Айғыр шапты, байтал тапты, оған сенің қандай қатысың бар?
Бірде, Бауыржан Момышұлы пойызбен жол жүріп келе жатып, Еңбек Ері жұлдызын омырауына таққан бір кісімен сапарлас болыпты. Пойыз қозғалып, ұзақ жолға бет алған кезде Баукең:
– Ал, енді таныспаймыз ба, бір үйге тіреу болғандай бой-сойыңыз бар екен, кім боласыз? – депті. Баукеңнің сөзіне бейтаныс қазақ ыңырана жауап беріп:
– Кім екенімді көрмей отырсың ба, Герой боламын! – дейді. Бұл жауап Баукеңе ұнамайды да, қатқылдау үнмен:
– Бұл Батыр атағын не үшін алдыңыз? – деп сұрайды.
– Жүз биеден жүз құлын алғаным үшін! – депті бейтаныс қазақ. Сонда Баукең:
– Айғыр шапты, байтал тапты, оған сенің қандай қатысың бар. Герой атағын саған емес, жүз биеге жүз құлын таптырған айғырға беру керек еді.
Текке мақтанып отырсың. Ал, мына мен Москва түбінде – Волокаламск тас жолында қалың жауды жайратсам да, омырауыма бір де медаль таққаным жоқ. Бірақ, халық қойған Батыр атағым бар! – деген екен. Осы сөзді естігенде, бейтаныс қазақ қорбаңдап орнынан атып тұрып:
– Ах, Баукең екенсіз ғой, ағасы менен бір әбестік кетті, кешіріңіз! – деп, Баукеңнің қолын алған екен дейді.
Ел аузынан жинап алған Ақселеу Сейдімбек