Аймағамбетов: «Мектептерде жаңажылдық іс-шаралар өткізілмейді»
ҚР Ғылым және білім министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатысты сұраққа жауап беріп, биыл білім ордаларында жаңа жылдық мекерелік шаралар ұйымдастырылмайтынын айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Өз кезігінде ҚР Бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов коронавирус инфекциясының «Омикрон» штамы Қазақстан аумағында таралмауына арналған жаңа қаулы жариялаған болатын. Аймағамбетов осы қаулыға сүйеніп, ойын былайша сабақтады:
– Ертеңгіліктер мен өзге де бұқаралық іс-шаралар мектептерде өткізілмейді. Осы орайда Бас санитар дәрігерінің шешімі болғандықтан, біз оны орындауға міндеттіміз. Сондықтан ертеңгіліктер мен басқа да мерекелік жиындар мектепте ұйымдастырылмайды, – деді Асхат Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, бір сыныптың ішінде мерекені өткізу туралы шешім мектеп әкімшілігі деңгейінде қабылданады. Сонымен қатар тілшілер «Омикрон» штамының таралуына байланысты оқушыларды қашықтан оқытуға ауыстыру мүмкіндігі туралы сұрады. «Қазіргі кезде бұл жайында айту ертерек. Біз Ведомствоаралық комиссияның шешімі аясында жұмыс істейміз. Қазіргі уақытта қорытынды шығару үшін мәліметтер жеткіліксіз болып тұр» деді министр.