ӘЙЕЛДІ ӘЛПЕШТЕУДІҢ ӘДІСТЕРІ (психологтардың кеңесі)

1. Ер адам әйелінің үй шаруасындағы еңбегін бағалауы керек. Пісірген тамағына, үйге өзгеріс енгізіп, сәндегеніне мән беріп, тіпті, терезеге перде іліп қойса да, соны байқап, «мынауың әдемі екен» деген секілді жылы сөздер айтуы керек. Әйелдің табиғаты сондай, ол назарға ілігуді, жылы сөз естуді қалап тұрады. Кейде алдыңыздан басқа киім киіп, шашын сәндеп шығуы мүмкін. Сондай кезде байқағыштық танытып, сәл ғана жылы сөздеріңізбен демеп жіберсеңіз, әйел үшін одан басқа бақыт жоқ. Себебі, әйеліңіз мұның бәрін өзге үшін емес, сізге ұнау үшін, сіздің назарыңызға ілігу үшін жасады. Жарынан жылу көрмеген әйел өзгенің сөзіне тез алданатынын естен шығармағайсыз.
2. Әйел адам үшін күйеуінің даусы да маңызды рөл атқарады. Оған жекіп сөйлеу, үнемі даусыңызды көтеру – әйелдің өз-өзіне деген сенімділігін жоғалтады.
3. Кейде әйел адамдар болмайтын нәрсеге алаңдап, көңіл-күйі түсіп кетеді. Ондай кезде мұның себебін сұрап, жарасын жеңілдетуге тырысу керек. Ерінің жылы сөзі — әйел үшін таптырмас ем. Себебі, күйеуінің бір ауыз сөзі қайғырып отырған әйелді құлпыртып жіберуі мүмкін. Сүрінгенде сүйеу, жылағанда демеу болу – әйеліңіздің сезімдеріне құрметпен қараудың белгісі.
4. Жаны нәзік әйел затына жақсы сөздер (комплимент) айтудың маңызы өте зор. Бұдан былай сөздік қолданысыңызға:
«Мен сізге сенемІн!»
«Бүгінгі тамағыңыз ерекше дәмді екен»
«Ал айта беріңіз, бүгін қандай қызықтар болды?»
«Мынаны өзгерту үшін қандай кеңес берер едіңіз?»
«Мыналарды бұрын қалай байқамағанмын? Керемет екен!» – деген секілді сөйлемдерді қосып қойыңыз.