АЙМАҚ БАСШЫСЫ ЖЕРГІЛІКТІ ТЕЛЕАРНАНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Телеарнаға келмес бұрын қаланың қақ ортасында тұрған баспасөз үйінде отырған едім. «Шындықтың жебесі» атанған Шерхан Мұртазаның есімі берілген журналистер үйінде облыстық үш газет орналасқан. Күз бен көктемде тозығы жеткен ғимараттың шатырынан су ағып жұртты әбігерге салғанын талай көрдім. Қалам ұстаған қауымның жанайқайынан соң жобалық сметалық құжаттары әзірленгенімен жөндеу жұмыстары созылып кеткен болатын. Талай басшының кезінде көтерілген мәселе биыл өз шешімін тауып, үш газеттің ұжымы жақында жөндеуден өткен, жиһазбен жабдықталған кабинеттерге орналаспақ. Одан бөлек аймақ басшысының араласуымен басылымдардағы қаламақының шешілгені тағы бар. Сүлейменов көшесінің қарсы бетіндегі әріптестерімізге жасалып жатқан қамқорлықты көріп қуанып, облыс әкімі бізге де келіп жағдайымызды көрсе деп жүрген едік. Кеше Нұржан Молдиярұлы телеарнаға арнайы келіп жұмысымен танысып, журналистермен тілдесті. Студияларды аралап, радио ұжымымен кездесті. Қызметкерлер тарапынан көтерілген мәселеге құлақ түріп, құр уәде, құрған сөз бермей, кезек күттірмейтінін шешіп те берді. Бұл бастамасы, болашақта атқарылар жұмыс тағы бар. Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуде БАҚ-тың алар орны бөлек екендігіне тоқталған өңір басшысы телеарна ұжымының жұмысына табыс тіледі.

Гулбаршын Куланбаева