Әйеліңізді бақытты ету үшін 35 кеңес
Отбасы, неке – исламдағы ең үлкен құндылықтардың бірі. Оны берік ұстап тұру тек әйелге ғана емес, ер адамға да байланысты. Сондықтан әйеліңізді бақытты ететін қарапайым шариғат қағидаларымен бөлісуді жөн көріп отырмыз:
- Ашушаң болмаңыз, әйеліңіз сіздің жаныңызда өзін қауіпсіз сезінсін.
- Үйге келгеніңізде әйеліңізге «Ассалямуалейкум» деп амандасыңыз. Ондай үйге шайтан жоламайды.
- Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелді аялап ұстауды қажет ететін хрусталь ыдысқа теңеген. Әйел табиғаты өте нәзік. Онымен қарым-қатынаста өзіңізді барынша қадағалаңыз.
- Әйеліңізге кеңесті оңашада әрі өте жұмсақ айтыңыз. Оның кемшіліктерін жұрт алдында ауызға алудан абай болыңыз.
- Жомарт болыңыз, әйеліңізге сараңдық танытпаңыз.
- Ашуға бой алдырмауға тырысыңыз. Отбасы болғаннан кейін түрлі жағдайлар болады. Кейде кішкентай мәселеде келіспей қалуларыңыз мүмкін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ашуланған жағдайда отыруға, отырған жағдайда жатуға бұйырған.
- Әйеліңіздің алдында әдемі көрінуге, жағымды әтірлер сеуіп жүріңіз. Мұндай жағдайлар қарым-қатынастағы жылылықты сақтауға көмектеседі.
- Әйеліңізбен қарым-қатынаста қаттылық танытпаңыз. Бұл сіздерді бір-біріңізден алыстатып жібереді. Қаттылық жүрегіңізді Алладан да алшақтатады.
- Әйеліңізді тыңдап, оның пікірін қабылдай біліңіз.
- Арасында жұбайыңызды мақтап тұрыңыз. Өйткені әйел адам не істесе де, оны сіз үшін және балалары үшін істейді. Оның еңбегін бағалап, мақтап тұрыңыз.
- Онымен дауласпаңыз. Дауласу – некенің жауы. Хадистердің бірінде: «Егер Алла тағала адамдарға жамандық қаласа, олардың ортасына дау салады» делінген.
- Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылманға әйелін оған ұнайтын ең әдемі есімдермен атауды бұйырған.
- Оған тосын сыйлар жасап тұрыңыз. Жарыңызды күтпеген сыйлықтармен қуантып тұруды ұмытпаңыз. Мысалы, әйеліңізге қарбыз ұнайтын болса, оны үйге әкеле салудың еш қиындығы жоқ қой.
- Тіліңізді тыйыңыз. Оның пікірімен келіспесеңіз де эмоцияға берілмей, мәселенің ақырын күтіңіз. Адамды тозаққа тілі апаратынын естен шығармаңыз.
- Бәрінде кемшілік бар. Әйеліңізді бар қалпында қабылдаңыз.
- Оны бағалайтыныңызды білдіріп тұрыңыз. Оның сізге жасаған қызметі өзіңіз үшін өте жоғары бағаланатынын білсін.
- Оның ата-анасы, туған-туыстарымен қарым-қатынасына үнемі қолдау көрсетіңіз.
- Онымен қызығушылықтары туралы әңгімелесіңіз.
- Туған-туыстардың алдында мақтап, дәрежесін көтеріп қойыңыз.
- Иманына күзетші болыңыз. Ұйықтап қалып жатса, намазға оятыңыз. Ерлі-зайыптылар бір-біріне Жәннатқа жетелеуші болуы керек.
- Оның сорпаның тұзын көп салып жібергені секілді кемшіліктеріне көз жұма қараңыз. Әйеліңіз туралы тек жақсы ойда болыңыз. Тым болмағанда оған кек сақтамаңыз.
- Әйеліңізбен әсіресе жүкті, хайыз кездерінде сабырлы болыңыз.
- Жұбайыңызды қызғаныңыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Әйелін қызғанбаған жан Жәннатқа кірмейді», – деген.
- Өз пікіріңізді оныкінен жоғары қойып, онымен ақылдаспай шешім қабылдамаңыз.
- Достарыңызды әйеліңізден жоғары қоймаңыз.
- Әйеліңізге үй шаруасында көмектесіп тұрыңыз. Үйдің барлық жауапкершілігі әйелдің нәзік иығында жатыр. Оның шаршауы мүмкін, сондай кездері түсінетініңізді ұқтырып, кей істерін жеңілдетіңіз.
- Сөзде де, істе де сізге ең жақсы әйел бұйырғанын айта жүріңіз. Сонда жұбайыңыз одан да үлкен махаббатпен жауап беретін болады.
- Әйеліңіз үшін дұға жасаңыз. Тек Алла тағала ғана сіздердің некелеріңізге махаббат пен береке нәсіп ете алады.
- Оның есіне өткен қателіктерін сала бермеңіз.
- Отбасыңызды қаржымен қамтамасыз еткеніңіз себепті көкірегіңізді керіп, өзіңізді отбасындағы басты адам санамаңыз. Оның да отбасында өз міндеттерін атқарып жүрген тең құқылы адам екенін көрсетіңіз.
- Оны тамақтандырыңыз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) үмбетіне бұл нәрсені үйретті. Мұндай қарым-қатынас ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген махаббаты мен мейірімін арттырады.
- Әйеліңізге жылы жүзбен, жымиып қараңыз. Бұл – сүннет әрі мейірім.
- Балаларыңызды тәрбиелеуге көмектесіңіз. Көптеген ер адамдар бала қарау әйелдің ғана ісі деп ойлайды. Бұл – қателік. Керісінше, көмектесу керек.
- Әйеліңізге оның әдемі екенін айтып тұрыңыз. Нәтижесінде жұбайыңыздың бұрынғыдан да сұлулана бастағанын байқайсыз.
- Одан құпияңыз болмасын. Арадағы сыр түсініспеушілікке алып келуі мүмкін.
Алла тағала сіздердің үйлеріңіз бен жүректеріңізді тыныштыққа, махаббатқа, мейірімділікке толтырсын! Әрі Пайғамбарымыз (с.а.с.) секілді ең абзал күйеулерден етсін!