АЙҒАНЫМ ХАНША ЖАЙЛЫ ЖАҢА ДЕРЕКТЕР

Айғаным Сарғалдаққызы жайлы сөз қозғасақ, бірден ғұлама ғалым Шоқанның әжесі екені еске оралады. Ол өз кезеңінде қоғамдық-саяси үдерістерге белсене араласқан, елге сыйлы, ықпалды болған. Бірнеше шығыс тілдерін меңгерген. Санкт-Петербургтегі Сібір комитетімен, Ресей сыртқы істер министрлігінің Азия бөлімшесімен хат жазысып тұрған. Медресе салдыртып, өнер-білімнің қадір-қасиетін терең түсінген.
Қазақтың данагөй анасына қатыс­ты жаңа деректер жуырда Ресейден алынып, жұртшылық назарына ұсынылды. І Александр патша Айғанымның өтініші бойынша Сырымбетте қыстау салдыртып бергені жайлы айтылғанымен, жазбаша хатталмағандықтан, иландыра бермейтін. Ақиқаттан гөрі аңызға көбірек ұқсап кететін. Енді осындай олқылықтардың орны толықтырылды десе де болады.
– Еліміздегі мұрағаттарда Ай­ға­ным хан­ша жайлы деректер өте си­­рек кездеседі, жоққа тән. Санкт-Петербургтегі Ресей мемлекеттік тарих­и мұражайынан әжеміздің өміріне, қоғамдық-саяси қызметіне тікелей қа­­тысты алдыртылған оннан астам құ­жаттар тарихи маңыздылығымен назар аудартады. Кей жерлерде «Айханша Абылаева» деп жазылғанымен, әр жәдігер құндылығымен ерекшеленеді. Мәселен, бір ісқағазда Айғанымның Орта жүзге қыстау, өзіне қоныс салу керектігін сұрап, Петропавл комендантына, Ресей сыртқы істер министрлігіне 1823 жылы хат жолдағаны көрсетілген. Алайда, әжеміз шөбі шүйгін, топырағы құнарлы Аютас деген жерді қолайлы көргенімен, «бұл жерге Ресейден қоныс аударушылар көшіп келеді. Басқа жер таңдалсын» деген жауап алған. Сосын таңдау Көкшетау уезіндегі Сырымбетке түскен. Қыстауға мешіт, медіресе тұр­ғызылғаны, онда Шоқанның оқыға­ны мәлім, – дейді облыстық мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікова.
Араға бірнеше ғасыр салып, көрші елден алынған тарихи құжаттардың әрқайсысы жете зерделеп, ой елегінен өткізуді қажет етері сөзсіз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Толығырақ: http://ult.kz/post/ayganym-khansha-zhayly-zhana-derekter