Әйел­дердің ерімен қосылып арақ ішуі етек алып барады

Балалық шағы­мыз­ Екін­­­ші дүние­жү­зі­лік соғыстың сұрапыл жыл­дарымен тұстас келді. Ол бір қиын ке­­зең еді ғой. Қа­ра­ғай­лы орманның қол­ты­ғына орналасқан біз­дің ел бәлендей ашы­ға қоймады. Орыс по­сел­келерімен қарым-қатынас жасап, қайта соларға қайың мен қа­рағайын апарып, кө­біне картопқа айыр­бастап талғажау қы­латын-ды. Қыста әке­міз Қостанай қа­ласына (60 шақырым араға бір қонып) отын, шөп, қол диірменге тартқан бірер пұт ұнын, жемі мен кебегін сатып, отбасына қажетті арзанқол киім-кешек, қант-шайын сатып әке­летін. 

Өмірдің аты өмір, ол өз кезегімен өтіп жатты. Сондай қиын уақыттардың өзінде той-томалақ болып тұратын. Жігіттер соғыстан оралып, ба­­лаң жігіттер ерже­тіп, отау құрып, нәрестелер дү­ниеге келе бастады. Ауыл барымен базар деп, шаймен болса да қуаныштарын бөлісіп, көңіл көтеріп, мәре-сәре болып жататын. Кейін жұрт есін жиып, тойына бастағанда арақ деген бәле шықты. Ер­теректе оны ауылдың «игі­ жақ­сылары» ғана ара-тұ­ра ішетін еді. Міне, тап со­лар бұл жөнінен «өнеге көр­сетті» десем, ешкім дау айта қоймас. Халық «Балық басынан шіриді» деп осындайда айтқан ғой. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген емес пе? Осы бір теріс әдет ел арасына тарай бастады. Шаруа баққан жігіттер әлгінің дәмін татып, соған үйірсек болды.

Тың игеруге орай қа­зақ ауылдарына қоныс теп­кендер бұл жөні­нен «кө­семдік» көрсетті. Аға­ла­рымыз қырға егін салып, шөп шауып, мал бағып жат­­қанда, жеңгелеріміз орыс­­­тың мәтүшкелерімен (мать,­ матушка деген орыс сө­зі) қантсыз ашыған боза (браш­ка) ішіп, сайрандауды шы­ғарды. Сол жылдары елде үлкен де, кіші де ішімдікке әуес­теніп алды. Кейін жаппай ішу басталды. Содан қазақ әлі ішіп келеді. Шегінер, ақыл-тоқтамға келер түрлері байқалмайды.

Ішімдіктің зияны, оның әке­летін қайғы-қасіреті туралы аз жазылып жатқан жоқ. Бір сәт төңірегіңе көз­­ тасташы. Бәленше жол­ апатына ұшырапты, түген­шені пышақтап кетіпті, әл­гі бәленшенің ұлы әке­сін өлімші ете ұрып, зейнет­ақы­сын тартып алыпты деп ес­тисің. Арақтың қазаққа тигізіп отырған залалы шектен шықты десек, артық айт­қандық емес. Ішімдікке бейім ұлт қалайша өз елінің қо­жасы болмақ? Отбасының бас көтерері маскүнем болса, үйде қандай береке, қандай ынтымақ-бірлік болмақ? Жалтақтап өскен, ашқұрсақ балалардың ертеңі не болмақ?

Отбасының ұйытқысы, құт-­берекесі саналатын әйел­дің ерімен қосылып арақ ішуі етек алып бара ма, қалай? «Мас­күнем әке  ̶ тауқымет, маскүнем ана  ̶ қасірет» деп тегін айтылмаса керек. Екеуі де әң әуелі өз ұрпақтарын сорлатады. Бүгінде ішімдіктің салдарынан кемтар туып, кембағал болған балалар қаншама. Қылмыс жолына түскендер ше? Өзіне өзі қол жұмсау, яғни суицидтен әлем бойынша екінші орынға көтерілген Қазақстан арақ ішуден де алға шықты. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының спиртті ішімдіктер тұтынуға қатысты әлем бойынша жүргізген арнайы зерттеулерінде Қазақ­стан 188 елдің арасынан 34- орынға көтерілген. Орталық Азия елдерімен салыс­тырсақ, бұл тізімде Қырғызстан – 106, Түрікменстан – 114, Өзбекстан – 131, Тәжікстан 134-орыннан көрінген. Бұл нені көр­сетеді? Ойлан, аға­йын! Ойлан қазақ! Жоға­рыда айтылған ұйым­ның деректері бойын­ша жылына 8 литр арақ іш­кен адам маскүнемдердің қа­тарына жатады екен. Ал бізд­е адам басына шаққанда, арақ ішу 33,5 литерден келеді. Адам басына! Әділін айту керек, бізде арақпен қош ай­­тысқандар да жеткілікті. Мұны ескерсек 33,5 литрден әлдеқайда көп болса керек. «Қазақтың араққа кеткен ақ­шасынан тау тұрғызуға болады» деген әзіл айтылып жүр. Жаны бар әзіл.

Арақ ішуге сылтау көп-ақ. Сәбидің дүниеге келуі, олар­­ды туған күнінен бас­тап, мектеп, институт бі­тіруі, әскерден аман-сау ке­луі, тіпті газетке шығып жат­са да көрші-көлем болып ішуді ұнататын абысын-ажындар жоқ емес. Осы орайда белгілі сатирик-ақын Се­рік Кенжеахметовтің «Ағайын тату болса арақ көп,­ абысын тату болса, шарап көп» деген мысқылы ой­ға оралады. Ішуге сылтау көп дедік қой жоғарыда. Солай екен деп тізгінді бос жіберуге әсте болмас. Ер­теңі­­мізді, жастарымыздың бо­ла­шағын ойлайық. Үкімет те бұл жөнінде нақтылы ша­ра қолдануы керек деп есеп­тейміз.  Соғым сою, омыртқаға шақыру қазақтың еншісіне тиген, күні бүгінге дейін жал­ғасын тауып келе жатқан жақсы дәстүрі. Алайда осын­дай басқосулар көбіне арақты сілейгенше ішуге ұласады. Ондай жерде әрине, ешқандай береке болмасы өзінен өзі түсінікті. Ауылда соғым сойған күні көрші-көлем түгел шақырылады ғой. Міне, сонда кәрі кем­пірлердің, күркілдеп отыр­ған шалдардың арақты сі­міретінін қайтерсің. Орта жастағылардың да өздерін шектей алмай, ащы судың жетегінде жүргенін қалай айтпасқа?! Әрине бүкіл жұрт солай екен деуден аулақпыз. Алайда бұл жаман әдет ел өміріне бойлай енгенін айтпай тағы болмайды. Бізде қалдырып ішу деген болмайды деп масаттанады кейбір ішкендер. Олар тізгінді бос жіберіп, стақанды басына бір-ақ көтереді. Мұндай «батырлықтың» ақыры неге апаратындығында шаруа жоқ. Сонда деймін-ау, арақ біздің сыйластығымыздың, тілеулестігіміздің өлшемі бол­­­ғаны ма?

Көлгірсімей шындыққа жүгін­сек, бүгінде қазақ жұр­­ты арақ-шарап ішу­де Орталық Азиядағы ағайын­дарға ша­ңын көрсет­пей кетті. Кей көр­шілерде соң­ғы жылдары той-томалақ өткізуге қатаң шектеу енгізілген. Мәселен, қырғыз үкіметі той өткізуде шашылып-төгілмеуді көз­деген заң қабылдапты, он­да тойға қатысты жайттар санамалап көрсетіліп, нақ­ты шектеулер қойылған. Осындай бір заң біздің елге де қажет-ақ. «Мейрамдар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» Үкіметтің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі №1465 қаулысын орындауды қадағалау қатаң қолға алынбай келеді. Ата-баба сал­тында арақ-шарап ішу бол­маған ғой. Сусын ретінде қымыз бен шұбат, тарыдан жасалған боза ішкен. Тегі саламатты ғұмыр кешкен халық едік. Бүгінде араққа түгелге жуық бет бұрып, оны дастарқанның сәні, ойын-тойдың ажарын келтіретін «қажетті» ішімдікке айналдырып алды.

«Бәрі ішетін: әкесі, бала­сы да,

Шешесі де, қызы да, бабасы да.

Арақта әкесінің құны кеткен,

Халықтың жүргендеймін арасында»,  деп күңірене толғанады жазушы Сұлтанәлі Балғабаев. Байқаймыз ба, ағайын, қай­да бара жатқа­ны­мыз­ды. Тұң­ғиыққа батырар кеселден сақтанайық. Ішім­дікке үйір жандар рухани жа­ғынан мешеу, ұлттық салт-дәс­түр мен әдет-ғұрыптан жұр­дай, ді­нінен безген. Сүйекке таңба, елдікке мін болып та­былатын келеңсіз жайт­тардан арылу жағын осы бастан ой­лас­тырғанымыз жөн.

Қанапия МЫРЗАҒОЖИН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 

«Егемен Қазақстан» газеті