ӘЙЕЛДІҢ БІР КҮНІ….

Шаршадым дейді бір құрбым,
Күнделікті сол бір күйбің.
Таң атып кеш батқанша,
Шаруасы бітпес бұл үйдің.
Кірің тұр анау үйілген,
Қоқыс тұр қапта түйілген.
Ыдыс тұр «жушы мені»,-деп
Шаңсорғыш түртер бүйірден.
Үйіңді жинап боласың.
Шайыңды демдеп саласың.
Бір кесе шайды іше сап,
Түскі асты қолға аласың.
Түскі ас та болды, берілді. Қоқымы нанның терілді.
Жұмыстан қатты шаршаған,
Диванда жарың керілді.
Ыдыстар тағы қарайды.
Қарайды дағы аяйды.
Кір жуғыштың қойылған,
Уақыты да таяйды.
Жаясың кірді жүгіріп.
Сүртесің еден бүгіліп.
Ыдысы жуып болғанша,
Кеткендей жаның үгіліп.
Сағатқа қарап жиналдың.
Қалтаңа біраз тиын алдың.
Кешкі астың қамы ойыңда,
Не дайындайын?-деп қиналдың.
Дүкеннен бұрын мектептен,
Аларсың барып балаңды.
Кешігіп қалсаң бес минут,
Баланың ойы алаңды.
Алдыңда бала бақша бар,
Қолыңда азық- қапшалар.
Бір күндік әйел міндетін,
Көтерер екен қанша нар?
Киімін шешіп баланың,
Тамағын беріп аласың.
Қазаныңды толтырып, Етіңді молдау саласың.
Қайнағанша тамағың,
Үтікті қолға аласың,
Үтіктеп жейде,шалбарды,
Түймесін түскен тағасың.
Кешкі ас та тамам,ухх- дедің.
Ыдысқа қарап: «туфф»-дедің
Шомылдырып баланы,
Көз тимесін:»суфф»,-дедің
Шомылып шығып өзің де,
Тығылып ұйқы көзіңде.
Төсекке әрең жетерсің,
Жеңгендей шаршау сезім де.
Төсекте жатып қарайсың.
Ілме шамға шаң қонған.
Перделер де сарғайып,
Гүлдерім де сәл солған.
Терезенің әйнегі,
Мен мұндалап тұрғандай.
Шыбын- шіркей іздері,
Маңдайымнан ұрғандай.
Ертеңгі күннің жоспарын,
Тағдырым өзі құрғандай.-
-деп ойланып жатқанда,
Көз ілініп кетіпті.
Көзін ашса сағаттың,
Тілі алтыға жетіпті.
Шаршама, құрбым ,шаршама.
Айтайын мен де баршаға .
Жанұяң үшін шаршасаң,
Тәубә де,бойда бар шама.
Шамасы жоқ бойында,
Сырқаттар жатыр қаншама.
Жанұяң үшін жүгірген,
Өзіңді бақытты жан сана.

ГҮЛЖАН САҒИДУЛЛА..