Әйелдің ерінен жасыратын 10 құпиясы

Әйел сөзшең келеді деген бір таптауырын түсінік бар. Қалай дегенмен де қанша жерден ағынан жарылса да әйелдердің, әсіресе еріне айта бермейтін өз құпиясы болады. Соның бірнешеуіне тоқтала өтелік.

1. Кез келген әйел нәзік затына сай сезімтал келеді. Ол өмір жолында жолықтырған жұбы әр сәт сайын жүрегі қалаған нәрсесін айтқызбай тауып, орындаса екен деп армандайды (жарының көңілін тапқыш ер азамат — бізде сирек кездесетін жағдай). Бірақ бұл арманы жайлы ерімен ешқашан бөліспейді. Көбіне үйдегі түсініксіз айқай-шу, негізінен, осыдан туындап жатады. Бұл кикілжің сыры кей отбасында жария боп қалады. Мұндайда күйеудің: «Маған неғыл дейсің» немесе «алдын ала айтпадың ба, сенің не қалап тұрғаныңды қайдан білемін» деп айтылған сөзі әйел үшін төбеден суық су құйып жібергенмен бірдей әсер етеді.

2. Мұндайда көңілі жабырқаулы нәзік жан: «Осынша жыл тұрып мені танып-білмегені ме, демек мені шындап сүймегені ғой» деп іштей толғанып, күйінеді. Өзінің құлай сүйген сезімі ақталмаған сияқты күй кешеді. Бірақ мұнысын тағы да еріне білдірмейді. Бірақ тымырайып жүрген отанасының жайынан қанық отағасы бір нәрсені дұрыс жасамағанын анық сезеді. Сонда нені дұрыс жасамады?

3. Көбіне еркектер әйеліне көп көңіл бөлсе, (өз сөздерімен айтқанда) құтырып кетеді деп жаңсақ ойлайды. Керісінше, суға қанған гүл жайқалып шыққан секілді романтик еріне тәнті әйелдің мұндайда көңілі жадырап, оған деген ынтазарлығы арта түседі. Еркекке қарағанда әйел заты мәрт, жомарт келеді. Әйел қалауын зерттеу үлкен жеңіс әкелетінін еркектер пайымдай да бермейді. Сондықтан аракідік әйел мойынына жүктелген міндеттермен бөлісіп, тосын сыйлар жасап тұрса, үй үнемі мереке мен берекеге толы болады.

4. Әйелім қызғаншақ емес десеңіз, қатты қателесесіз. Кез келген әйел ерін қызғанады. Бірақ оны білдірмейтіндері өте көп. Қызғанғанын білдірмеген секілді Сізді арасында тексеріп тұратынын да жасырады. Өйткені бұл әйел затының отбасын сақтауда сүйенетін бірден-бір стратегиялық амалы. Қалай дегенмен де әйел қызғанышын туғызып, абырой жинаймын деп ойламаңыз. Керісінше, күдік туғызатын нәрсе болса, ол туралы жарыңыз сұрап жатпаса да оны түсіндіріп бергенініңіз абзал. Өйткені ол сұрамауы мүмкін, бірақ күдік құрты оның мазасын қашырып, отбасының берекесін алады. Өзіңізге бас салған жан жарыңыздың кейбір түсініксіз қылығы осымен де байланысты болады.

5. Өтірік орға жығады. Ал әйелдер өтірікті алыстан сезіп қояды. Сол себепті өтірік көлгірсіп әйел алдында абыройдан жұрдай болғанша, оған шыныңызды айтып, басқа түскен мәселені алдын ала ашып алған жөн. Ал шындықты айтудан қорықпаған ерді кез келген әйел сыйлап-құрметтеп, оның ағат ісі болса, кешіреді. Тіпті, бұл қылығыңызды құрбыларына айтып, мақтанып, шаттанады.

6. Көп әйел сырттай-ақ еркектің әлеуетін аңғара алады. Мұны бірі мінез-құлқына, бірі логикасының өлшеміне қарай біледі. Бірақ, бұл әйелдер үшін тіс жарып айтуға болмайтын құпия тақырып. Еркектердің бұл ретте фантазиясы шектеулі болуы мүмкін, ал әйелдерде ол сан-түрлі. Міне, осы сан-түрлі фантазияны әйелдер ешқашан ерімен бөліспейді. Бірақ оны қалап, сізден үнемі күтеді.

7. «Жора-жолдасымды жақтырмайды, мені ешкіммен араласпаса деп ойлайды ғой» дейтін еркектер қатты жаңылысады. Егер жора-жолдас ұнамаса оның бір себебі бар шығар. Алайда үйде отырған еркекті әйел заты жек көреді. Ең құрымағанда, жігіттермен неге серуендеп қайтпайды деп ойлайды. Жұмсақ диванның үстінде қарама-қарсы телевизорға қара кешке дейін қадалып жатқан еркек әйел алдында біртіндеп құнын жоғалта бастайды. Мұны да әйел ашып айта бермейді.

8. Шындығында, әйел ерінің достарына ұнағысы келеді. Кім жек көрінішті болғысы келеді дейсіз. Көбіне достың дос ақылына сүйенетінін жақсы білетін әйел мұны еріне айтқанын істетудің бір айласы ретінде де қолданады. Отбасы үшін даулы шешімді жарыңыз, ең бірінші, досыңызбен бөлісіп, өзінің дұрыстығына оның көзін жеткізеді. Ал дос сізге осылай еткендеріңіз дұрыс деп кеңес береді. Осылайша әйел қалауы орындалып жатады. Бұл — әйелдің құпия айласының бірі.

9. Әйелдер жалғыз қалғанды, нақтырақ айтқанда қиялдағанды жақсы көреді. Сондықтан ерін үйден қудалай бастайды. Ал еркек, керісінше бұдан күдіктеніп, тырысып үйде жатып алады. Сөйтіп ой еркіндігі тізгінін жібере алмаған әйеліңіз ашушаң боп шыға келеді. Ол: «Сен далаға бара тұршы, мен қиялдап алайын» деп айтпайды ғой.

10. Ерінің киімін әйел таңдағысы келеді. Бірақ көп еркек зайыбына бұл мүмкіндікті бермейді.

islam.kz