Мырзахметов ауылдардың әлеуетін көтеруге мықтап кірісті

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында әлеуметтің әлеуетін көтеруге баса назар аударғаны белгілі. Осыған орай, бүгінде өңір-өңірлерді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Алайда олардың барлығы жемісті деп айта алмаймыз. Кейбір тұста әлі да болса кенжелеп тұрған жерлеріміз баршылық. Әсіресе, ауылдағы ағайынның жағдайы көп алаңдатады. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің аудандарға арнайы арнаған жұмыс сапары осынау мәселерді майшаммен қарап, бір байлам жасауға мүмкіндік берді.

Сарысуда мал шаруашылығы қарқынды дамуда

Табысты еселеу үшін облыстағы 377 елді мекеннің әрбіріне ірі өндіріс орындарын салу қисынға келмейді. Әрі-беріден соң мүмкін емес те. Ендеше тығырықтан қалай шықпақ керек?! Қайтсек алтын бесік ауылдың ажарын ашып, тұрғындарының табысын арттыра аламыз. Әрине, елді мекен тұрғындарының да жеке кәсібін ашып, табыс тайқазанын тасытқысы келеді-ақ. Бірақ, қолбайлап тұрған мәселелер де аз емес. Дегенмен кез келген жағдайда жарқын күнге бастайтын жол табуға болады. Қол-аяқты тұсап тұрған түйінді мәселелерді айналып өтудің жалғыз ғана жолы бар. Ол — ауыл тұрғындары кооперативке бірігіп, ауласындағы қосалқы шаруашылықтарды тиімді пайдалана білу. Әлемдік тәжірибеге сүйенудің қажеті шамалы, облысымыздың өзінде кооператив және қосалқы шаруашылықтың жұмысын жандандыру арқылы-ақ байлықтың көзін тауып отырған тұрғындар аз емес. Мəселен аймақ басшысы Асқар Исабекұлы барған Сарысу ауданы, Саудакент ауылындағы «Гүлбағира» жеке кəсіпкерлігі мал бордақылап байлыққа кенеліп отыр. Гүлбағира Медеубаева «Нəтижелі жұмыспен қамтуды жəне кəсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында 3 миллион теңге несие алып, бүгінгі таңда шаруашылығын дөңгелетуде.

–Зейнетке шыққаннан кейін үйде қол қусырып отыра алмадым. Қара шаңырақта отырғаннан кейін әкемнен қалған шаруашылықты жандандыруға күш салдым. Сөйтіп бағдарлама аясында несие алып, мал алып, ісімізді бастап кеттік. Қазір үйде мал бордақылап, етін ауылға, Жаңатас пен Тараз қалаларына өткерудемін. Жалпы, мал етіне деген сұраныс жоғары. Ендігі кезекте мал басын көбейтіп, сүт өндіруді қолға алуды жоспарлаудамыз, – дейді кәсіпкер.

Ал, тағы бір Саудакент ауылының тұрғыны Асқар Тəкен ауласындағы 20 соттық жерін тиімді пайдаланып, табыс көзіне айналдыра білген. Бау-бақша өнімдерін Саудакент ауылы мен Жаңатас қаласына өткеріп отырған шаруа әр

маусымда 1 миллионға дейін табыс табанынын айтады. Шаруаның бақшасын аралап көрген Асқар Исабекұлы ауласының бір тұтам жеріне дейін тиімді пайдаланып отырған азаматтың ісі көпке үлгі екенін тілге етіп, өз ризашылығын білдірді.

Сарысу ауданында кәсіпкерлікке ден қойған жастардың да қатары көп екен. Саудакент ауылының тұрғыны Қаршыға Құдайбергенов 2017 жылы 2,5 миллион теңге несие алып, 15 мүйізді ірі қара, 2018 жылы 1,5 миллион теңгеге 4 түйе сатып алып жеке кәсібін бастаған. Екі жылдан бері біршама мал басын құраған жас кәсіпкер енді алдағы уақытта сиыр мен түйе сүтін сақтайтын мұздатқыш алып, сүт өңдеу цехын ашуды жоспарлауда.

Аймақ басшысы асқар Мырзахметовтің ауданға жұмыс сапары актив жиынында қорытындыланды. Әрбір ауылдық округті аралаған жұмыс тобының жетекшілері көрген-баққандарын баян етіп, атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырды.

–Әрбір аудан басшылығы, ауылдық округ әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың он бағытын түсініп, «қарапайым заттар экономикасының» не үшін қолға алынып отырғанын білуі тиіс. Мәселен, Сарысу ауданында 44 мың халық тұрады. Бірінші кезекте халықтың табысын қалай көтереміз? Үй жанындағы қосалқы шаруашылықтарды қалай дамытамыз? Әр тұрғын қорасындағы малдан қандай пайда көріп отырғанын анықтап алуымыз керек. Ең бастысы, оның қаншалықты тиімді екенін саралап алуымыз қажет. Жаңағы мен айтқандағыдай, əр аула 1 жəне 2 миллион теңге табыс табатын болса, халықтың жағдайы жаман болмайды. Үйдің іргесіндегі жер телімдерін жəне малды табыстың көзіне айналдыруға болады. Айналып келгенде осының бəрі ауылдағы тұрғынның табысын көтеру үшін кооператив құрудың бір жолы, – деген Асқар Исабекұлы аудан атқамінлерріне нақты тапсырмалар берді.

Жиын соңында Асқар Мырзахметов аудан әкімі Қанатбек Мәдібекке әрбір ауылдық округ әкімдерінің басын жинап жоғарыда айтқан аулаларда семинар өткізіп, айтылған жобаны әрбір отбасына жеке-жеке түсіндіруді тапсырды.

Таластықтар түйетауықтан табыс табуда

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Талас ауданына жұмыс сапары барысында Есейхан ауылында және Тамды ауылдық округінде халықпен кездесіп, ауыл тұрғындарының табысын арттырудың тиімді тетіктерін тарқатып айтып берді.

Жалпы Талас ауданында да қосалқы шаруашылықтың көзін тауып, коперативке бірігу арқылы табыс тайқазанын тасытып отырғандар көп. Қаратау ауылдық округінің тұрғыны Металхан Шомаевтың ауласындағы 15 соттық жерге бау-бақша өнімдерін егіп, отбасылық қажетіліктен артылғандарын базарға өткеруде. Ерінбегеннің ерні қимылдайтынын ұққан тұрғын ауласынан шағын наубайхана ашып, тәулігіне ауылдастарына 75

теңгеден 30-35 бөлке сатып отыр. Енді үй егесі ауласынан 2-3 сотық жылыжай салуды, сауын сиыр басын 4-ге жеткізуді жоспарлауда.

Сонымен қатар жас кəсіпкер Манат Темірбеков биыл қой мен түйетауық өсіруді қолға алыпты. Ол бүгінде 500 гектар жайылымда 300 бас қой өргізіп отыр. Кәсіпкер малмен қатар 60 түйеқұс өсіруде. Енді ол жастарға беріліп жатқан «Бизнес бастау» аясында инвестициялық жобасын дайындап ұсыныпты.

Түстен кейін Асқар Мырзахметов аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан активімен кездесті. Жиында жұмыс тобының жетекшілері есеп берді. Ал, өңір басшысы Асқар Исабекұлы нақты мысалдар келтіре отырып, жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

–Ерінбей еңбек еткеннің ерні майға тиеді. Сондықтан да ауыл тұрғындарының кооперативтерге бірігуі-табыс көзінің тиімді тетігі екенін ұғынған абзал. Басын ашып айтсақ, кооператив құру дегеніміз Кеңес үкіметі кезіндегі ұжымдастыру емес. Сайып келгенде, «Жалғыздың үні шықпас» дейді дана халқымыз. Ал бірлескен істе береке бар. Сондықтан кооперативке бірігу берекеге бастайтын, жалпы, халықты байытатын жалғыз жол, –деді А. Исабекұлы.

Жалпы кооперративке бірігуге, қосалқы шаруашылықты кәдеге жарата білуге ауыл тұрғындарының ынта-ниеті жоғары. Дейтұрғанмен халық не жетпейтінін біледі. Бірақ не істеу керек екенін білмейді. Көзбен көргеніміздей, тек Талас ауданында ғана емес Меркі, Қордай, Т. Рысқұлов, Жамбыл, Сарысу аудандарында қазіргі уақытта кооператив және қосалқы шаруашылықтардың жұмысын жүйелеуде сылбырлық байқалады. Нәтиже де жоқ емес. Ең бастысы сең қозғалған. Сондықтан алдағы уақытта Асқар Исабекұлының теңдесіз жарқын бастамасы өз жемісін беріп, пилотттық режимде өңірімізде қолға алынып жатқан жоба тұтас елімізде жүзеге асырылатына сенім мол.