Әйелдер жайлы хадистер

1. Аллаһ Елшісі с.а.с. былай деген: «Аяғы ауыр болып, құрсақ көтеріп жүрген әйел дүние салса, шаһиттердің[3] қатарынан болады» (Хадисті Убада ибн Самиттен Ибн Саъат риуаят еткен).

2. Бір күні Аллаһтың Елшісіне с.а.с. бір әйел баласымен келеді, сонда Пайғамбар с.а.с. былай деді: «Аяғы ауыр әйелдер, дүниеге бала әкеліп әрі балаларға қамқор, күйеуіне адал, айтқанын екі етпейтін болса, намазын өз уақытында оқыса, барар жері Жәннат болады». (Абу Амамадан Ахмад, Ибн Мажа және Байхақи риуаят еткен).

3. Бір күні Аллаһтың Елшісі с.а.с. әйелдерге байланысты былай деді: «Сіздердің әр біріңіз бақытты емессіздер ме? Күйеулеріңізден құрсақ көтерсеңіздер, ал күйеуі оған разы болса. Егер осылай етсеңіздер ол әйелдің аяғы ауыр болған әр бір күніне, күні бойы ораза ұстап түнімен намаз оқып шығушының сауабындай сауап жазылады. Босанар уақыты жақындап, қиналған уақытта, аспандағы періштелердің өзіде Аллаһтың ол әйел үшін қандай сый-сияпат әзірлегенінен бейхабар болады. Дүниеге нәресте әкеліп, көкірегіндегі сүтімен баласын емізген әр бір сәті үшін де Аллаһтың сол әйел үшін дайындалған сыйлығын алады. Нәресте түнімен жылап, анасына ұйқы бермей, ал анасы түні бойы баланы жұбатып, емізіп шыққандығы үшін Аллаһ жолында жетпіс құлды азат еткендей сауапқа ие болады. Сіздер менің қандай әйелдер жайында сөз жүргізгендігімді білесіздер ме? Олар Аллаһқа мойынсынушы, күйеулеріне бағынып, айтқанынан шықпаушы әрі істеген жақсылықтарын тез арада ұмытушы әйелдер». (Хадисті Хасан ибн Суфяннан Табарани риуаят еткен)

4.«Құрсақ көтерген әйел, бала босанып әрі нәрестені емізгендігі үшін, Аллаһ жолындағы сарбаздай болады. Егер осы уақытта дүние салса шаһидтің дәрежесіндей дәрежеге ие болады». (Хадисті ибн Умардан Табарани риуаят еткен).

5.«Әйел адам құрсақ көтерсе оған Аллаһ жолында күнімен ораза ұстап, түнімен намаз оқығанның сауабы жазылады Ал босанар уақыты жақындап, қиналған уақытта, Аллаһтың ешбір жаратылысы ол әйел үшін қаншалықты сый-сияпаттың әзірлегенін білмейді. Дүниеге нәресте әкеліп, көкірегіндегі сүтімен баласын емізген әр бір сәті үшін, нәрестенің әр бір емген сәті үшін де марапатталады. Өліні тірілткендей болады. Баланы емізуді доғарған уақытта, періште оның иығынан түртіп, «сый-сияпат алуды жалғастыр» дейді». (Хадисті Абдуррахман ибн Ауфтан Абу Шейх риуаят еткен).

6.«Күйеуі разы болған мұсылман әйел дүние салса, жәннаттық болады». (Умму Саламадан Тирмизи риуаят еткен).

7. «Егер мұсылман:

жүректі,
тілі тек қана Аллаһты зікір ететін,
шыдамды яғни, денесімен ауыртпашылық көтере алатын болса
әрі денесімен, күйеуінің мүлкімен сауда етпейтін әйелі болса, онда ол екі дүниенің де жақсылығына ие болады». (Ибн Аббастан Байхақи риуаят еткен).
8. «Егер әйел кісі күнделікті парыз етілген бес уақыт намазын қаза қылмаса, Рамазан айында ораза тұтса, өзін бөтен еркектерден сақтай білсе, күйеуіне адал болса, онда оған: «Жәннаттың қай есігінен кіруді қаласаң, сол есігінен кір деп айтылады». (Анастан Дилми риуаят еткен).

9. «Әйелдеріңнін ең жақсысы – салиқалы, күйеуіне адал болғандары». (Анастан Дилми риуаят еткен).

10. «Ең жақсы әйелдер – олар сондай, қарағанда көңілің толады, бір нәрсе айтсаң бойсұнады, сенің жоқтығыңда өзін әрі сенің мүлкіңді сақтай біледі». Осы сөздерді айтқан соң Аллаһтың елшісі «Ниса» сүресінің 34-ші аятын оқыды: «Еркектер әйелдерге басшы. Өйткені, Аллаһ бірін – бірінен артық қылды. Сондай-ақ олар, дүние – мүлкінен пайдаландырады. (Әйелдерге мәһір, нафақа береді). Ал, жақсы әйелдер – бой ұсынушы, Аллаһ қорғауға бұйырған абыройын қорғаушы». (Хадис Абу Хурайрадан).

11. «Түннің бір жартысында тахажжуд[4] намазын оқуға тұрып әрі күйеуін оятып, екеуі бірге намаз оқыған әйел және күйеуін оятқанда тұрмағандығы себепті бетіне су шашқан әйел Аллаһтың қамқорлығында болады». (Абу Хурайрадан Абу Дауд риуаят еткен).

12. Бір күні пайғамбарымыз с.а.с. сахабаларымен[5] бірге отырған уақытта, оған с.а.с. Язидтің қызы Асма келіп былай деді: «Сен мен үшін әкемсің анамсың, мен саған әйелдердің атынан сөйлеп келдім әрі сен үшін жанымды пида етуге дайынмын. Шығыстан Батысқа дейінгі барлық әйел менің пікіріммен келіседі. Сен әр бір ер және әйелге Аллаһ тарапынан жіберілген, ақиқат жолды көрсетуші елшісің. Біз саған әрі сені жіберген Раббыңа иман келтірдік. Мен көптеген үйінде отырған әйелдердің бірімін. Айтқандарыңызды орындаймыз, қарынымызда балаларыңызды көтеріп жүреміз. Ал сіздер еркектер бізге қарағанда жоғарысыңдар, жұма намазына барасыңдар, намазды жамағатпен оқисыңдар. Жылда қажылық сапарын жасайсыңдар. Аллаһ жолында шайқасасыңдар. Ал біз, сіздер қажылыққа немесе жорыққа кеткендеріңізде өзіміздің әрі сіздердің дүниелеріңізді қорғаймыз. Жыртық жамап отырамыз. Не себепті бізде Аллаһтың игі істеріне қатыса алмаймыз». Сонда пайғамбар с.а.с. сахабаларына бұрылып қарап: «дін істеріне байланысты әйел кісіден мынадай тамаша сұрақты естіп көрдіңдер ме?»,-деп сұрады. Кейін Асмаға қарап былай жауап берді: «әйелдерге мына сөздерімді жеткіз: сендердің ең жақсыларың, күйеуінен бір нәрсе сұраған уақытта, ол онымен қанағаттанатын, күйеуінің айтқандарын орындап, пікірлерімен келісетін әйел. Осыны іске асырушы күйеуінің бұйрығын орындап, пікірлерімен келіскен болып есептеледі. Осы істерді орындау, күйеуінің Аллаһ жолында атқарған істері әрі әйелі қатыса алмаған істері үшін де алған сыйлығымен тең болады». Мына сөздерді естіген әйел бұрылып, «Лә иләһә иллаллаһ, Аллаһу акбар» деп айтып, кері қайтты».

13. «Егер әйел жақсы жанұядан және сұлу болса. Күйеуі өзінен бұрын дүние салып, күйеуі қайтыс болған соң басқа күйеуге шықпай, сауық-сайран құрмай, боянбай кәмелет жасқа келгенше балаларын тәрбиелесе немесе дүние салса, онда ол әйелдің жәннаттағы дәрежесі Менімен[6] бірдей болады». (Абу Хурайрадан әл-Хараити риуаят еткен).

14. Бір күні бір адам пайғамбарға с.а.с. былай деді: «Менің әйелім мен үйге кірген уақытта: «Қош келдің! Менің әрі осы шаңырақтың қожайыны»,-дейді. Мұңайғанымды көрсе: «Бұл өмір сені мұңайтпасын, саған арғы дүние жеткілікті болады»,-дейді. Сонда Аллаһтың елшісі с.а.с.: «Оған айтып барғын: ол Аллаһтың қызметшілерінің бірі, әрі оған, Аллаһ жолында күресушіге берілетін сый-сияпаттың жартысы жазылады». (Абдулла әл-Уадахиден әл-Хараити риуаят еткен).

15. Айша р.а. анамыздың риуаяты бойынша: «Бір күні маған бір пақыр, кедей әйел екі қызымен келіп, тамақтандыруын өтінді. Мен олардың әр біріне бір құрмадан бердім. Әйел өзіне тиесілі құрманы аузына сала бергенде балалары құрма берші деді. Құрманы жеместен екіге бөліп қыздарына берді. Бұл жәйт мені елең еттіріп, мен оны пайғамбарға с.а.с. айттым. Сонда Аллаһтың Елшісі с.а.с.: «Шын мәнінде, сол әйелдің істеген жақсы ісі үшін Аллаһ оны жәннатқа кіргізіп, тозақ отынан аман сақтайды»,-деді. (Айша р.а. анамыздан Муслим риуаят еткен).

16. «Жер бетінде жақсы, ізгі амал істегендері үшін жәннатқа кірген әйелдер, хор қыздарынан да сұлу болады. (Хаббан ибн Хабладан ибн әл-Мубарак риуаят еткен).

17. «Осы өмірде бір әйел күйеуіне зарар беретін болса, хор қыздарынан болған ол еркектің жәннатғы әйелі: «оны ренжітіп, мұңайтпа, жазаңды Аллаһ берсін. Ол тек қана сенің қонағың, ең жақын арада сенен айырылып, бізге (яғни, хор қыздарына[7]) оралады»,-дейді екен». (Муъаз ибн Жәбалдан Тирмизи риуаят еткен).

18. «Салиқалы әйел, ізгі амал істемейтін мың еркектен хайырлы». (Хадисті Умар ибн әл-Хаттаб жеткізген)

19. «Мына дүниенің жалғандығы – ол өткінші бір өмір ғана. Өткінші өмірдегі қолдануға берілген жақсылық – ол салиқалы, жақсы әйел». (Абдуллаһ ибн Амр әл-Ъастан Муслим риуаят еткен).

20. «Менің үмметімнің ең жақсы әйелдері, күйеулеріне сәлемі түзу (яғни, бойсұнушы) және қанағатшылдары». (Айша р.а. анамыздан ибн Ғади риуаят еткен).

21. «Сендердің ең жақсы әйелдерің, дүниеге бала әкеліп, қамқоршы болғандары. Аллаһқа нық сеніммен иман келтіргендері. Ал ең жаман әйелдерің, жартылай жалаңаш киініп, менмендігі асып тұрғандар. Екіжүзді, бетпақ әйелдер ешуақытта жәннатқа кірмейді. Салиқалы, ізгі әйелдер ақ қарға секілді өте аз болады».

22. «Бір күні, бір адам Аллаһтың Елшісіне с.а.с. келіп, былай деп сұрады: «Уа, Аллаһтың Елшісі с.а.с., адамдардың ішінде жақсы қарым-қатынас қылуға, жақсы сөз айтуға лайықтырағы кім?» Ол кісі: «Анаң» деді, одан кейін деп сұрағанда, «Анаң» деп жауап берді, ал одан кейінше деп сұрағанда, тағы да «Анаң» деп жауап берді. Одан кейін кім деп тағы да сұрағанда, Пайғамбар с.а.с «Әкең» деп жауап берді». (Абу Хурайрадан Бухари және Муслим риуаят еткен).

23. «Ибн Умардың айтуынша, бірнеше шайқастарда Аллаһ Елшісі с.а.с. әйелдер мен жас балалардың мәйіттерін көреді. Осыдан кейін пайғамбар с.а.с. әйелдер мен балаларға қылыш көтеруге қатты тыйым салды». (Байхақи риуаят еткен).

24. «Әйелдердің еркектерден артықшылығы Аллаһ оларды сезімтал етіп жаратқан. (Еркектерге қарағанда 99 есе сезімтал келеді). Дегенмен Аллаһ оларды ұялшақ қылап жаратқан». (Абу Хурайрадан Байхақи риуаят еткен).

25. «Бала туатын зинжи[8] әйелдер, бала тумайтын сұлу әйелдерден артық. Сендер көбейген уақытта, қайтыс болған шала-жансар баланың өзіде Жәннаттың есіктеріне келеді. Оған: «Жәннатқа кір»,-деп айтылады. Сонда олар: «Раббым, менің ата-анамның жағдайы не болады?»,-деп сұрайды. Оған: «Ата-анаңмен бірге Жәннатқа кір»,-деп айтылады». (Мурауия ибн Хайдадан ат-Табарани риуаят еткен).

26. «Мына дүниенің салиқалы әйелдері, хор қыздарынан жетпіс мың есе артық болады». (Хаббан ибн Абу Хабладан Ибн Мубарак риуаят еткен).

27. «Кімде кім анасының көзін сүйсе, осы ісі тозақ отынан қорғайтын қалқан болады». (Ибн Аббастан Байхақи риуаят еткен).

28. «Кімде кім әйелді күйеуіне, құлды қожайынына қарсы қойса, ол бізден емес[9]. (Абу Хурайрадан Абу Дауд риуаят еткен).

29. «Сен күлімсіреп ұлыңа қарасаң, саған «жақсылық» жазылады. Ал, күлімсіреп қызыңа қарасаң, саған «сый-сияпат» жазылады. Ендеше (тәрбие беруді) қыздан бастаңдар. Негізінде Аллаһ олар үшін өте жұмсақ». (Саъд ибн Абу Уаққастан Дилми риуаят еткен).

30. «Сендердің ең жақсыларың, әйеліне және қыздарына жақсы қарайтындарың». (Абу Хурайрадан Байхақи риуаят еткен).

31. «Егер әйел күйеуіне: «Аллаһ саған береке берсін» десе, оның күнәлары кешіріледі. Ал егер ол күйеуіне кішкене ғана ашуланса, Аллаһ оның жақсы, сауапты істері үшін жазылған сый-сияпаттарды өшіреді. Әйеліне сабырлық еткені үшін күйеуі кешіріледі». (Ибн Масъуттан Дилми риуаят еткен).

32. «Мінезі жақсы адамның иманы берік болады. Сендердің ең жақсыларың, әйелімен жақсы мәміле қылушыларың». (Абу Хурайрадан Тирмизи риуаят еткен).

33. Бір күні пайғамбар с.а.с. былай деді: «Сендерге жәннаттың тұрғындары арасында болатындар жайлы хабар берейін бе? Олар – пайғамбар, салих-ізгі адам, Аллаһ жолында жанын қиған шаһит, ұзақта тұратын мұсылман бауырын Аллаһ разылығы үшін зиярат етуші адам. Бұл сендердің құрсақ көтеріп, дүниеге нәресте әкелетін, қамқоршы әйелдерің. Олар сендермен ұрысып қалған уақытта, бірінші келіп, қолдарыңа қолын қойып: «сен маған разы болмайынша ұйықтай алмаймын», – дейді». (Ибн Аббастан Насаи риуаят еткен).

34. «Күйеуі әйеліне қараған уақытта, әйелі де оған махаббат жүзімен күлімсіреп қараса, Аллаһ оларға мейірімділікпен қарайды. Күйеуі әйелінің қолынан ұстаған кезде, олардың күнәлары саусақтарынан тамып, жуылады». (Абу Саъидтен әл-Рафиъи риуаят еткен).

35. «Егер Аллаһ біреуге салиқалы әйел берсе, онда Ол (Аллаһ) оның дінінің жартысында көмек бергені. Ендеше ол, екінші жартысында Аллаһтан қорықсын». (Анастан әл-Хаким риуаят еткен).

36. «Иман келтірген адамның тақуалығынан кейінгі иеленетіні ол салиқалы әйел. Оған бір нәрсе айтсаң бұйырсаң – бағынады, бойсұнады. Оған қарап қуанасың. Егер ант етсең (антыңды іске асыруда) көмек береді. Үйде болмасаң өзін және сенің дүние-мүлкіңді қорғайды. (Муъаз ибн Жәбәлдан ибн Мажа риуаят еткен).

37. «Аллаһ, өз жұбайына адал, бөтен еркектерге қорғандай қатты[10] болған әйелдерді жақсы көреді». (Алиден Дилми риуаят еткен).

38. «Аллаһ әйелдерге ұмтылыс ал еркектерге жиһадты берді. Осы үшін сыйлыққа ие болатынын біліп сабырлық еткен әйелге, шахитке берілген сыйлық беріледі. (Ибн Масъудтан Табарани риуаят еткен).

39. «Иман келтірген ер кісі, иман келтірген әйелін жек көргені дұрыс емес. Егер әйелінің жағымсыз мінезі болса, басқа көркем мінезді қылықтарына риза болғаны абзал». (Абу Хурайрадан Муслим риуаят еткен).

40. «Әйеліне көмек беру – ізгі амалдардан». (Ибн Умардан Дилми риуаят еткен).

41. Бір күні пайғамбар с.а.с. былай деді: «Кәмелет жасқа толмаған үш баласы қайтыс болған мұсылманды Аллаһ жәннатқа кіргізеді. Сол кезде одан с.а.с.: «ал егер екі баласы қайтыс болса ше?»,-деген де. Ол да кіреді,-деді. Кейін тағыда: «бір баласы қайтыс болса?»,-деп сұрады. Бір баласы қайтыс болған адамды да Аллаһ жәннатқа кіргізеді,-деді. Жаным қолында болған (Аллаһ)пен ант етейін, шала-жансар туылған бала дүние салса да жәннатқа жетелейді. Егер олар балаларынан айырылған сәтте, (қиямет күні) сыйлыққа ие болатынын біліп сабырлық ете білсе. (Маъаздан Табарани риуаят еткен).

42. «Әйел – әлсіз, қорғансыз адам. Ол көшеге шыққан уақытта шайтан оны шалуға тырысады». (Ибн Масъудтан Тирмизи риуаят еткен).

43. Бір күні Аллаһ тағаланың Елшісіне с.а.с. әйелдер келіп: «Уа, Аллаһтың Елшісі с.а.с., еркектер Аллаһ жолында жиһад қылады, біздің де мужаһид болуымыз үшін не істеуіміз керек?»,-деп сұрады. Сонда пайғамбар с.а.с.: «Әр біріңнің үй тірлігімен айналысуың – Аллаһ жолындағы жиһад болып есептеледі»,-деп жауап берді. (Анастан Байхақи риуаят еткен).

44. «Бұзақы әйелдің жаман іске баруы, мың еркектің жаман іске баруымен тең. Бір әйелдің ізгі, салих амал істеуі, жетпіс ізгі адамның ісіне тең. (Ибн Умардан Бухари риуаят еткен).

45. «Өз әйелдерін құл секілді ұрып, кешке (сол ұрған әйелімен) бір төсекке жататындардың қатарынан болмаңдар». (Абдуллаһ ибн Самхадан Бухари риуаят еткен).

46. «Әйелдермен жақсы қарым-қатынас қылыңдар. Негізінде әйел қабырғадан жаратылған. Қабырғаның жоғарғы бөлігі қисық келеді. Оны түзегің келсе, сындырып аласың. (яғни, онымен қарым қатынасыңды бұзып аласың). Ал егер өз жайында қалдырсаң, сол қисайған күйінде қалады. Осы себепті әйелдермен (әруақытта) жақсы мәміледе болыңдар». (Абу Хурайрадан Бухари риуаят еткен).

47. «Әйел адам қисық қабырға секілді. Оны түзетемін деп сындырып аласың. Ал егер өз жайында қалдырсаң, өз болмысына сай істерімен рахатқа бөленесің. Оның жаман қылықтары болған күнде де. (Абу Хурайрадан Муслим риуаят еткен).

48. «Кімде-кім Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірсе, көршісін ренжітпесін! Әйелдермен (әркез) жақсы қатынаста болыңдар, өйткені олар қабырғадан жаратылған, ал қабырғалардың ең қисық жері – жоғарғы бөлігі, оны түземек болсаң сындырып аласың, ал жөніне қалдырсаң, сол қисық күйінде қалады, (сондықтан) әйелдермен (әркез) жақсы қатынаста болыңдар». (Абу Хурайрадан Бухари риуаят еткен).

49. «Жесірлер мен мұқтаждарға көмек беруші, Аллаһ жолында күресушілермен және күндіз ораза ұстап, түнімен намаз оқығанмен тең». (Абу Хурайрадан Тирмизи риуаят еткен».

50. Али ибн Аби Талиб намазда дұға етіп, былай деді: «Раббымыз, бізге осы дүниенің жақсылығын және мәңгілік дүниенің жақсылығын нәсіп ет!». Осы дүниенің жақсылығы дегені – салиқалы әйел, мәңгілік өмірдің жақсылығы – жәннат және хор қыздары». (Тафсир әл-Бағауи).

51. «Шала-жансар қайтыс болған нәресте, ата-анасын тозаққа әкетіп бара жатқанда, өз Раббысынан қашады. Сонда оған: «Ей Раббысынан қашушы: «Ата-анаңды жәннатқа қарай жетеле»,-деп айтылады. Ол қуанып ата-анасын жәннатқа қарай жетелейді». (Алиден ибн Мажа риуаят еткен).

52. Періштелер былай дейді: «Еркекті сақалымен, әйелді бұрма шаштарымен көркемдеген Аллаһқа сансыз мадақтар болсын». (әл-Хаким риуаят еткен).

53. «Еркек әйелдің қойшысы (жауапкер). Аллаһ одан әйеліне қалай қарағандығы жайында сұрайды[11]. әйелі күйеуіне қойшы болады. Аллаһ одан да (күйеуі одан разы болғандығы) жайлы сұрайды». (Анастан Дилми риуаят еткен).

54. «Сендерден әр бірің қойшы секілді, қол астындағыларға жауап береді. Басшы да қойшы секілді, өзінің қойларына (басқарып отырған мемлекетіне) жауап береді. Еркек жанұяның қойшысы, ал әйел күйеуінің үйіне және балаларына қойшы әрі осы ісіне жауапкер болады». (Абу Хурайрадан Бухари риуаят еткен).

55. Бір күні бір адам, Аллаһ Елшісінен с.а.с.: «Әйелдердің қандай құқықтарын сақтауымыз қажет?»,-деп сұрады. Пайғамбар с.а.с. былай жауап берді: «Өзің тамақтандың ба, оны да тамақтандыр. Өзіңе киім сатып алдың ба, оған да сатып ал. Оның бетінен ұрма, ұрысып болған соң мазақ қылма, үйде жалғыз өзін қалдырма». (Муъауия бин Хайдадан ан-Науауи риуат еткен).

56. Айша р.а. әйелдерге қарап былай деді: «Ей, әйелдер! Сендер күйеулеріңнің алдындағы міндеттеріңді білгендеріңде ғой, өздеріңнің беттерің шаң бол тұра, күйеулеріңнің бетіндегі шаңды сүртер едіңдер». (Абу Шейх риуаят еткен).

57. «Әйел – ер кісінің екінші жартысы». (Айша р.а. анамыздан Ахмад риуаят еткен).

58. «Шын мәнінде Аллаһ, аналарыңды құрметтемеуге, берілуі тиіс нәрсені бермеуге, басқалардың өз істеріңмен мазалауға, жаңа туылған нәресте қыздарыңды өлтіруге тыйым салды[12]. Ол (Аллаһ) адамдар жайында естіген күмәнді сөздерді таратуды, мәнсіз сұрақтар қойып (өзіңнің шамам келе тұра көмек) сұрауды, дүние-мүлікті босқа ысырап қылуларыңды ұнатпайды. (Муғира бин Шуъбадан Бухари және Муслим риуаят еткен).

59. «Егер мұсылман бір әйелдің діні және сұлулығы үшін үйленсе, онда ол әйел күйеуі үшін (құлауынан қорғайтын) қорған болады. (Ибн Аббастан Дилми риуаят еткен).

60. «Салиқалы әйел басқа әйелдерден, бір аяғында ақ белгісі бар қарға секілді ерекше болады». (Абу Амамадан Табарани риуаят еткен).

61. Мухаммад с.а.с. пайғамбар с.а.с. әйелдерге қарап былай деді: «Ей әйелдер! Сендердің ең жақсыларың жақсы еркектерден бұрын жәннатқа кіреді. Бұл ізгі әйелдер (жәннатқа кірген соң) жуынып, тазаланып, әдеміленіп ең мықты аттарға мініп күйеулерін қарсы алуға шығады. Оның үстінде әшекейлер, жандарында қызметшілері болады, олар жылтыраған меруерттей болады». (Абу Амамадан Абу Шейх риуаят еткен).

62. Пайғамбарымыз с.а.с. былай дейді: «Аллаһ тағала Менен бұрын ешкімнің жәннатқа кіруіне рұқсат бермеді. Мен жәннаттың қақпасына жақындап келгенімде, оң жағымда жәннатқа менен бұрын кіргісі келіп тұрған бір әйел тұрады. Неге ол менен бұрын кіргісі келеді деп сұрағанымда, маған былайша жауап беріледі: «Ей Мухаммад с.а.с., бұл әйел өте сұлу болған. Осыған қарамастан ол жетім қыздарды тәрбиеледі. Оларға сабырлық етіп өсірді. Осы себепті Аллаһ оны сый-сияпатпен құрметтеді». (Абу Хурайрадан Хараити және Дилми риуаят еткен).

63. «Өтірік айтуға тыйым салынған, тек үш жағдайда ғана болады: әйелінің көңілі үшін күйеуінің өтірік айтуы, соғыста жауды жеңу үшін (айла қолданып) өтірік айтуға болады, адамдарды жарастыру үшін өтірік айтуға болады». (Язидтің қызы Асмадан Ахмад және Тирмизи риуаят еткен).

64. «Ақылды әйелдерге үйленіңдер. Себебі олардың ауыздары тәтті, құрсақтары таза, олар аз нәрсеге (төсек қатынасында) қанағатшыл». (Абдуррахман Салимнен Ибн Мажа риуаят еткен).

65. «Мына дүниеде мен үшін әйелдерден сүйіктірек нәрсе, қастерлі әрі көзімнің нұры болған – намаз». (Анастан Насаи риуаят еткен).

66. «Егер бір еркектің қызы туылса, ол оны ренжітпей, зарар бермей, ұлына ғана ұрысып, тәрбиелейтін болса, Аллаһ тағала қызы үшін оны жәннатқа кіргізеді». (Ибн Аббастан Ахмад риуаят еткен).

67. «Дүниеге қыз келген уақытта, Аллаһ тағала ол жерге періштелерді жіберіп, сәлемін айтып: «Мына үйдің тұрғындары, сендерге сәлем болсын»,-дейді. Періштелер қанаттарымен жаңа туылған қызды қорғаштап былай дейді: «қандай әлсіз, қорғансыз еді, әлсіз денеден шықты. Егер әкесі оны тәрбиелеп өсірсе, қияметке дейін оған Аллаһтың жәрдемі болады». (Набит бин Шурайттан Табарани риуаят еткен).

68. «Дүниеге қыз келген уақытта, Аллаһ тағала бір періште жібереді. Періште: «қандай әлсіз, қорғансыз еді, әлсіз денеден шықты»,-дейді. Кім осы нәрестені тәрбиелеп өсірсе, Аллаһ оған қияметке дейін жәрдем береді. «Дүниеге ұл келсе, Аллаһ тағала аспаннан періште жібереді. Періште нәрестенің екі көзінің арасын сүйіп: «Саған Аллаһтың сәлемі болсын»,-дейді. (Анастан Табарани риуаят еткен).

69. «Ең жақсы балалар – нәзік, мейірімді, қымбатты, игі қыздар». (Алиден Дилми риуаят еткен).

70. «Қыздарыңызға ашуланып, ренжімеңіздер, өйткені олар қымбатты, мейірімді». (Набит бин Шурайттан Дилми риуаят еткен).

71. Бір адам пайғамбармен с.а.с. отырған уақытта, оның баласы жанына келді. Ол баласын сүйіп тізесіне отырғызды. Ал жанына қызы келгенде, алдына отырғызды, бірақ сүймеді. Сонда Аллаһтың Елшісі: «Сен неге оларға әділсіздік жасайсың?»,-деді. (Анастан шейх Юсуф риуаят еткен).

72. «Аллаһ тағала өз қыздарына сабырлық еткен әрі осы үшін сыяпатқа ие болатынын білетін адамды жақсы көреді». (Абу Хурайрадан Абу Шейх риуаят еткен).

73. «Қыздар – олар мейірімді, игі жандар. Бір қызы бар адамды Аллаһ тағала тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адам, солардың себебімен жәннатқа кіреді. Ал үш қызы бар немесе қыздары секілді кіші қарындастары бар адам, оларға қамқоршы болса, оның мойнынан жиһад пен садақаның жауапкершілігі түседі». (Анастан Дилми риуаят еткен).

74. «Егер бір адамның үш қызы болса, оларды киіндіріп, қамқорлық етіп, тамақтандырып оларға сабырлық етсе, қыздары қиямет күні тозақ отынан сақталуына себепші болады». (Ъуқба бин Амирден ибн Мажа риуаят еткен).

75. «Біреудің басына қыздары себепті қайғы-қасірет, сынақ келсе, ал ол оған сабырлық етсе, оттан құтқарылуына қыздары себепші болады». (Айша р.а. анамыздан Тирмизи риуаят еткен).

76. «Кімде кім екі қызын немесе қарындастарын немесе анасының сіңлілерін немесе әкесінің қарындастарын немесе әжелерге қамқорлық етсе, жәннатта Менімен[13] бірге болады. Ал кімде кім жоғарыда аталғандардың үшеуіне қамқорлық етсе, құтқарылушылардан болып, жетістікке ие болады. Ал кім олардың төртеуіне немесе бесеуіне қамқорлық етсе…, ей адамдар, солар секілді болыңдар». (Абу әл-Мухбирден Табарани риуаят еткен).

77. «Кімнің үш қызы немесе қарындасы болса, ал біреуде екеуі болса, оларды тек қана Аллаһтың разылығы үшін ренжітсе, дегенмен оларға жақсы мәміле жасаса – ол үшін берілетін сыйлық жәннат болады». (Абу Саъид әл-Худриден Тирмизи риуаят еткен).

78. «Әйелге игілік, салиқалық берілгеннің белгісі – оның тұңғышының қыз болуы. Себебі Аллаһ былай дейді: «Егер қаласа біреуге қыз береді, қаласа ұл береді». (Ибн Умардан ибн Мардауия риуаят еткен).

79. «Салиқалы әйел – ол, аз төлемді кешіріп, бірінші нәрестесі қыз болады». (Айша р.а. анамыздан Суюти риуаят еткен).

80. Пайғамбарымыз с.а.с. Сурақа бин Маликке былай деген: «Саған мейірімділіктің ең жақсысын нұсқайын ба? Бұл – игілік, қызыңа берген жәрдемің, ажырасқаннан соң саған қайтарылып берілгені, сенен басқа оның ешкімі, қамқоршысы жоқ». (Сурақа бин Маликтен ибн Мажа риуаят еткен).

81. «Егер әйел күйеуі қайтыс болған соң, үйінде отырып, балаларын тәрбиелесе, жәннатта менімен[14] бірге болады». (Анастан ибн Бушран риуаят еткен).

82. «Егер әйел күйеуінің жәбіріне шыдап, «мойынсұндым» десе, Аллаһ оның «мойынсұндым» деген сөзінен, Аллаһқа мадақ айтатын бір періште жаратады. Періштенің Аллаһқа айтқан мадағының сауабы «мойынсұндым» деп айтып жүрген әйелге жазылады». (Ибн Аббастан Дилми риуаят еткен).

83. «Аналарына құштарлықпен қарау харам етілгендей, мужаһидтердің[15] әйелдері жиһадта болмағандарға рұқсат етілмейді». (Язид бин Сулейман әкесінен естіген. Муслим риуаят еткен).

84. «Ең жақсы әйелдер, ансарлардың[16] әйелдері. Себебі олар ұялшақтар. Дегенмен олардың ұялшақтықтары, дін ілімдерін үйренулеріне кедергі болмады». (Айшадан р.а. Муслим риуаят еткен).

85. «Әйелдер әлсіз, қорғансыз етіп жаратылған. Үйде олардың қорғансыздығын білдірмеңдер. Әлсіздігін үнсіздікпен жеңе біліңіздер (дөрекілік көрсетпеңіздер)». (Ибн Аббастан Дилми риуаят еткен).

86. «Ізгі еркектің ізгі әйелі, патшаның басындағы әшекейленген алтын тәжідей. Ізгі еркектің күнәһар әйелі, қартайған адамның арқасындағы ауыр жүк секілді». (Абдуррахман ибн Абзадан ибн Абу Шейба риуаят еткен).

87. «Әйелдер үш түрлі болады: 1) ыдыс секілді, көтеріп қайта қоя тұғын; 2) терісі ауыратын түйе секілді; 3) мейірімді және бала туатын, иманын мықтылау үшін күйеулеріне көмек беретін, бұндай әйел еркек үшін қазынадан да қайырлы». (Жабирден Байхақи риуаят еткен).

88. «Әйелдерің үш түрі болады: 1) таза, бақытқа кенелтетін, жұмсақ, мейірімді, бала туатын мұсылман әйел, күйеуіне көмек береді әрі ауыр жүк болмайды, бұндай әйелдер өте аз болады; 2) ыдыс секілді әйел, туғаннан басқа еш нәрсе білмейді; 3) дөрекі сайқал. Аллаһ оны қалағанына бере алады. Қаласа кері алады». (Умар ибн әл-Хаттабтан инб Абу Шейба риуаят еткен).

89. «Аллаһқа иман келтірген әйелге, күйеуі ұнатпайтын адамды үйіне кіргізуіне тыйым салынады. Күйеуі ұнатпаған уақытта үйінен шығуға тыйым салынады. Әйелге күйеуінен басқа адамды тыңдауына болмайды. Егер күйеуі жәбір көрсетсе де оған өзі келіп ризашылығын алуға тырысқаны жөн. Егер күйеуі риза болса, бұл әйелі үшін жақсы бір игілік болады. Дегенмен әйел қанша тырысса да күйеуі риза болмаса, онда ол әйелдің ары Аллаһтың алдында таза болады». (Муъаз ибн Жабалдан әл-Хаким және Байхақи риуаят еткен).

90. «Егер әйелдеріңмен қосылсаңдар, сендерге жақсылық жазылады». Сонда адамдар: «Уа, Аллаһтың Елшісі с.а.с.: «сонда қалай, әйелімізбен қосылсақта жақсылыққа ие боламыз ба?»,-деп сұрады. Пайғамбар с.а.с.: «Егер адам харам жолмен жақындасса (зина істесе), оған күнә жазылады. Халал жолмен жақындасса оған сауап жазылады». (Абу Заррдан Муслим риуаят еткен).

91. Абдуллаһ бин Масъудтың әйелі Зәйнаб айтты: Бір күні Аллаһтың Елшісі с.а.с. әйелдерге қарап, былай деді: «Ей әйелдер! Жеке құнды заттарыңнан садақа беріңдер». Мен үйге келіп күйеуіме былай дедім: «Сен мұқтаждардың қатарынансың. Аллаһтың Елшісі с.а.с. бізге садақа беруімізді бұйырды. Саған садақа берсем болады ма, де пайғамбардан с.а.с. сұрап келесің бе? Егер болмаса онда басқа адамға беремін». Абдуллаһ маған: «Өзің барып сұра»,-деді. Мен сұрауға келгенімде, пайғамбардың с.а.с. үйінің есігінің алдында менің сұрағымды қою үшін тұрған ансарлардың бір әйелін көрдім. Бізге Біләл шыққан кезде, сұрағымызды оған қойдық. Аллаһ Елшісі с.а.с.: «Сұрап жатқан қандай әйелдер»,-деді. Біләл: «біреуі ансарлар-дан, екіншісі Зәйнаб»,-деді. Пайғамбар с.а.с.: «қай Зәйнаб»,-деп сұрады. Біләл «Абдуллаһтың әйелі»,-деді. Кейін Аллаһ Елшісі с.а.с.: «Оларға екі есе сыйлық – бірі жақындастығы үшін, екіншісі берген садақасы үшін»,-деді. (Зәйнабтан әш-Шейхан риуаят еткен).

92. «Егер әйел күйеуінің мүлкінен, зарар бермей, ысырап қылмай садақа берсе, оған сауап жазылады. Сонымен бірге күйеуінің еңбекақысына (яғни, жұмыс істеп ақша тапқаны үшін) және жұмыс берушіге де сауап жазылады. Және әр бірінің сауабы кемімейді». (Айша р.а. анамыздан Абу Дауд риуаят еткен).

93. «Бір күні бір сахаба, Аллаһ жолында кетіп бара жатып, сапардан оралғанға дейін әйеліне екінші қабаттан төменге түсуіне тыйым салатындығын айтты. Бірінші қабатта ол әйелдің әкесі тұратын еді. Әкесі науқастанып, қызына төмен түсіп, өзіне қарауын өтінді. Бұл жағдайға байланысты пайғамбардан с.а.с. не істейтіндігін сұрады. Ол кісі с.а.с.: «Аллаһтан қорық, күйеуіңе бойсын»,-деп сәлем айтты. Кейін әкесі дүние салды. Осы кезде де әйел пайғамбардан с.а.с. не істеу керектігін сұратты. Пайғамбар с.а.с. бірінші сұраған кездегі жауабын, қайта айтқан болатын. Кейін пайғамбар с.а.с.: «Шын мәнінде Аллаһ, ол әйелдің әкесінің күнәларын, күйеуіне мойынсұнғандығы үшін кешірді»,-деп айтты. (Анастан Тирмизи риуаят еткен).

94. Умар ибн әл-Ахуас Аллаһ Елшісімен с.а.с. бірге қоштасу қажылығында[17] болды. Қоштасу қажылығында Аллаһ Елшісі с.а.с. Аллаһқа мадақ айтып, адамдарға уағыз айтты. Уағызында Аллаһ Елшісі с.а.с.: «Мен сендерге әйелдеріңе жақсы мәміле жасауды өсиет етемін. Себебі олар тұтқындарың секілді. Олар қарсы шықпайынша, олармен жаман мәміле қылмаңдар. Егер қарсы шықса бөлек жатыңдар[18]. Жазалайтын болсаңдар, қатты жазаламаңдар, ауыртпаңдар. Егер мойынсұнса келеке етпеңдер. Оның сендерде, ал сендердің әйелдеріңнің алдында құқықтарың бар екендігін ұмытпаңдар. Сендердің құқықтарың, сендер ұнатпайтын адамды үйге кіргізбеуі. Олардың құқықтары, жақсы киіндіріп, тамақтандыруларың». (Тирмизи риуаят еткен).

95. Пайғамбар с.а.с. былай деген: «Аллаһым, екі адамның құқықтарына байланысты күнә істеп қоюымнан, мені сақтай гөр. Жетімдер мен әйелдердің құқықтарынан». (Абу Шурайх бин Амрден ибн Мажа риуаят еткен).

96. Пайғамбар с.а.с. былай деген: «Маған әлсіздерге көмек беруде жәрдем етіңдер. Себебі әлсіздердің дұғасымен, бізге көмек және тағам келеді». (Абу Дардадан Абу Дауд риуаят еткен).

97. «Еркек әйелін сусындандырса, оған осы ісі үшін сауап жазылады». (Бухари риуаят еткен).

98. «Ата-аналарыңмен жақсы қарым-қатынас жасаңдар, сол жақсылықты балаларыңнан көресіңдер. Әйелдеріңе таза болыңдар (яғни, зина жасамаңдар). Сонда оларда сендерге адал болады». (Табарани риуаят еткен).

99. «Аллаһ өзін еркектерге ұқсатқан әйелдерді, және өзін әйелдерге ұқсатқан еркектерді лағнеттеді». (Бухари риуаят еткен).

«Қиямет күні әйелден ең бірінші сұралатын нәрсе, намазы және күйеуіне мойынсұнғандығы». (Абу Шейх риуаят еткен).

Раббым Алла, Өзіңе ғана құлшылық қыламыз әрі Өзіңнен ғана жәрдем тілейміз. Бізді бақытқа, бейбітшілікке жетелейтін тура жолға түсіріп, адасушылардың қатарынан қыла көрме.
Амин!