Әйел мен ер адам туралы

– Бір нәрсені анық түсініп ал. Әйелді жаулап алу оңай. Соншалықты бір күрделі дәнеңесі жоқ. Еркектің бәрінің қолынан келетін шаруа. Әр жігіт өмірінде бір рет болса да сүйген жанын мойындатып көрген. Қарым-қатынас ғашықтықтан басталады: өзге жан жүрегіңе еніп, ойыңнан шықпай, соған деген тартылыс күші зораяды, алғашқы кездесу, бейкүнә сүйістер, елжірететін тілектер, екеуіне де қатты әсер ететін құмарлықтың асау толқыны.
Содан ары қарай қарым-қатынас жадағай тартады. Іш пысады, біркелкі өмір құмарлықты жеп тынады. Бәрі жоқ болады. Сезімнің орны бос қалады. Ол бос орын сәлден соң немқұрайлылықпен толысады. Қарым-қатынас не тәмамдалады, не шынайылығынан айырылады. Кәдуілгі жұп. Еркек пен әйел жетпей жүрген сезімді сырттан іздейді. Қарым-қатынасты сақтап, әйелді ұстап қалу – ең қиыны. Бұған тек азамат жауап береді. Қарым-қатынас неден басталса, оны сол нәрсе құтқарады. Төсек пен сыйлық емес. Мереке сайын гүл сыйлау мен сыйлық жасау – тосынсый емес, көңіл бөлудің көрсеткіші де емес. Ол соншалықты күрделі емес.
Қарым-қатынасты сақтау үшін азамат себепсіз қуанта білуі керек. Сезім үшін сылтаудың қажеті жоқ. Әйелдер тосынсыйды жақсы көреді. Гүлді де, сыйлықты да. Өзіне деген ықтиярдың барын сезеді. Әйел мені ойлады, бағалады деп есептейді. Әйелге үнемі көңіл бөліп отыру – қарым-қатынасты сақтайтын басты құрал. Бұл үдеріс ортақ. Бірақ оны ер адам бастауы тиіс. Алу үшін бере білу керек. Еркектер әйелдің бойындағы басты қасиетін көбіне көре алмайды. Олар әйелді сұлу, тартымды деп қана бағалайды. Қауіпті, сүйкімді дейді. Шынында да солай. Бірақ тереңірек үңілсек, әйел деген кішкентай қыз екенін көрер еді.
Сыртқы сымбаты – жасандылық. Нәзіктігі мен мейірімі жүрегінде. Кішкентай қыз. Жасы ұлғайса да іштей олар кішкентай қыз болып қала береді. Өмір бойына әдеті, мінезі қаталдау болып өзгергенімен, ол тек қорғаныс үшін екенін түсін. Осыны түсінген ер адам әйелді қалай жаулап алатынын да түсінеді. Баланың көңілін аулағандай көңіл бөлсең, әйел сенікі. Құпия түгі де жоқ. Көңіл бөлу мен қамқорлық. Үздіксіз қамқорлық таныту. Ұсақ-түйекке дейін. Қайырлы таң, қалың қалай, не жедің, не іштің, киімің жылы ма, айтқысы келгенін тыңдау, жай ғана құшақтау. Оның бар қиындығын шеше білу. Ол сенің құшағыңда барлық қиындықтан тығылып қалғысы келетіндей болу. Ол сенің қамқорлығың мен сеніміңе арқа сүйесін. Қарым-қатынастағы осындай ұсақ-түйек барлық қиындықты шешеді. Ұсақ-түйек сенімге жетелейді. Әйел ондайды әрдайым бағалап отырады. Құпия деген осы. Өте қарапайым құпия.

© Дмитрий Брилов
«Ирбис» романынан үзінді
Аударған Шынар Әбілдә