ӘЙЕЛ БИЛЕГЕН ҚОҒАМДА ҰЛ БОРКЕМІК, ҚЫЗ МАНСАПҚОР БОЛАДЫ
Немесе гендерлік саясат қазаққа керек пе?
Би-ағаң күлдіремін деп бүлдірген-ау, сірә!
Гендерлік саясат туралы әңгіме қозғалса менің есіме сап етіп Бейімбет Майлиннің «Раушан коммунисі» түседі. Неге екенін білмеймін. Раушан жаңа заман әйелінің жиынтық образы ғой. Сөйте тұра «Байтал шауып бәйге алғанын» дәлелдеген қатын. Кеңес үкіметінің теңдік ұранының құрбаны. Көркем шығармада негізгі оқиға – Раушан мен Бәкен арасында өтеді. Екеуі әу баста бір-бірін ұнатқан, жарасты отбасын құрған адамдар. Өмірлері де жап-жақсы басталыпты. Алайда, жаңа Кеңестік уақыт келе ел ішіндегі қатын-қалашты өкімет ісіне тарту жайы қолға алынады. Әйелдерді жинап, жиын өткізіледі. Белсенділерді сөзге тартады. Қысқасы, әйел мен еркек арасында теңдік орнауы тиіс. Ол теңдік тек отбасында ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да көрініс табуы қажет…
Алайда Биаға, кеңестік жүйенің ығына жығыла отырып, ауыл адамдарының аузымен Раушанның «сыбағасын береді». Оны желіктіріп отырған қоғамды да сарказммен піскілейді. Еркек пен әйелдің тең болуын қаншама «көркемдегенімен», бәрібір қазақ әйелінің ер-азаматына деген ыстық ілтипатын байқатып қала береді.
ӘЙТСЕ ДЕ БИ-АҒАҢДАР ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІН КӨТЕРЕМІН ДЕП «ОТҚА МАЙ ҚҰЙЫП ЖІБЕРГЕНДЕЙ» ӘСЕРГЕ БӨЛЕЙДІ. СЕБЕБІ «РАУШАН КОММУНИСТЕН» КЕЙІН ӘР САЛАДА «РАУШАН» ӘПКЕСІНЕ ЕЛІКТЕГЕН ҚЫЗДАР ЖАУЫННАН КЕЙІНГІ ҚАУЛАҒАН КӨКТЕЙ КӨБЕЙДІ. ЕҢ БІРІНШІ МЕКТЕПТЕРДЕ ЕР БАЛАЛАРҒА ВОЖАТЫЙ БОЛЫП ҚЫЗДАР САЙЛАНДЫ. ҰЛДАРДЫ «ЫҚТЫРУ», КЕМШІЛІГІН «ҰҚТЫРУ» АРҚЫЛЫ БЕЛСЕНДІ ҚЫЗДАР, АҚЫРЫНДА ЖІГІТТЕРДІ АЛДАРЫНДА «ТІК ТҰРУҒА» ҮЙРЕТТІ.
ОДАН КЕЙІН «ОЗАТ ШОПАН», «ҮЗДІК МЕХАНИЗАТОР», «ҮЛГІЛІ БРИГАДИР», «БІЛГІР ДИРЕКТОР» Т.Б. ТОЛЫП ЖАТҚАН ҚЫЗДАРДЫ ДӘРІПТЕУ НАУҚАНЫ, НӘЗІК ЖАНДЫ АРУЛАРДЫ РАСЫМЕН–АҚ ЕР-АЗАМАТТАРМЕН ТЕҢ ДӘРЕЖЕГЕ КӨТЕРДІ. БИЛІКТІҢ «ДӘМІН ТАТЫП» ҚАЛҒАН КЕЙ ҚЫЗДАР МҰНЫМЕН ДЕ ТОҚТАМАДЫ, МАНСАП ҚУЫП ШЫҒАНҒА ШЫҒЫП КЕТТІ. ОСЫЛАЙША ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ, ОТБАСЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДІҢ МАҚСАТЫ ЕКІНШІ ОРЫНҒА СЫРҒЫДЫ. НӘТИЖЕСІНДЕ КАРЬЕРА ҚУҒАН ҚЫЗДАР ДЕР ШАҒЫНДА КҮЙЕУГЕ ШЫҒА АЛМАЙ ОТЫРЫП ҚАЛДЫ. ОНЫҢ ЗАРДАБЫН БҮГІНДЕ ТАРТЫП ЖҮРГЕН КӨП ӘЙЕЛДЕРДІ БІЛЕМІН…
Уақыт өте келе «Еркекшора» қыздар мен болмыс-бітімі еркекке қатты ұқсайтын нәзік жандылар билік сатысына жанталаса өрмелей бастады. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Алайда нәзік жандылардың мансап жолындағы «күрестері» үнемі жеңіске жетелей бермейтінін баса айтқым келеді.
Жә, делік. Қалай ақтауға тырыссақ та, елімізде гендерлік саясат өз дегенін жасап жатыр. Мойындасаң да, мойындамасаң да шындық осы!
«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген тәмсіл бұл жерде жүрмейді. Ұлттық менталитет те жаһандану процесі алдында дәрменсіз болып тұр. Иммунитеті күшті отбасылар болмаса «Күштінің құйрығы диірмен тартатын» заманда тіршілік кешіп жатқанымызды мойындауымыз керек!
Ал азуы алты қарыс Біріккен Ұлттар Ұйымы қарарына бағынбайтын мемлекеттер аз. Соның бірі – Қазақстан.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 29 мамырдағы № 339 қаулысында:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының «БҰҰ-Әйелдер» гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымы арасындағы «БҰҰ-Әйелдер» елдік офисінің Қазақстан Республикасындағы құқықтық мәртебесіне қатысты ноталар алмасу нысанындағы келісімге қол қою туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының «БҰҰ-Әйелдер» гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымы арасындағы «БҰҰ-Әйелдер» елдік офисінің Қазақстан Республикасындағы құқықтық мәртебесіне қатысты ноталар алмасу нысанындағы келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілсін. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Мамин деп жазулы тұр.
Демек еліміздегі гендерлік саясат заң аясында қорғалып отыр.
Бірден айтайын, гендерлік саясат жаһандану процесінің жетістігі санала бастады. Кинодан асқан идеология жоқ. Тіпті атағынан ат үркетін Голивуд әйел затын «жетістікке жеткізуші», «қол бастаушы», «көсем» дәрежесіне дейін көтеретін киноларды көптеп таратуда. Бұл да саясат! Және азғын саясат! Бұл да «әлемді қадағалап отырған» санаулы адамдардың «тышқан мен мысық» ойыны! Әйтпесе әлемде теңдік орнату, екі аяқты пенделерді жынысына қарамай бірдей қылу – болмайтын тірлік. Ал оны болдырамын деп күшке салу – Аллаға қарсы келумен бірдей әрекет!
Алайда әлемдік заңдылыққа бойұсынған елдер – мықты «қолдардың» ырқынан шыға алмай, тәуелділік құрсауында қалып отыр. Бұған экономикалық, геосаяси жағдайлардың да тікелей әсері бар.
АНАСЫ МЕН ҚЫЗЫН АРДАҚТАҒАН ЕЛ ГЕНДЕРГЕ НЕГЕ ТӘУЕЛДІ?
Осы орайда тағы бір мәлімет келтіре кетейін. Қазақстан Республикасы Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 384 Жарлығында қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында қаулы етіпті:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Жоспар) әзірлесін және бекітсін.
3. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар Жоспарды іске асыру бойынша шаралар қабылдасын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Көріп отырғандарыңыздай гендерлік теңдіктің бастауы әріде жатқаны байқалады.
Бүгінгі материалистік ғылым әйел мен еркектің физиологиялық жағынан біраз айырмашылықтары барлығын мойындағанмен, қазіргі материалистік қоғам ер мен әйелді заң жүзінде тең деп жариялаған. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ер адамдардың үстемдігі туралы түсінікті қысқа мерзім ішінде жойып жіберу мүмкін болмағандықтан, қазір әйел теңдігін жүзеге асыратын гендерлік саясат деген барлық елдерде қолданылады.
Бүгінгі қоғамда еркектер істейтін шаруаны әйелдер де жасайды. Әйелдер саясатпен, бизнеспен айналысып, қоғам өміріне белсене араласады. Тіпті, соңғы кезде әйелдер еркектерге тән ауыр атлетика, бокс, шығыс жекпе-жегі сияқты қара күшті қажет ететін спорт түрлерімен де жаппай айналыса бастады. Яғни, қазіргі қоғамда әйел мен еркектің теңдігі нақты іс жүзінде жүзеге асып отыр деп айтуға болады.
Ал енді дәстүрлі діндердің бәрінде ер адамның әйелден жоғары тұратындығы, әйел бала тауып, ана болып, үй іші тірлігін атқаруы тиістігі нақтыланған. Құранда Алла ер адамның дәрежесін әйелден жоғары етіп жаратты деген аят бар. Барлық дәстүрлі діндерді ресми дәрежеде ұстанатын елдерде әйелдер отбасының ұйтқысы болып саналып, үй іші тірлігімен ғана айналысады.
Бірақ тағы да айтамын «диірменнің тасындай зыр айналған бүгінгі дүниеде» гендерлік саясат беті тұп-тұнық айдын секілді. Астындағы иірімдері мен ағысы көзге көп шалына бермегесін көпшілік терең бойлай бермейді. Ал «тереңірек сүңгіген адам» көп нәрсеге көзі жетіп, шоршып түсері анық. Сондықтан сол көзге көрінбейтін саясаттың қазақ қоғамына, қазақ танымына қаншалықты пайдасы мен зияны барын саралаған кім бар?
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңға қол қойды.
Заңның мақсаты – әйелдер мен жастардың қоғамдық-саяси процестерге қатысуын ынталандыру.
Заңның негізгі міндеттері – бір саяси партиядан Мәжіліс пен Мәслихат депутаттығына сайлауға түсу үшін кандидаттарды тіркеу тізіміне енгізілген адамдардың жалпы санынан 29 жасқа толмаған адамдар мен әйелдерге кемінде 30% квота белгілеу.
Еске салайық, 2019 жылғы 20 желтоқсанда Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партиялық тізімнің 30% -ын әйелдер мен жастардан құруды ұсынды.
Қазіргі уақытта Cенатта – 33, Мәжілісте 27 әйел бар. Қазақстан Республикасының мәслихаттарында 3 335 орын бар, олардың тек 740-ы – әйелдер, бұл 22% -дан сәл асатын көлем.
Демек бұл заңның көксегені, гендерлік саясат аясында әйелдерді биік мансап сатысына көтермелеу. БҰҰ қарарына сәйкес гендерлік теңдікті әспеттеу ғана.
Еланасы ретінде жастардың жауапты қызметте өсуін қолдайтынымды ашық айтқым келеді. Өйткені жастар – ел болашағы!
Ал «Күріштің арқасында күрмек су ішкені» секілді, бұл заң аясына әйелдерді де «қыстырып» жіберудің астарына үңіліп көрген кім бар? Мен өзім анамын. «Бөріктінің намысы бір». Сондықтан гендерлік саясат қазаққа не береді? Бұл саясаттың көксегені не деген сұраққа жауап іздеп көрмекпін.
Біріншіден, қазақы танымға салсақ – ана деген ардақты есім. Өйткені қазақ «Ана тілім», «Жер ана» деп отырады. «Жұмақ ананың аяғының астында» дейтін де қазақ. Қызына қырық үйден тыйым салып, «Қызы жақсыны қыдыр қориды, қызы жаманды сайтан ториды» деп сақтанатын да қазақ.
Осыдан-ақ қазақтың әйел-анаға деген ізеті мен мейірімін тани бер.
Иә, әйел заты – әлемдегі ең керемет жаратылыс. Олардың нәзіктігі, ерге бергісіз төзімділігі әлі күнге дейін даналарды да, ғалымдарды да таңдандырып келеді. Сондықтан да әйелдер әлі күнге құрмет биігінде… Онда неге оларды гендерлік саясат құтыртып отыр?
Ұлан-байтақ даласы, небәрі 19 миллион халқы бар Қазақстанда (статистикаға сенсек қазақтардың саны 70 пайыздан асады) гендерлік теңдіктің шарпымаған саласы жоқ. Қазір көшеде жүрсең, министрліктерге бара қалсаң, кеудесін, анарының түймесінен басқасын көрсетіп жүретін, темекі шегу мен ішімдік ішуді мақтан тұтатын «өте тәрбиелі» қыздар көбейіп кетті. Бұл – салдар. Ал себебі арыда жатыр.
Қазір бізде матриархат басым болып тұр. Ер-азаматтардың құқықтары әйелдерден төмен. Бұрын әйелін талақ ететін жігіттер өте сирек еді. Керісінше, жесірін жатқа бермейтін. Оның мәні тереңде жатыр. Ол тікелей ұрпақтың болашақ тағдыры. Ал қазір не көп – ажырасу көп.
Неге? Ол мына біздегі ер мен әйелдің құқығы бірдей деген ұлтты көгертпегір гендерлік саясаттың кесірі. Ол мақтан емес, болашақта ұлтты жоятын саясат… Қазір бізде ажырасуға арыз берген әйелдің сөзі – сөз. Күйеуінің пікірін тыңдайтын заң жоқ. Одан ешкім сұрамайды да. Сотқа күйеуі бармаса да, сот мырзалар екеуін сырттай ажыратып, күйеуіне алимент төлеуді міндеттеп жібереді. Бұл саясат түбірімен дұрыс емес. Егер ажырасуға әйел арыз беретін болса, оған күйеуі келісім бермесе, алимент төленбейді десе, әйелдер арызын дереу қайтарып алар еді. Сонда ажырасу азайып, бала әкесіз жетім болмай, әке тәрбиесін алып өседі.
ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІКТІҢ ӘЙЕЛ БАЛАСЫН КӨТЕРМЕЛЕУДІ ҚАЛАМАЙМЫН!
Бүгінгі әйелдерге баланың әкесі – табыс көзі ғана. Әке тәрбиесін көрмей өскен ұл мен қыз болашақта шешесі сияқты болғысы келетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан оларға шеше негізгі тұлға. Олардың қыздары да шешесі сияқты ажырасып алып, «емін-еркін» өмір сүргісі келетін болып өседі.
Жақында бір шенеулік «…бізде қызмет істейтіндердің 60 пайызы әйелдер» деп соғып тұр. Бұл мақтан емес. Сонда әйелдердің басым көпшілігі қызмет істесе, баланы кім табады? Қазақ ұлты қалай көбейеді? Онсыз да демографиямыз мәз емес. Жоқ, әлде ұлт жоқ жерде мемлекет болмайтынын шенділер түсінбей ме?
Әйелдердің қызмет істеуіне еш қарсы емеспін. Істесін. Алайда «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегенді қатаң ұстансын! Бірді-екілісі бастық та болсын! Бірақ пайыздық мөлшерлемеге салып, жоғарғы қызметте 30 пайызы болуы керек деген заң «Бір қайнауы» ішінде кеткен заң. Өйткені пайыздық межені толтыру үшін, білім деңгейі төмен қыздардың қара көбейтпесіне кім кепіл? Одан қоғамға не пайда? Карьера қуған қыздардың болашағын кім ойлайды сонда?
Жалпы квота деген бәлені тоқтату керек. Ол демократияға тосқауыл келтіреді. Тек қана халық өзі таңдап алуы керек іскер адамды жасына, жынысына қарамай!
Атақ-дәреже қуып жүріп, онсызда қаншама қыздарымыз тұрмыс құра алмай, қос тізесін құшақтап қалды. Мынадан кейін олардың саны бірнеше есеге көбейіп жатса таң қалмаспыз!
Ең өкінішті жайт, біздің Парламент өздерін тек заң шығарушы орган ретінде ғана сезінеді. Өздерінде халықтың үнін жеткізетін мандаты бар екенін ұмытып кетеді. Бұл дұрыс емес.
Мысалы сенатта небір марқасқа азаматтар отыр. Солардың ішінен біреуі шығып: «Бәрібір гендерлік теңдікті көтеріп жатыр екенбіз. Онда мүмкіндік туып тұрғанда заң аясында әйелдердің құқын көтеруді мынадай бастайық. Таласқа салмай әйелдердің зейнет жасын шегерейік, демографияға ат салысқан әйелдерге ынталандыру үшін жәрдемақыны көбейтейік, баламен үйде отырған аналарды бір жыл емес, үш жылға дейін қаржылай қолдайтын заңды тезірек қабылдайық! Бір баласы бар отбасыға да жәрдемақы төлейік! Сөйтіп ұлттық құндылықтарымызды дәріптейік», – десе, біреу оларды таяқтап депутаттықтан шықпас еді ғой.
Тәуелсіздіктің 30 жылында көршіміз өзбектер 30 миллионнан асты, біздің өсім неге нашар? Әлі күнге 20 миллионға жете алмауымыздың сыры неде? Депутаттар тым құрыса осыны ойласа нетті!
Қаншама гендерлік теңдік десе де, өзбектер әйел баласына біздегідей «еркіндік» берген емес. Бермейді де. Бұны әйелді кемсіту деп түсінбеу керек. Әйел – ана өз миссиясын адал атқаруы да заман талабы. Кешегі тәуелсіздікті қатар алған екі бауырлас елдің хал-ахуалын демографиясынан іздеген дұрыс болар.
Халық саны шамалас екі мемлекеттің арада өткен 30 жылдағы туу көрсеткіші аспан мен жердей. Өзбек ағайын осы аралықта қарқынды өсіпті. Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік Статистика комитеті «халық саны 32.6 миллионға жетті» деп жариялады былтырғы жылы. Осылайша олар халық саны бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің көшін бастап тұр. Біз кеше ғана 19 миллионға жеткенімізді мақтаныш еттік. Осы ма біздің Азияның барысы атанғанымыз?
Гендерлік теңдіктің әйел баласын жалпылама көтермелеуін қаламаймын. Мені ана ретінде алаңдататыны мынау? Мысалы қыз бала мансап қуса отбасылық өмірді кеш бастау қауіпі туындайды. Ал,тұрмысқа кеш шыққан қыздардың бала табу қабілеті де төмендеп жатады…
Кейбіреулер: «Әйел үйде отыру керек. Оның жұмысы — бала бағу мен үй шаруасы» деп қойып кеп жібереді. Әрине, әйелдің үй шаруасының басында болғаны дұрыс. Бірақ «жұмыс істеп мансап қумасын» деген сөзбенде келісе алмаймын. Еркектердің істей алмайтын немесе істемегені дұрыс болатын жұмыстарды әйелдер істесе нұр үстіне нұр емес пе?! Ондай жағдайда оларды шектемеу керек. Тек өз орнын біліп, үй шаруасы мен бала тәрбиесін ақсатып алмаса болғаны. Отбасы бақытын ойлаған әйел «төске шауып, төрге өрлемей-ақ қойғаны» дұрыс-ау негізі.
Менде өз замандастарым секілді дер шағымда тұрмысқа шығып, күйеуіме қарап отырмай, мектепте сабақ бере жүріп, бес баланы тәрбиеледік. Ата ене де болды, күйеуді де күттік. Қонақты да қарсы алып, барымызды беріп шығарып салдық. Баланы да тудық, той-томалаққа да бардық. Жастықтың жалынымен шаршауды мүлде білмедік. Бүгінгідей памперс жоқ ауыстыра қоятын. Қол қалт етсе жаялық жуып, арагідік жағдайымызға да қарадық.
Сондықтан өмірдің мәні жұмыстағы жетістік деп түсінетін әйелдерді ұнатпаймын. Әркім өз шамасына қарағаны дұрыс негізі, әйел баласы өз жаратылысына жақын міндеттерін ұмытпауы тиіс.
Гендерлік саясат білім саласында да үстемдік жүргізіп тұр қазір. Жоғары оқу орындары мен мектептерге бара қалсаң кілең жас қыздар мен келіншектер, егде жастағы әйелдер – мұғалім. Ер-азаматтар өте аз. Сол азшылықтың зардабын тартып келеміз. Жаны нәзік әйел баласының тәрбиесі ынжық ұл мен босбелбеу жігіттердің қатарын көбейтіп жатыр. Осының өзі білгенге үлкен сабақ. Егер гендерлік саясат тап осындай қарқынмен кете берсе, билік басында да небір боркеміктер мен бозөкпелер пайда болмасына сенім бар ма?
Тоқырау жылдарында тоқырап қалған білім саласынан ер-азаматтардың көбі кетіп қалды. Бәрі де баяғы күнкөрістің салдары. Қазір білім саласына көңіл бөлініп, қаржылай демеудің арқасында оралып жатқандар көп. Осыдан-ақ, ер азаматтар отбасын асырауды басты міндет санағандықтан қаржылық ынталандырудың орны бөлек екенін айта кеткен жөн болар.
ШЕРАҒАНЫҢ ШЕРІНЕ ҚҰЛАҚ САЛДЫҚ ПА?
ТҮЙІН СӨЗ: Гендерлік саясаттың мақсаты – аз халықты жұтуға жасалған алғашқы қадам секілді. Осының ішіне аралас неке де кіріп кетеді. Өйткені «Қызға қырық үйден тыйым» болмай тұр. Бетімен кеткен кей қыздар гендерлік саясатты алдыға тартып, заң алдына өз құқығын қорғап шығуға дайын. Оған мүмкіндікті мемлекеттің өзі беріп қойса қайтпекпіз?!
Адам тән құмарлығынан тоят алу үшін емес, шаңырақ көтеру, ұлт келешегін баянды ету, өз өмірін, ой-сезімін тәртіпке келтіру, тән құмарлығын тізгіндеу үшін үйленеді. Кім-кім де өмірлік серігін сұлулығына, әсемдігіне ғана емес, ақылына, тәрбиесіне қарап таңдайды. Сондай-ақ ұлтына қатты көңіл бөлетіндер мен оған назар аудармайтындар да бар.
Аралас неке саны елімізде 1950 жылдары тың игеру кезінде күрт өсіпті. Жыл соңына қарай 23 пайызға дейін көтерілген. 1979 жылы шаңырақ көтеруші әрбір бесінші жұпта бір-бірінің ұлтына мән беру болмаған. Тек 1980 жылға қарай бұл көрсеткіш бірден 9,7 пайызға төмендепті. 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері өмір сүріп жатқан мемлекетте мұны заңды құбылыс ретінде қабылдауға болатын сияқты. Соңғы мәліметтерге сенсек, жыл сайын қиылатын 100 мың некенің 20 пайызы немесе 20 мыңы аралас. Бір таңғаларлығы, қазақ бойжеткендері шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығуды өздері қалайды екен.
Ақырында жан-жақты ойластырылмай құрылған отбасылар әрдайым бір жақтың далада қалуымен, тастанды балалардың жетімдер үйінің кезекті тұрғындарына айналуымен және адамдардың жүрегін жаралаған қылмыстармен ғана есте қалмақ. Сондықтан отбасын құрып, некеге тұрарда терең ойлану керек жастарға. Өйткені аралас некенің шектен тыс көбеюі салдарынан жеке ұлттың немесе мемлекеттің жойылып кетуі әбден мүмкін.
Біздің гендерлік теңдікті қолдайтын билік, оның ығына жығылып заңдастырып отыратын Парламент аралас некенің ұлт үшін қауіпті екенін ескертіп, заң аясында іс жасаса көп нәрседен ұтар еді. Әріге бармай-ақ, Түркіменстан заңынан ғибрат алып, «су тегінге кетіп жатқан қазақ қыздарын» «күйеу балалардан» қомақты «қалың мал» өндіріп, бюджет қалтасын қампиып жатса жаудан түк тартсаң да пайда деген тәмсіл жүзеге асар еді. Сосын қомақты қаржының өзі кей қыздардың ата-анасына бәлкім ой салып қалар деген есекдәме де бар екенін жасырмаймын. Қазақ қызын алу арқылы Қазақстан азаматы болғысы келетіндерге де заңды қатайту заман талабы.
Бүгінгі күні азаматтық некеде тұрып жатқандар жетерлік, оларға таңқалуды қойдық. Мамандардың пайымынша, тіркеуде жоқ жұптардың 80 пайызы кейін бір-бірімен жараспай, ажырасып тынады екен. Тек бестен бірінің ғана дәм-тұзы жарасып, ерлі-зайыпты атанады. Сонда қаншама қазақ қыздары ешқандай құжатсыз, некесіз өзі қалаған жігітімен бір шаңырақ астында тұрып, тұрмыс кешіп жатыр! Мінездері жараспаса, ажыраса салады. Екінші рет өзгемен көңіл жарастырып, сол кісімен жаңаша өмір бастауға бар. Көбіне бір-бірімен тек ашыналық қатынаста болуды көздеген немесе карьера қамын ойлап, бала табуды кейінге ысырған жастар азаматтық некеге тұруды құп көреді екен. Соның салдарынан талай сәби некесіз туылуда. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 22 пайызды құрап отыр. Бұл қорқыныш емес пе? Бұған да гендерлік саясаттың зардабы тиіп отырғанын кім жоққа шығарады? «Қызың жақсы болса суда жүзген үйрек, қызың жаман болса ішіңе тиген түйнек» деген осы емес пе?
Парламентте отырған азаматтар ата-баба дәстүріне сай емес, тіпті азғындыққа бастайтын «Азаматтық некеге де» бір тоқтам жасаудың жайын қараса қандай жарасымды. Қазақтың «Атастыру», «Бел құда», «Бесік құда» тәрізді салттарын ескілік сарқыншағы көретіндер, «Азаматтық некеге» келгенде үнсіз қалатындары несі екен?
Кезінде Семенов-Тянь-Шанский қазақтар туралы: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім!» деген екен. Шынымен де солай ғой. Бірақ қазір содан не қалды?
Көкейдегі көп ойлар, қоғамдағы келеңсіздіктерді көп көргесін тарқатылып жатыр.
Әйтпесе Президенттің жарлығына қарсы шығу ойым да жоқ. Бірақ «айтпаса сөздің атасы өлетінін» ол кісі менен де жақсы біледі деп ойлаймын!
«Сырт көз – сыншы» дейді қазақ. Біздің бүгінгі тірлігіміз жаһандануға жұтылып бара жатқан кейіпті көзге елестетеді.
Мысалы шеттен келген қазақ зиялылылары қазақтың рухани ассимилияцияға ұшырағанын көзімен көріп, қорыныпты. Оған дәлел этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы ақын Қасымхан Бегмановқа берген этнографиялық сұхбатында: «Қазақ жерінің табиғаты бұзылды. Қазақ елінің шаңырағы шайқалып, елі тозды. Қазақ ұлтының тұрмыс ырғағы бұзылды. … Осы аса улы саяси ассимиляцияның кесірінен қазақ ұлтында ұлтсыздану қасіреті төбе көрсете бастады» деп налыпты. Жанға батса да шындық осы!
Гендерлік теңдік туралы ойлауды ар көрген кешегі Абайдың әжесі Зере, Шоқанның әжесі Айғаным, Ыбырайдың анасы Аймен, Әбіш пен Асқар Сүлейменовтың аналары қандай бақытты еді!
Кешегі тектінің бүгінгі ұрпақтарын неге тексіздік жайлап барады. Гендерлік теңдікті ту қылып, ойына келгенді жасап жүргендердің көпшілігі тілі мен дінінен безген қазақтар көрінеді. Егер бұлай жалғаса берсе, Алаш баласы ата-баба рухы алдында қалай ақталамыз?
Қит етсе көшеге шығуға даяр әйелдердің де гендерлік саясат – іздегенге сұрағаны болып жүрмесін!
Ютубта халық жазушысы Шерхан Мұртазаның мешіт ішінде сөйлеген сөзі жүр. Соны қаз-қалпында қағазға түсіріп отырмын. Қай жыл екенін нақтылай алмадым. Өз пайымдауымша 90 – шы жылдардың орта шені, не аяғы. Шерағаң біраз шерін тарқатыпты. Гендерлік саясатқа да көзқарасын білдіріп өтіпті. «Бізде ұлттың саны аз. Барлығы дәл қазір 15 миллионның шамасы деп есептейміз. Оның ішінде 8 миллионның шамасы қазақ. Бұл не? Бір-ақ уыспыз! Жер деген жетеді. Сонау Алтайдың арғы жағынан, анау Азғыр деген жер бар, Атыраудың арғы жағы. Соған дейін созылып жатқан ел. Мынау Тәңіртаудан бастап, сонау Сібірдің шетіне дейін біздің Қазақстан. Осыншама кең жерде бір-ақ уыс ел тұрамыз.
Бізде гендерлік саясат деген шығып, қайқаңдап кеткен қатындарымыз көп. Отырып қалған қыздардың саны 300 мыңнан асатын көрінеді. Бәрі кәрі қыздар. Күйеуге тимей қалған, жағдайлары жоқ. Баяғыдай қос-қостан қатын алатын заман тағы жоқ, тоқалдыққа бара салатын. Сонда не болады жағдайымыз? Мына өсіммен бізді алда не күтіп тұр?
Шығыстағы көршің бір жарым милиард. Сонда сенің 8 миллион халқың оларға шыбын шаққан құрлы тати ма? Құран Кәрімде не айтады: «әйелдің міндеті баланы тәрбиелеу, өсіру» дейді. Демек, халықтың санын көбейту деген сөз!» дейді марқұм .
Дәл бүгінгі күннің қасіреті. Шерағаң осы әулие шығар?
Сәуле Мешітбайқызы
Қ.Р.еңбек сіңірген қайраткері
Серіктесіміз, «Qazaqstan dauiri»газетінен