ӘЙЕЛДЕРГЕ ОЙ САЛУ
«Жазмыштан озмыш жоқ». Денсаулықтың кінәраты деген нәрсе оңай емес. Әрине, айтқан жерден аулақ! Біреу белсіз, біреу бедеу. Енді қайтесіз, осылай да болады. Қазақ ондай әйелге қатысты «пұшпағы қанамаған» деп жатады. Бірақ ондай міскіндерді де өзекке тепкен емес. Тарих куә: егер бәйбіше бедеу болса, өзінен кейінгі тоқалдың баласын қойнына салады. Сөйтіп, еміреніп ана болады. Бала тәрбиелеп, ұрпаққа ұйытқы болады. Сол үшін де Алла олардың екі дүниесін жеңілдетеді, пейіліне береді. Арғы-бергі замандағы көбіміз – сондай аналардың етегінде асыр салып, маңдайы ашылғандарданбыз.
Соңғы кеңес кезеңінде және қазір де «пұшпағы қанамаған» біраз әйел білім, мәдениет, саясат саласында жауапты орындарға шығып алып, ұлт һәм ұрпақ мәселесін «төгілтіп» айтатын болды. Бәрі дұрыс, бәрі жақсы. Алайда өз тәжірибесінде ағайынның немесе жаттың бір баласын тәрбиелемеген адам тәрбие туралы не айта алады? Нонсенс!
Әне бір жылы Батыс Қазақстанның бір темір жол бекетінен ағайынды екі қазақ жетімегі табылды. Мұны «Хабар» хабарлады. Құдайдың құдіреті, Түркістанның бір кемпірі осы балаларды іздеп барып, бауырына салатынын айтты. Қандай әсерлі, тағылымды бастама десеңізші! Ал сол апа біршама сауатты болса да көлгірсімейді, мінберлерге де шықпайды…
Үстіміздегі 8 наурызда кім нені ойлағанын білмеймін, ал мен осыны ойладым. Екінші ойлағаным жалпы осы мерекенің аты мен мәртебесі турасында болды. Кеңес мектебінен өткен барша азаматтан бұл жөнінде сұрасаңыз, олар әке-шешесін танығандай етіп: «8 наурыз, Дания, Копенгаген, Клара Цеткина, Халықаралық әйелдер күні» судырата жөнеледі.
Әр нәрсеге әркімнің өз көзқарасы бар. Мысалы, маған «8 наурыз – Аналар мен арулар мерекесі» деген сондай жылы, ал «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» деген сондай суық көрінеді. Мәскеуде Ленин даңғылы, Ленин ескерткіші әлі күнге мызғымай тұр. 8 наурыздың «халықаралық» реңкі дәл осындай. Себебі мұны мереке ретінде тойлайтындар ТМД елдерінен басқа — Ангола, Буркина-Фасо, Гвинея-Бисау, Камбоджо, Конго, Лаос, Монғолия, Солтүстік Корея, Неапал, Уганда. Жадымнан шыққан жоқ: тура осылар ғана және тағы бір-екі ел. Біз болсақ бәрін білетіндей өз-өзімізді алдап, «халықаралық» деп қоямыз.
Ресейдің Лениніне, 8 наурыздағы «халықаралығына» дауымыз жоқ. Себебі, ол – бұлардың өз тарихы. Сондықтан білгенін жасасын. Ал, зайырлы және зиялы қазаққа келсек, оның «Аналар мен арулар мейрамы» қайда?
Айтқандайын, әлемнің төңкерісшіл бөлігінің миын «8-март» деп айналдырып қойған Данияда әлгі «халықаралық» саяси мейрам мүлде тойланбайды. «Осындайда қойларды ет комбинатының қасапханасына бастап апаратын алдапсоғар-жемсоғар ешкілердің (козел-провокатор) әрекеті еске түседі» деуші еді менің бір құрдасым. Есесіне даттарда мамырдың екінші жексенбісі – «Аналар мейрамы».
Қайран Леонид Ильич-ай, 1967 жылдан 8 наурызды демалыс күн жасаған! Сол Брежнев бастамасымен 1977 жылы БҰҰ мінберінен әйелдердің саяси мейрамын әлемдік мереке ету көтерілген-ді. Оразды ұлттар бұған күлген де қойған. Енді көрмейсіз бе, сол мейрамның атауы мен мәртебесі өзгеріссіз тәуелсіздігімізге жетіп отырғанын!
Құр байбалам ешкімге де керек емес. Әсіресе, төңкеріс пен аударыс! Әлгі «халықаралық 8 наурыздың» арғы бастауында 1857 жылы 8 наурыздағы Нью-Йорк тоқмашыларының «бос кәстрөл шеруі», 1910 жылы 8 наурыздағы социалшыл-төңкерісшіл әйелдердің Копенгагенде айқай-шумен өткен ІІ конференциясы тұр. Мұны кімнен жасырамыз? «Жанбай жатып сөнген іске» не үшін мақтанамыз?..
Біз тәуелсіздікті КСРО-ны жаңғыртып емес, құлатып алған жоқпыз ба? Ендеше неге мейрамдарымыз тәуелсіздік рухында емес?
Әйел құқы, гендер-мендер дейміз-ау, оны Құран һәм Хадиста жүйе-жүйемен сараптап түсіндірген классикалық исламды, аналар мен аруларға тұтас ру атын берген, эпос-жыр арнаған нағыз қазақты неге қадірлемейміз?..
Азат Қазақстанға «Аналар мен арулар мейрамы» керек пе? Әлбетте, керек! Оған наурыздың 10-на дейінгі барлық күн лайық. Әсіресе, 7 наурыз! Себебі, жеті – жақсы сан! Жеті – апта, жеті – бір меже, жеті – же (аса, той т.б.) және жет-жетілмен (дамы, өс, өркенде т.б.) үндес сөз.
Менің осы ұсынысымды Қазақстанның кез-келген әйелі мен аруы қолдайды деп ойлаймын. Расында, біз соңғы 17 жылда мейрамдарымызды әжептәуір сараладық: бірін айқындадық, екіншісіне қош айттық. Әнұранның тағдыры да көз алдарыңызда. Бұл — өмір заңы, дамудың бір көрінісі.
Биліктің жөні бөлек қой, осылай әйелдердің өзіне ой салғым келіп еді.