ӘЙЕЛ ҚАЙТСЕ БАҚЫТТЫ БОЛМАҚ?
Кейде адамдар жанұясындағы берекенің қашқанын, үйінде ұнамсыз жағдайлар қалыптасқанын біледі. Бірақ соның себебіне көз жүгіртпейді. Себебін білмеген соң, оны шеше де алмайды. Негізінде, отбасылардағы көп мәселе еркек пен әйелдің шариғат бойынша өз міндеттерін дұрыс білмегендіктен немесе білген нәрсені жүзеге асырмағандықтан туындайды.
Шариғатымыз бойынша отбасы мүшелерінің бір-біріне қатысты ақылары бар. «Ақы» деген ұғымды қалай түсінеміз? «Әкенің ақысы», «баланың ақысы» деген ұғымдар қазақ мәдениетінде әбден қалыптасқан. Сол секілді ер адамның да әйелінен алар ақылары бар. Оны әйелдің күйеуінің алдындағы міндеттері деп те атауға болады. Сонымен дінімізде әйелге қандай міндеттер жүктеледі?
Ең алдымен, әйел күйеуінің өзінен бір саты жоғары тұратынын мойындауға міндетті. Қасиетті Құранда: «Ер адамдар әйелдерге жауапты, әрі билеуші»,[1] – деген аят бар.
Ендеше, жанұяда әйелі күйеуіне бағынуы керек. Бұл – шариғат талабы. Бір күні бір әйел ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі, менің күйеуімнің алдында қандай міндеттерім бар?» – деп сұрайды. Сонда сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оған бағынады, қарсы келмейді. Оның рұқсатынсыз үйінен ешбір нәрсені садақа етпейді. Нәпіл ораза ұстағысы келсе, міндетті түрде оның рұқсатын алады. Ол оны түйенің үстінде отырған жерінен шақырса да, өзін ұстап қалмайды (яғни сұрағанын береді). Оның рұқсатынсыз үйінен шықпайды. Егер де рұқсатсыз шығып кетсе, онда ол үйіне қайтып келгенге дейін оны аспан періштелері де, жер періштелері де, ашу періштелері де, рахым періштелері де қарғап, лағынетін жаудырып тұрады», – деп жауап қайырады.
Міне, осы бір хадистің астарында үлкен береке жатқанын бүгінгі қоғамда әркім ұғына алмайды. Тіпті, кейбіреулер: «Бұл дегенің барып тұрған қанаушылық, әйелді құл қылу ғой», – деп қалуы да ғажап емес. Алайда, байыбына барған адам бұл айтылғандар ер үшін де, әйел үшін де бақыттың көзі екенін түсінеді. Өйткені, жанұяның көп проблемасы, әйелдің күйеуге бағынбағанынан, өзімбілемдікке салынғандығынан, үйдегі нәрсені рұқсатсыз бергеннен туындайды. Сондай-ақ, ер адамның өз әйелін табиғи қажеттілігіне байланысты шақырғанда, әйелдің келмеуі де көптеген ұрыс-керістің себебі болатыны даусыз. Бәрінен қиыны, қазір үйінен сыртқа шығарда күйеуінен рұқсат сұрайтындарды ілуде біреу кезіктіретініміз жасырын емес. Әйелдер көшеге қалаған уақытында шығады, қалаған уақытында келеді. Ал, ғайып пердесінің арғы жағында бұл істің қалай бағаланып жатқанымен ісі де жоқ. Хадисте айтылғандай, әйел рұқсатсыз көшеге шығар болса, миллиондаған тіпті одан да көп періштелер: «Лағынет, лағынет! Саған Алланың лағынеті болсын» деп қарғап тұрады. Көктемнің жаңбыры нөсерлете жауғаны секілді ол әйел үйіне келгенге дейін төбесінен қарғыс жауып тұрады. Енді ойлап көріңіз, осынша қарғысқа ұшыраған әйелдің қай ісі оңуы мүмкін? Ия, әйел үшін күйеуінің рұқсаты өте-мөте маңызды.
Тіпті, күйеуінікі дұрыс болмаған жағдайда да әйелі Алла разылығы үшін сабыр етеді. Өйткені, тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Әйелдің Алла жолындағы күресі – күйеуі шектірген қиындықтарға шыдап сабыр етуі». Біреулер әйелдің рөлі неге сонша төмен деп ойлауы мүмкін. Оларға айтарымыз, Ертең Ұлы есеп күнінде Алла Тағаланың алдында әйелінің бүкіл өмірі үшін жауап беру еркекке оңай соға ма? Еркек тозақ пен жұмақтың ортасында өзі үшін қалай қиналып жауап берсе, отбасының бұл дүниедегі тірлігі үшін де қатал жауапқа тартылады. Құрандағы: «Әй, иман еткендер, өздеріңді және үй іші отбасыларыңды отыны адамдар мен тастан болған тозақ отынан сақтаңдар»[2] деген аят бекерге айтылмаған.
Ендеше, ертең сенің әйелің неге Алланың мынадай-мынадай бұйрықтарын орындамады деп сұрайды. Соған жауап беру оңай ма? Әйелдің бүкіл істері, сөздері, мінездері, құлшылықтары, күнәлары, ғайбаттары күйеуіне жүк болады. Бұл, әрине, оңай емес. Бұл жақта әйел күйеуінің айтқанына әрі кетсе жүз жыл шыдар. Ал, арғы дүниеде мәңгілік өмір сарапқа салынады. Міне, соны Алла біледі. Әлгі лағынет пен қарғыс жаудыратын періштелер соны біледі. Бұл дүниеде қазір қаншама әйел ештеңе ойламай, пәруай пәлек болып күн кешуде. Дүкендегі ең әдемі киімді алса, ең тәтті тамақты ішсе, ең қызық сериалды көрсе, ұйқысы қанық, жүйкесі тыныш болса, айтқанының бәрі бола берсе, түске дейін дүкен аралап, түнге дейін кафе аралап жүрсе, бұл дүниенің қызығы сол деп ойлауы мүмкін. Ал, енді осындай істерінің бәрі үшін ертең Алланың алдында оның бейшара күйеуі жауап береді. Міне, мәселеге осы тұрғыдан келу керек. Сондықтан бұл дүниеде күйеуі әйелін түнімен ұйықтатпай қойса да, үш күн бойы аш қалдырса да, тіпті ауыр-ауыр сөздерді айтса да, әйел шыдауы керек. Тіпті, Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Егер бір адам бір адамға сәжде жасауы рұқсат болғанда, мен әйелдің күйеуіне сәжде етуін бұйырар едім» деген.
Жарайды, біреулер ол дүниені көрген жоқпыз ғой дейді. Бірақ бұл дүниенің заңы да біреуді біреуге бағындырады емес пе?
Қоғамдық қызметтің өзінде бір адам екінші бір кісіге бағынып, жұмыс жасайды. Біреу біреудің тілін алмаса, онда қоғам быт-шыт болып бұзылар еді. Мәселен, бір елде президенттің айтқанын министр, министрдың тапсырмасын әкім, әкімнің бұйрығын тағы бір төмендеу шенді басшы орындамаса, ондай мемлекетте қай тірлік оңады? Ондай елдің бидайы да дұрыс шықпайды, зауыты да дұрыс жұмыс істемейді, малы да төлдемейді. Сөйтіп, қарапайым адамдар үйсіз, күйсіз аш қалады. Қысқасы, ол елден береке қашады. Дәл сол секілді жанұяда еркектің айтқанына әйелі көнбей, ә десе, мә деп отырса, онда бүкіл отбасының күйі кетеді. Міне, сондықтан болар Ислам дінінде еркек пен әйелдің арасына теңдік белгісі қойылмаған.
Бір кісі Пайғамбарымызға келіп былай деді: «Уа, Алланың елшісі, менің әйелім бар. Үйге кірсем, алдымнан шығып қарсы алады. Шығар болсам, (шын пейілмен) шығарып салады. Менің көңілім түсіп кеткенін көріп қалса маған: «Неге көңіліңіз түсіп кетті? Рызық-несібемізді уайымдап отырсаңыз, ол сіз емес, басқа жауап береді ғой (яғни рызық-несібеміз Алладан ғой). Егер ақирет жағдайын ойланып отырсаңыз, Алла уайымыңызды арттырсын» дейді. Осы қалай болды». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деді: «Әйеліңнен сүйінші сұра. Ол – жәннаттық. Оған айт: «Сен Алланың қызметшілерінің бірісің, саған әр күн сайын Алла жолында жан тапсырған жетпіс шейіттің сауабы жазылып тұрады» де. Міне, көрдіңіз бе, әйел үшін жұмаққа кіру оп-оңай. Бірақ, өкінішке қарай, осының өзін дұрыс атқармайтын қаншама әйел бар. Күйеуін ашуландырады, көңілін қалдырады, аузына келген сөзді айта салады. «Сен осы не білесің? Бұл іске сен араласпашы» дейтіндер бар. Алла сақтасын, мұндай әйелдердің Алла құзырындағы жағдайын ойлаудың өзі қорқынышты. Тағы бір хадисте былай делінген: «Қайсыбір әйел күйеуіне тілімен зиян келтірсе, онда қайтып көңілін тауып риза еткенге дейін оның Алла жолында жұмсағандары да, өтем-бодаулары да, жақсылықтарын да қабыл етілмейді».
Әрине, бұл насихат еліміздегі әйелдерді қорқытып, үркіту үшін айтылған жоқ. Күйеулерінің көңілін тауып, айтқынын орындап, өзінің әйелдік жылылығын сыйлап жүріп, бұл дүниеде де, арғы өмірде де бақыт құшағында шалқыса екен деген ниет қана!
[1] «Ниса» сүресі, 34-аят
[2] «Тахрим» сүресі, 6-аят
Асылбек Әуезханұлы