тағы да ядролық шиеленіс қатері алдында тұрмыз. Біз тағы да ғасырлық тағылықпен, діни және саяси көрсоқырлықпен, геноцидпен, төзімсіздікпен, фанатизммен, ксенофобиямен, шовинизммен күресудеміз. Әлемде тағы да босқындар пайда болды. Базбір жерлерде гуманитарлық апат, аштық елестері бой көрсетуде. Жаңалықтар лентасында тағы да үлкен және кіші соғыстар көлеңкесі көлбеңдеп көрініс тауып, адам қаны төгілуде.

 

Құлдар жаңадан ештеңе жасамайды

Ал сонау кездерде Кеңес құрылысы әлемдік құлданушылықпен, империализммен күресіп жүріп, бұрындары патшалық Ресей қанаған өз құрамындағы ұлттық республикалар мен сонда өмір сүріп жатқан халықтардың тағдырын назардан тыс қалдырды. Бір қызығы, жоғарыдағы әлемдік колониализм және империализммен өздері қаналған, құлдыққа жегілген жазушылар күресті. Бірақ ештеңе де босқа кетпейді екен. Әлгі Азия және Африка елдері жазушыларының конференциясы кезінде ресми баяндамалармен қатар жеке кездесулер, сұхбаттар мен әңгімелер де өтті. Олардың ұлттық республикалар әдебиетіне қаншалықты ықпал еткенін ой-санамыздан өткізу алдағы күндер еншісінде. Сондықтан сол кезеңде кеңестік ұлттық республикаларда тамаша тарихи романдар мен рухани поэзияның көптеп туғанына таңдануға болмасы анық. Кеңестік жазушылар азиялық және африкалық әріптестерінің ой-санасын оятып, олардың кеуделеріне еркіндік рухын сіңірмек болды. Оның нәтижесі көп күттірмеді. Сөйтіп КСРО империя ретінде заңды түрде күйреді, бұл бізге Еркіндік пен Тәуелсіздік берді. Бұрынғы КСРО республикалары үшін Тәуелсіздік алу уақыт жағынан Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі демократизациялау процесімен тұспа-тұс келді. Өзіміз де, әлем де біз шығысеуропалықтар сияқты коммунист болуды қойып, доллар санауды үйренсек болды деп есептедік. Ал бізге, шын мәнінде құл болуды да доғару қажет болатын. Өйткені құлдар жаңадан ештеңе жасамайды, олар қожайындары мен өз шынжырының ұзындығы арасын таңдауға ғана қабілетті. Бәрінен жаманы, біз саясаткерлер алдында мәтіндер болғанын, алдымен олардан саясаткер өсіп шығатын ақындар мен жазушылар пайда болғанын ұмыттық. Ал соңыра соңғылары ақындар мен жазушыларды тез ұмытты, ал, ақындар мен жазушылар өздері жазған мәтіндерді ұмыта бастады.
«…сәби туған кезде оның бойында өзіндік қайталанбас қасиеті мен белгілері болуы қажет екенін ұмытпау керек. Таза механикалық, шығармашылық емес басқа топыраққа апарып еккен ең тамаша жетістіктердің өзі — қанатсыз ұқсау ғана, ол қайсыбір әдебиеттің дұрыс даму процесін тежеп қана қоймай, оны бет-бейнесінен айыруы мүмкін. Мұндай қатер кейде пайда болады, оны алдын ала көре білу керек. Өйткені, қазіргі күнгі күрделі әлемде ойды интенсивті стандарттау, унификациялау, теңестіру процестері жүріп жатыр. Біз өзімізге-өзіміз индустрияда, қалалар мен жолдар құрылысын салуда пайдалы нәрсенің замануи адамның рухани өміріне зор зиянын тигізуі мүмкін екеніне айқын есеп беруіміз қажет. Адам тұлғасын теңестіру — ерікті, еркін рухты өлтіріп, тағдырға мойысұнуға тәрбиелеу деген сөз. Неоколониализм, міне, соған ұмтылады. Өз иелігін тастап кетуге мәжбүр болған ол сонда өзінің тәңірлерін, ұқсауға ұмтылатын өз модельдерін қалдыруға талпынады. Біз өзін қатерден сақтайды деп сеніп, басын құмға тығатын түйеқұсқа ұқсамауымыз керек. Біздің әлемде болып жатқан әділетсіздіктерді елемеуіміз — кешірілмес жеңілойлылық, үлкен әділетсіздік болар еді. Жазушылар, әрине, мұндаймен келіспейді. Олар Вьетнамдағы соғысқа, агрессияның күллі Үндіқытай түбегіне кеңейіп жайылып кетуіне қарсы шығып, Таяу Шығыстағы шиеленістердің бейбіт жолмен шешілуін талап етті…». Бұл — менің сөзім емес. Бұл — 1970 жылы 17-20 қарашада Индия астанасы Делиде өткен Азия және Африка елдері жазушыларының IV конференциясында Ғабит Мүсіреповтың баяндамасынан алынған үзінді («Простор», журналы, 1971 ж, №1, қаңтар). Ғабеңнің осы сөзін оқи отырып, менің ойыма: «20-ы ғасырда орын алған қайғылы тарихи оқиғалар бізді ештеңеге үйретпегені ме? Тарих бізді бірдеңеге үйрете ме өзі? Сол тарихтан біз сабақ аламыз ба?» — деген сауалдар келеді. Осы сауалдарды осында отырған құрметті аудиторияға да арнаймын.

 

Ең қорқынышты күш — масондар да, қытайлар да емес — идиоттар

Жалпы, кез келген адамның өзі сүйетін цитатасы болады. Ондай цитата менде де бар. Менің бірінші сүйікті цитатам Ницшеден. Ол: «Мәдениет — қайнаған хаос үстіндегі нәзік алма қабығы ғана»,— дейді. Шындығында мен де мәдениет — ең басты негіз қалаушы деп санаймын. Себебі, барлық тарихи, саяси шиеленістер осы басты нәрсе — мәдениеттің әлсіреуімен, оның құруымен байланысты болып жатады. Ең сорақысы, осы келеңсіздіктердің бәрі ең алдымен жазушылар мен әдебиетшілердің мәдениет идеалын сатып кетіп, өздері зұлымдық күштерінің тыңшылары болуымен байланысты өрбиді. Ешбір өзгеріс егер олар мәдениетке айналмаса, ұзақ өмір сүрмейді. Қуақылар айтқандай: өркениет — ойлап табылған унитаз, мәдениет — соны күн сайын дұрыс пайдалану. Екінші цитата — өткен ғасырдың ақылды экономисі, ойшыл Джон Мейнард Кейнстікі. Ол: «Экономистер мен саясаткерлердің идеялары — олардікі дұрыс, иә қате болса да, біз ойлағандай емес, зор мәнге ие. Шын мәнінде әлемді тек солар билейді. Өзін интеллектуалды ықпалға берілмеймін деп санайтын қарапайым адамдар, әдетте әлдебір бұрынғы экономистің құлы болып табылады»,— деген. Әлемдегі ең қорқынышты ұйымдасқан күш — масондар да, қытайлар да, америкалықтар да емес — идиоттар. Олардың барлық жерде сенімді жақтастары, тыңшылары бар. Әлемді саясаткерлер, олигархтар, әскерилер емес, әлемдік ойшылдар, ойды шолушылар билейді. Бұған келіспеуге мыңдаған желеу тапсақ та, шынайы ақиқат — осы. Қазіргі Ғаламтор және ақпараттық технологиялар заманында санмен ойлап, бәрін пиксельмен, байтпен өлшеу сәнге айналды. Бірақ шынайы әлемде бәрі — мәтіндер. Мәтіндер кез келген нәрсеге қарата айтылуы, кез келген тасымалдаушы арқылы беріліп, кез келген өлшемде өлшенуі мүмкін, бірақ, әлемді нақ солар билейді. Соған сәйкес, әлемді мәтіндерді құра алатын, тарихты айта алатын адамдар билейді. Қайсыбір тұрғыдан алғанда адамдар оқылған, өздеріне түсінікті кітаптар жиынтығы сынды. Олай болса, қазіргі заманғы кез келген шиеленісті шешу әлгіндей мәтіннің қаншалықты тез пайда болып, оқиғаны соған дейінгі және кейінгі кезеңге бөліп, адамдардың барлығын дүр сілкінтіп, оларды өтіп жатқан оқиғаларға басқаша көзқараспен қарап, оның болашағын басқаша болжауға мәжбүрлеуге тәуелді болмақ. Осы жерде: «Осындай мәтіндер дер кезінде неге пайда болмайды?»— деген сауал туындайды. Меніңше, бұл күрделі, екіжақты мәселе сияқты. Мейірім — тез бола бермейді. Тек қателіктер мен қылмыстар ғана жылдам болып, науқас тез өтуі мүмкін. Ал жіберген қателікті түзеу көп уақытты, төзімділікті талап етеді. Жазушылар — жай әлем емес, сол әлемді құрушылар. Адамзаттың жетістігі мен құлдырауы жазушылар мен әлеуметтік ойшылдардың ақыл-ойларының кеңдігі мен тереңдігімен байланысты. Адамзат тарихы — ең алдымен ой мен идеялар тарихы. Бізге осы жазушылардай маяктар керек. Кезінде Уинстон Черчил айтқандай, жетістік — оптимизмді жоғалтпай, бір сәтсіздіктен екіншісіне қарай қозғалу ғой. Ендеше, баршамыз оптимист болып қалайық!

Дайындаған —Ермек Сахариев