Әйеліне сөзі өтпейтін адамдар әлеуметтік желі арқылы ұлтқа ақыл айтатын болып алды
«Асыл арна» телеарнасының басшысы Мұхамеджан Тазабеков Today.kz сайтының бірқатар сұрақтарына жауап беріпті. Солардың ішіндегі өзекті деген ой-пікірлерін барынша оқылымды қылу мақсатында ойып алып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
“Сәләфтар, қазақша айтқанда – ілгерідегілер”
Егер әлдекім «біз – сәләфитпіз» немесе «сәләфит болуымыз керек» десе, әлбетте, дұрыс емес. Өйткені, сәләфтар деген – пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) кейінгі үш буын. Мұсылмандардың үш буыны. Сәләфтар, қазақша айтқанда – ілгерідегілер. Дінді әлемге таратқан солар. Бірақ қазіргі «сәләфилерміз» деген адамдардың оларға ешқандай қатысы жоқ.
Сәләфиміз деп жүргендер – ілгерідегілердің атын малданушылар. Жол көрсетер ғалымға жолықпағандықтан жолы тарылғандар, қоғаммен тіл табыса алмай қолы қағылғандар. Кітаптағы білімді жан-жақтағы жағдаймен үйлестіре алмай шектен шығушылар. Жағдайдың ушығуына «жазғыштардың да» үлесі жоқ емес. Қазір біз сәл оғаштау қылық танытқан мұсылманның бәрін бір атпен, бір бояумен, бір қалыпқа салып айтып, жазуға бейім боп барамыз.
«Ысырап қылма, ықыласты бол, Аллаға ғана сиын, адамдардың да ақысын ұмытпа» деген имамдардың өзін салафи деуге даяр тұрамыз. Осы дұрыс емес. Тіпті қазір әркім өзі ұнатпаған адамын «салафи» деумен айналысып жатқандай. Немесе, өзін «сәләфи» деп айтпасын деген қорқыныштан тапырақтап шауып, байыбына бармай-ақ, байбалам салып жатқандар бар. Біз шынында да қоғамға зиян келтіріп жатқан шектен шығушылармен күресуіміз керек. Сақал қойғаны үшін ғана кез келген жігітті немесе тып-тыныш күнделікті тіршілігімен ғана жүрген әлдебір орамал салған әйел кісіні сыртынан «сәләфи» дей салуға құқымыз жоқ. «Экстремизммен күрес әйтеуір жазықсызды іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуі тиіс» деген Елбасымыздың алаңы әркімнің ойында болуға тиіс жауапкершілік.
Данияр Елеусінов туралы
Ескерту: Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов «Алла жалғыз, оған серік қосқан адамдарды жақтырмаймын, әруақтарға табыну дұрыс емес» деген болатын.
– Қазақтың бір қасиеті – мән-жайдың артын күту, тексеріп алу, көзі жетпей кесіп айтпау еді. Бірақ, өкінішке қарай, біз осы артықшылығымыздан да айырылып бара жатқандаймыз. Неге дегенде, осы Данияр бауырымыздың айтқанына байланысты да парқына бармай кесір сөйлеген көп комментарий көрдім. Кейбіреулер секілді Құран оқымаңдар, ата-бабамыз адасқан, қабір атаулыны қиратайық немесе ұят, иба деген сезімді өлтіру керек деген жоқ қой. Өзіміздің ҚМДБ имамдарының күнде мешітте айтып жүрген сөзін, яғни, Аллаға ғана құлшылық ету керек, Алладан ғана сұрау керек дегенін неге сонша сөз қылдық?
Мұнда қандай Ханафи мәзхабына қайшы ой бар? Сосын Данияр Елеусінов – өзіңіз айтқандай боксшы, қалтарыс-бұлтарыстың бәрін ескеріп отырып сөз саптайтын саясаткер емес қой. «Батыр – аңғал» дегендей, елдің алақанында жүрген бір ұлымыздың еркелеп отырып ер жігітке сай салып ұрып айтып тастағанын сонша гәп қылатындай мұнша майда ұлт емеспіз деп ойлаймын. Данияр – батырымыз емес пе? Кеше ғана көк туымызды желбіретіп, бүкіл әлемге Әнұранымызды тыңдатқызған кім еді? Біз неге жақсылықты оңай, тез ұмытамыз?
Ақтөбедегі теракт
Осы салада жүрген адамдармен сөйлесіп жүрмін, олардың айтуынша, қолына қару алып, шетін кетудің себебі біреу ғана емес. Бір адамда, шынында да, әлеуметтік мәселелер орын алады. Ал біреулерде психикалық, тәлім-тәрбиеден кеткен мәселелер бар. Ал енді біреулерде туыстық қарым-қатынастың сақталмауынан болатын суық көзқарастың себебі білініп жатады. Кейде әлеуметтік желі арқылы жігіттер хабарласады. Осындай қатты көзқарастарын білдіріп жатады. «Неге біздің билік бүйтеді, неге сүйтпейді» деген сияқты. Оларды кездесуге шақырам. Сөйлесе келе, егер ол адамға шынында да теріс насихат айтылса, қолына қару алуы әбден мүмкін екендігі сезіліп тұрады. Ал оларға керісінше, шын жанашырлықпен, қазақы бауырлық мейіріммен түсіндірген кезде, райынан қайтып, байыпты ой түйіп қайтады. Сондықтан, көп нәрсе кейде өзімізге де байланысты. «Мейірім көрсетпесең, мейірім күтпе» дегендей, айналамыздың бәрінен түртінектеп жау іздемей, ұйысатын, тұтас болатын жолға түсіміз керек. Ол жол – Елбасы саясаты, ҚМДБ қара шаңырағы.
Исламның орыс тілінде уағыздалуы
Қазақтілді ортаға көбіне кімдер насихат жасайды? Өз өмірін Қазақстанмен байланыстырған адамдар. Яғни, белгілі бір дәрежеде патриот, осы елдің жанашырлары. Оның ішінде имамдар, зиялы қауым, ғалым ағаларымыз, жазушылар дегендей. Сондықтан, қазақ аудиториясына көп жағдайда керекті, дәл, дұрыс насихат жасалады.
Ал орыстілді аудиторияға, қазақстандық жастарға ақпарат көзі тек Қазақстаннан алынбайды. Ресейдің әртүрлі өңірінен, шетелдегі орыстілді орталардан ақпарат жетіп жатады. Ал Қазақстанда қаншама орыстілді аймақ бар? Олардың бәрі қазақтілді имамның уағызына ұйып отыр дей алмайсыз. Ал шетелдік азаматтың шариғи әңгімесі Қазақстан азаматының руxани жағдайына, менталитетіне өлшенген ақпарат болмайды. Және ол уағызды Кавказдык, Татарстандық немесе Мәскеуде тұратын, мұсылман дінін қабылдаған орыс жігіті айтып отыруы мүмкін. Араб елдерінің өзінде қаншама орыс, қазақ тілінде уағыз айтатын атақты адамдар бар. Ақпараттық шекара жабық болмағандықтан, адамдар оны тұтынып жатыр. Негізгі бір себеп сол.
“Әйеліне сөзі өтпейтін адамдар әлеуметтік желі арқылы ұлтқа ақыл айтатын болып алды”
Біз өмір сүріп жатқан кезең – жай заман емес. Қазір технология өте жоғары дәрежеде дамыды. Ол технологияның жақсы жағын біз өз деңгейінде пайдаланып жатқан жоқпыз, оған біліміміз де білігіміз де жетпейді. Керісінше, жаман жағынан мейлінше құр қалмауға тырысып жатырмыз. Білесіз бе, осы технология дамыған уақытта зерделеуіміз керек екі жайт бар. Біріншісі, адамзат тарихына қарап отырсаңыз, еш уақытта елге сөз айтуға лайықты емес адамдарға мұндай дәрежеде мінбер берілмеген.
Кез келген адам ақпарат қабылдаушы, ақпарат таратушыға айналды. Тұғырға шығып немесе газет бетінен көпшілікке сөз айту құқығы бұрын кімге берілетін? Қауым мойындаған ақыл иелеріне, парасатты, көпке жанашыр адамдарға. Екі адамның басын қосып есіктің алдын сыпырта алмайтын, не әйел, бала-шағасына сөзі өтпейтін адамдар қазір әлеуметтік желі арқылы ұлтқа ақыл айтатын боп алды. Бұл – психологиялық қайшылықтар мен қоғамдық пікірдегі көптеген шатасулардың туындауына әкеледі.
Екінші жағдай, ер мен әйелдің бір-бірін бұзуға, бірін-бірі еліктіруге деген сияқты жыныстық қолжетімділігі бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетті. Екі жыныстың бір-біріне тым жақындап кетуі де біз бұрын ойламаған дәрежедегі азғындықтар мен бұзғыншылықтарды алып келуі мүмкін. Ал, қоғамның іріп-шіруі- жеке тұлғалардың руxани деңгейінен бастау алады.
Қазақ қызы жайлы
«Қызға қырық үйден тыю» дегенді көп адам дұрыс түсінбей жатады. Ол – қыздың кішкентай кезінен оның кімге жақын, кімнен қашық болуына, кімге жабық, кімге ашық болуына үйдегі барлық адамның болысуы дегенді білдіреді. Отбасында әке, аға немесе іні сол үйдегі маржандай асыл қызды құндылық деп есептейтін. Осы құндылықтың құны кетіп қалған уақытта аруларымыз өзінің қандасынан таппаған «жылуды, қамқорлықты» басқа ұлт жігітінен табады да, ақырында, тағдарына тап келген адамға ұрынады.
«Асыл арна» телеарнасының басшысы Мұхамеджан Тазабеков, ҚМДБ имамдары