Әйелдің жанына керек шипа
Әйелдің өте қауіпті әдеттері. Шектен шығуға таяғаныңның 24 белгісі
Әйел үшін өте қауіпті әдет бар. Энергиясын дымын қалдырмай таратып беретін. Әйтеуір, біреуге көмектесу керек боп тұрады. Кейде аса қажет еместерге де бар қуатымызды сарқып беретінімізді байқамайды екенбіз. Есесіне ол адам бізді жақсы көреді деп күтеміз. Ақымақтық.
Көбіне бойыңда тасып тұрған қуатыңмен бөлісу оңай сияқтанады. Сосын аяқ астынан күйзеліске тап болып, өзіне дым қалмағанын түсінеді. Өзге түгілі өзіне де шамасы жетпей қиналады.
Содан әйел бос, жүдеу, әлсіз, жалпақ тілмен айтқанда «тыржалаңаш» қалады. Қорғансыз. Қайда барарын, не аларын білмейді. Батарейка бітті деп айтатын адамды таппайды.
Әйел өзінің жаны бос қалғанын өте кеш ұғынады. Бар күшін сарқып қойған кезде. Жаңа қуатты қайдан алады? Қуатың бітті деп жанатын қызыл шам жоқ. Не істемек керек? Күшің біткен кезде бар жоспар әдіре қалады. Уақтылы қуатыңды еселеп отырудың маңызы зор. Бұл ең алдымен өзіңнің жұмыс істеу қаретекетіңе кері әсерін береді. Жұмысқа зауқың соқпай қалады. Дер кезінде тоқтап, қуатыңды толтырып алсаң, бұлай зорықпас ең.
Сондықтан әйел өзінің қайта қалыпқа келуіне жүйкесі мен күшін көбірек жұмсайды. Ертеңгі күнді ойламай бәрін бүгін таратып бере салу жақсы әдет емес. Дегенмен, өз ахуалыңды бақылап отырсаң, рухани күш-қуатыңды түбіне дейін жұмсамастан еселеп отырудың амалы бар екен. Ол үшін оның таусылуға жақын екенін сезуің керек. Эмоционалды шұңқыр жақындағанын білудің көптеген белгісі бар. Соның ішінде кең таралғандарын тілге тиек етелік.
1. Бөтен адамдар жыныңызға тиеді. Таныс па, бейтаныс па – маңызды емес. Кейде мүлде бейтаныс адамдардың жазбасын желіде көріп қалып, налисыз. Ренжу – қуаттың біткенін көрсетеді.
2. Түнде көп ойлайсыз. Ұйқыңыз нашар. Ұйқысыздық – күштің таусылғанын көрсетеді.
3. Түріңіз онша емес боп тұр. Адамның көңіл күйі тоқ болса, не жүдесе — ол бет жүзінде жазылып тұрады. Көз жанарыңыздың оты өшсе, өзіңізге уақыт бөліңіз.
4. Тамақты аз жейсіз, не болмаса тамақ жеуді ұмытып кете бересіз. Қол тимейді. Жұмыс көп. Тәбет жоқ. Асқазан да бос, жан жүрегіңіз де бос.
5. Тым көп тамақ жейсіз. Не болса соны талғамай жей бересіз. Өте қауіпті белгі. Артық салмақ жинап аласыз. Асқазан ауырады.
6. Тамақ жасай алмай қиналасыз — жасаған тамағыңыз дәмсіз, не күйіп кете береді. Тамақ істеуге ниет жоқ. Жан жүрегіңізді толтыру керектігінің ең тиянақты белгісі.
7. Үйдегі гүлдер өліп қалады. Бәрін дұрыс істейтін сияқтысыз. Бірақ олар қисайып қала береді. Мұндай нәрсе өзінің әйелдігін мойындай алмайтын әйелдерде жиі кездеседі. Айнаға қара деген белгі.
8. Күйеуіңіздің құшағына құлауға құлық танытпайсыз. Одан қашасыз. Оның ымдауы, сипалауы – жағымсыз. Жалпы асексуал болсаңыз, бұл қалыпты жағдай болуы да мүмкін. Бірақ мұндай жағдай тек соңғы кезде ғана көрініс берсе, онда бұл дабыл қақ деген сөз.
9. Ауырып қалдыңыз. Ағзаның санаға беретін нақты белгісі сол. Дем ал! Адамды күштеп төсекке таңып, біраз өзіне уақыт бөлдіреді. Сондықтан бас ауырса, тұмау басталса, теріге бірдеңе шықса, әйел өзіне назар салуы керек деген сөз.
10. Ештеңеге зауқың соқпайды. Еріне бересің. Ыдыс жуғың келмейді, үй жинауға да. Бұл адамның қатты шаршағандығының белгісі. Саламатты өмір салтын ұстанып, дұрыстап демалып, ұйықтауды қалыпқа келтіру керек. Демалыс деген телефон шұқылау емес.
11. Күйзеліс. Жағымсыз ойлар. Осындайды байқап қалдыңыз ба? Дереу күш-қуатыңызды еселеңіз. Ойларыңыз жүзеге аспай тұрғанда оларды өзгертіңіз.
12. Таңертең ояну қиын. Жата тұрғың келе береді. Зорыққанның белгісі. Кеудең босап қалды. Жүрекке мейірім керек, қуат керек.
13. Жақындарыңызға жиі ашуланасыз. Ұрысасыз. Күйеуіңізге, балаңызға, ата-анаңызға ренжи берсеңіз – мұнда бір гәп болғаны. Ет жақындарыңыздың еш кінәсі жоқ. Сіздің құмыраңыз бос қалды. Зардабын олар тартып жатыр.
14. Ешкімді көргіңіз келмейді. Араласқыңыз келмейді. Негізі әйелдер сөйлескенді ұнатады. Біреулер тек жақындарымен, біреулер жұрттың бәрімен. Бірақ әйел мүлде сөйлескісі келмесе, бұл үнсіздік көп сағатқа созылса, онда бірдеңе дұрыс болмағаны.
15. Өзіңізге қарағыңыз келмейді. Шаш тарағыңыз келмейді. Кірлеген киіміңізді шешкіңіз келмейді. Әдемі көйлек киюге ниет жоқ. Қасыңызды термегелі біраз бопты. Бетіңізге жақпамай жақпағалы да. Бұл шаршағанның асқынған белгісі.
16. Бар ақшаңызды өзгелерге жұмсайсыз. Жалақыңызға, күйеуіңіз әкеп берген ақшаға тек азық-түлік аласыз. Қызыңызға көйлек, ұлыңызға лего, күйеуіңізге жейде, үйге перде. Осылай ғана. Ақша бітті! Өзіңізге ше? Ештеңе. Ештеңе ұнамады. Ақша жетпеді. Өте қауіпті симптом.
17. Ештеңе істегіңіз келмейді. Дүкенде де ештеңе ұнамайды. Көйлек те, аяқкиім де. Сізден не сыйлайын деп сұраса, білмеймін дейсіз. Байқаңыз! Дабыл қағыңыз!
18. Өзіңізге ұнамай қаласыз. Мұндай денеге ештеңе лайық еместей көрінеді. Бетіңізді бояғыңыз келмейді. Шашты өруге, түюге құлқыңыз жоқ. Айнаға қарамай жүре бересіз. Суретке түспейсіз. Бұл да белгі! Сырт әлпетіңізді әдемілеуге құлшыныңыз. Өзіңізді жақсы көруге уақыт қиыңыз.
19. Қатты алаңдау. Күйгелектену. Бәрін қадағалауға тырысу. Үнемі уайымдап, не боп қалды екен дей беру. Жан дүниеңіз босап қалғандықтан.
20. Ыңғайлы киім. Ұнайтын киімді емес, ыңғайлы болсыншы деп таңдайсыз. Үйді әктеуге, итпен серуендеуге, еден жууға, әйтеуір бұлғап алудан қорықпайтындай киімге әуестік. Сіз бөтен аялдамадан түсіп қалған секілдісіз…
21. Тым жылдам қимылдайсыз. Өмір сүріп жатқандай емес, ажалға асыққандайсыз. Үй, жұмыс, бала бақша. Тіпті жуынғанда да әскердегі сарбаздар құсап жылдамсыз. Осыны байқасаңыз, асықпаңыз, сабыр етіңіз. Дем алыңыз.
22. Санаңызда «жасауға тиіспін» тым көп боп кетсе. Анаған ананы, мынаған мынаны… Басқа жолға түсіп кеткендіктің белгісі.
23. Бәрін өзім істеймін. Бәрін өзіңіз істегіңіз келетін ниет туса, біреу емес он болғанымда, бәріне үлгергенімде десеңіз, өзгеден көмек сұрамайтын болсаңыз – жинаған күш-қуатыңызды тез сарқып аласыз. Бәрін өзіңіз істегіңіз келе ме? Онда өз жан дүниеңізді де өзіңіз толтырыңыз. Дәл осыны сіз үшін ешкім істемейді.
24. Талқылау мен айыптау. Біреуді жамандағаныңызды еске түсірдіңіз бе? Үкіметті айттыңыз. Көршілерді. Сізді жамандап, өзін біліп алмайтын пәленшенің әйелін де ұмытпаған шығарсыз. Осы сөздерге бар күшіңіз кеткенін біліңіз. Айтқан кезде көңілді болуы мүмкін. Бірақ артынша қуатыңыз сарқылып қалады.
Осы айтылған белгілер бойыңызда бар ма? Онда тезірек, өзіңізді жақсы көруге уақыт бөліңіз. Ешбір кінәлаусыз ваннаны ұзақ қабылдап, табиғат аясына шығып серуендеуге мүмкіндік беріңіз. Лаж болса, жалғыз қыдырған жақсы. Кітап оқыңыз, көрем деп жүрген бірді-екілі фильмді көріңіз.
Өзіңізге жағатын, ел үшін пайдасы жоқ бірдеңе істеңіз. Негізі сол пайдасыз нәрсенің пайдасы ерен. Егер осы істің пайдасы жоқ деп елдің жетегінде кетсеңіз, көп нәрседен ұтыласыз.
Көбіне «істеу керек – тиістісің – міндеттісің» деген режимде бірнеше жыл өмір сүрген келіншектер ертеден кешке дейін жұмыстан бас алмайды. Осы мерзімдегі сарқылған қуатты екі апта теңізге барып демалған кезде толтыра аламын деп ойлайды екен. Бір жыл өзіңді тұйық шеңберде ұстайсың да, екі апта демалып бос қалған жан дүниеңді толтыра салмайсың.
Бар күш-қуатын сорып алатын ондай жұмыстардан өз еріктерімен кетіп, екі-үш жыл үйде бос отырған әйелдерді білем. Мүлдем ештеңе істемеді. Ұйықтайтын, тамақ жасайтын, ішіп-жеумен күн өткізетін. Деградация ма? Жоқ. Олар бойындағы күш-қуатын сарқып қойған. Жан дүниеңде беретін ештеңе қалмағанда біраз тынығу шарт. Ағза шыдамайды. Сәл демалып, сол үшін өзіңді кінәламасаң – бәрі қалыпқа келеді. Өзіңді күтіп, баптап, жақсы көріп, бағаласаң. Дегенмен, ең дұрысы өзіңді мұндай тоқырауға ұшыратпау.
Бүкіл жүйенің тоқтап қалуын күтіп жүре бермеңіз! Көлікке де уақтылы жөндеу жүргізеді. Ал, сіз өзіңізді күтіңіз. Әрбір белгіге ықтиятты болыңыз. Жан дүниеңіз жан нұрына толып тұрсын. Сонда өзгеге қамқорлық таныту оңайға түседі. Әсіресе, жұмыс-үй деп тыным таппайтын, өзін айнадан көрмейтін аналарға айтылатын кеңес. Айнадан өзіңізді көрмей жүрсеңіз, өзгені қалай бақытты етпексіз?
Бұл белгілер білінді ме? Өзіңізге уақыт бөліңіз. Өзіңіздің жедел жәрдеміңіз өзіңіз болыңыз.
Автор: Ольга Валяева
Аударған Шынар Әбілдә