Айласыз ажал

-Меңдіәлі қандай жан еді?-деді ақ тақия киген молда жігіт.
-Жақсы адам еді.
-Арлы кісі болатын.
-Пейілді-еді бейшара,-десті жиналған жұрт.
Тағы бірер сұрақтан соң молда марқұмның жаназасын оқи бастады.
-Аллаһу акбар
Жаназаға келгендердің қатарында Жолдыбай да бар. Жанарына жас үйірілмесе де әжім басқан жүзі әбіржіп кеткен. Қимастықтың белгісі анық байқалады, өлдіге сеніңкіремей тұрғанға ұқсайды. Күбірлеп намаз оқып тұрса да алдыңғы күні ғана замандасымен жата-жастана әңгіме құрысқаны есіне түсе берді.
-Мен сірә көп жасайтын шығармын,-деген Меңдіәлі күліп отырып.
-Е, әлгі Сейіттің сәуегейлігі жұқты ма немене?-деген Жолдыбай алқынып.
-Айтсам, әй сенбессің, үш ажалдан аман қалдым ғой,- дейді Меңдіәлі досына қарап.
-Ойпырмай, мен естімеген ол қандай сыр?
Жолдыбай әңгіменің ұзаққа созыларын білгендей, жайғасып отырды. Шақшасын қағып-қағып тілінің астына насыбайын салды да, «баста әңгімеңді» деп ишара білдірді.
-Соғыстың жаңа біткен кезі. Дарияның жағасында тұрамыз. Әкем діндар адам болатын. Жасым жиырмада. Әкеме қосылып мен де намаз оқитынмын. Дария лайланып жұлқынып ағатын, ұйығы көп, дарияны бойлай жиде мен тораңғыл қаптаған. Балық аулаумен күнелтеміз. Күздің сондай бір күнінде ауға түк түспей, мазам кетіп отырғам. Түс ауып қалған кез. Аптыға жүріп, дарияға жақын маңдағы үйімнен құманымды алып келдім. Аяғымдағы құлынның жарғағынан , қонышын қара саныма жеткізіп тігілген саптама етігіме сеніп, жұлқынып аққан дарияның жағасына келіп, еңкейе бергенім сол, суға күмп етіп түстім де кеттім. Етігіме лезде су толды. Төмен тартып барады. Жақын тұста қанды ұйық бары есіме түскенде қасқырдың аузына түскен лақша ышқындым. Ағызып барады, алдымда асау иірім бар.
Оған жетсем тірі қалу жоқ. Аяқ-қолым икемге келмей дарияның суына тұншығып барамын. Намаз жолында жан тәсілім етпекпін. Сірә, жұмаққа баратын шығармын дегенді де ойлап үлгердім. Бір кезде ағыс жағаға қарай сүйрегені. Кәрі жиденің тамыры-ау деймін, ұстай алдым.
-Ә, бәрекелді!-деп Жолдыбай шырт—шырт түкірініп алды.
-Екіншісі қандай ажал еді?
-Е-е, ол Хрущевтің заманында ғой. Ел тынышта жүгерінің нанын жегізбеп пе еді?! «Газ-52» жүк көлігін айдайтын кезім. Орынбайды білесің ғой?
-І-і-ің ,-дей салды әңгімені бөлмес үшін Жолдыбай.
-Сол, Орынбай екеуміз жүгері алқабына қарай ызғытып келе жатқанбыз. Кенет алдыңғы дөңгелек өз-өзінен шығып кетті. Онысын кейін білдік қой. Ал сол сәтте не болғанын түсінбей қалғанбыз. Жолдан шығып сайға қарай құлдилай жөнелдік. Үш дүркін аударылып барып түстік. «Біттім. Өлдім» десем керек. Есімді жисам, қолымнан біреу тартқылап жатыр. Көзімді аштым, Орынбай екен. Аяқ-қолымды темір басып қалыпты . Амалын тауып шығарып алды. Бес-алты қадам аттай бергенімізде ыстық моторға тиген май лап беріп, көліктің отқа оранғаны. Құдайдың сақтап қалғаны болды.
-Ойпырмай, шынында бір Құдай сақтап қалған екен,-деп Жолдыбай аузы ашылып, қолымен көкірегін ұстап тұрып таң қалды.
-Енді үшіншісін тыңда.-Жолдыбай байқайды. Меңдіәлі өз әңгімесіне өзі қызығып барады. Құлшынып айтуда.
-Зейнеткерлікке шығардан біраз уақыт бұрын,-деп.
Меңдіәлі үшінші рет ажалдан қалай құтылғанын айта бастады.
-Зауытта жұмыс істейтін кезім .Бір нәрсеге қатты ашуландым. Байқаймын жүрек соғысым күшейіп ,көз алдым қарауытып, басым айналып барады. Шылым сұрап жаныма келе берген таныс жігіттің үстіне құлай кетіппін. Демеп үлгерді. Әйтпесе сол арада жатқан зіл батпан темірдің үстіне түсер екем. Миыма қан кетіп қалса да не етіп ем? Ауруханаға барып ес жинағанымды білемін.
Жолдыбай ой сүзгісінен өткізіп жатыр. Кеше ғана осының бәрін әдемілеп тұрып Меңдіәлінің өзі әңгімелеп беріп еді. Бұл қалай болғаны? Бүгін жаназасын шығарып жатырмыз. Жолдыбайдың ойын жоқтау айтып жылаған әйелдердің үні бұзып жіберді. «Ажал айла таптырмайды екен де, достым»,-деген Жолдыбай киізге ораулы қимасын сүйекшілермен бірге көтерісіп бара жатты.
Нұрлан Бек