Әйел күйеуіне көңіл бөлмесе…

«Ерді ер ететін де әйел, қара жер ететін де әйел» — дейді. Иә, ер кісінің өсіп өркендеуі, елге сыйлы азамат болуы немесе керісінше, адамдық жолдан таюы да әйелдерге тікелей байланысты.

Бір кісі әйелінің пәктігінен, тазалығынан, күйеуіне деген ерекше ықыласпен көңіл бөлгендігінен күндіз де жұлдыздарды көретін қырағы болып кетіпті. Әйелі күйеуінің киімін әрқашан таза ұстап, тамағын дәмді етіп әзірлеп, жататын орнын уақытында дайындап, жарының қас-қабағына қарап, жағдайын жасайтын болса ер адамның көңілі жайланып, ділі рахаттанып, ақылы зерек болып, көзі қырағы болып өткірленеді екен. Барлық ісінде береке табады. Бір күні күйеуі әйеліне мақтанып: «Өзгелер түнде әрең көретін жұлдыздарды мен күндіздің өзінде көре беремін. Сен осындай күйеуің барына мақтансаң болады» дейді. Әйелі: «Мырзам, бұл менің қызметімнің, сізге деген ықыласты көңілімнің арқасында» десе: «Жоқ, бұл жерде сенің еш қатысың жоқ. Бұл маған құдайдың берген ерекше қасиеті» деп басынан сөз асырмайды. Әйелі күйеуінің бұл сөздеріне үн қатпастан жүре берді. Алайда бұрынғыдай көңіл бөлуін сиретеді. Тамақ бергенде ыдыстардың тазалығына аса көңіл бөлмейді, киімдері аптасына бір рет ауыстырылатын болды, жатын жері де жайсыз тартты. Әлгі кісі күндіздің өзінде аяқ астындағыны көрмей, сүрініп-шалынып, бүгін естіген әңгімесін ертең ұмытып қалатын болды. Сосын әйеліне: «Қымбаттым, алдыңғы ықыласты көңіліңді, алдыңғы құрметіңді жасай бер, мендегі қасиет, берекет, зейін өткірлік, ақыл зеректік сенің себепкерлігіңмен екен. Менің қателігімді кешір!» — дейді. Әйелі: «Алла барлығымыздың қателіктерімізді кешірсін. Қатесіз адам болмайды. Менің сізге жасап жатқан қызметімді Алла білсе, Алла разы болса және сіз разы болсаңыз мен жәннаттық болармын», — деп жауап береді.

 

mazhab.kz сайтынан