Айна (үштаған)
Овидий айнасы
Символ – эстетикалық идея. Кант осылай депті. Символ-образ – әдеби сананың арғы тегі. Оның анасы – мифтік сана. Әдеби шығарманың классикаға, өнер туындысының шедеврге айналуының негізінде де осылар тұр.
Жаңа замандағы зерттеушілер Леонардо да Винчидің «Мона Лизасында» отыз қабат бояудың бар екенін айтады. Отыз қабат бояу – отыз қатпар мағына. Ол бір түсті, бір мағыналы дүние емес. Кейде тіпті Джоконда басқа суреттің үстіне салынған деген де пікір бар. Символ-образды біржақты түсіне алмайтынымыздың да, түсінуге болмайтынының дәлелі осында сияқты.
Мәселен, байғұс Нарцисті алайық. Жанынан безіп іңкәр болған Жаңғырық қыздың сезімін тәрк етіп, кек алушы Немизиданың қаһарына ұшырап, судан көрген өз бейнесіне ынтық боп, ырықтан айырылады. Осыны классикалық түсінік өзімшілдіктің, өзін ғана сүюдің символы ретінде көрсетеді. Шын мәнінде солай ма?
Бұл аңыздың сан нұсқасы, алуан тәпсірі бар. Овидийден (бір нұсқа) осы аңызды оқығанда, ойға бірден келетіні – таңдау еркі, Нарцисте таңдау еркінің болмағандығы. Ой-санасы толық қалыптаспаған, сезімі әлі жетілмеген он беске жаңа шыққан бозбаланы қалай жазғыруға, жазалауға болады? Ол неге өзгенің сезімі үшін жазалануы керек? Әрі-беріден соң ол неге Жаңғырықты сүюі керек? Мәжнүннің сезімі үшін Ләйлі айыпты ма?
Овидий айнасына – Нарцисс қараған суға біз де қарасақ не көреміз? Мен үшін Нарцисс – тәкаппарлық пен өзін ғана сүюдің символы емес, еркінен тыс (мейлі дуа мен сиқыр, мейлі идеология арқылы) өзін сүюге мәжбүрленген бейбақ. Біреуді өзіңе немесе белгілі бір идеяға, құндылыққа күшпен ғашық етуге бола ма деген сұрақ болса, жоқ дер едік. Оны тіпті махаббат идеясын мансұқтаушы идея кейпінде таныр едік. Онда неге Нарцисті өзін сүюге мәжбүр етіп, кейін оны «ол өзін сүйді» деп айыптаймыз?
Шекспир айнасы
Нарцисс бейнесінде еріксіз өзін сүюге мәжбүр болған образды танысақ, өзін өзі еріксіз жек көруге мәжбүр болған мұңлықты Калибан бейнесінен көрер едік.
«Дауыл» («Буря») – Шекспирдің соңғы шығармасы. Калибан бейнесінен әркім қилы символ, қиғаш ойларды, түрлі қисынды көреді. Ал мен өзін еріксіз жек көруге мәжүр болған бейшараны көремін.
Миланнан қуылып, Калибанның аралына тап болған дуагөй Проспера мен оның балдырған қызы, кейін келіп оларға қосылған патша әулетінің бар қаймағы Калибанды бірден құбыжық деп шешеді. Адамнан азған ба, балық па, әйтеуір құбыжық. Оны құлға айналдырады.
Ал олар келгенше, Калибан аралына – оның ғажайып әлеміне енгенше Калибан сұлулық пен ұсқынсыздық, азаттық пен құлдық, байлық пен кедейлік, жақсылық пен жамандық туралы білген де жоқ еді. Сол аралдағы бұжыр-бұжыр қара тас та, қисық өскен қарағаш та, жыбырлаған құрт пен қоңыз да, тіпті теңіздегі дүлей дауыл да осы келімсектер алып келген категориялардан бейхабар еді. Олар өз әлемінде сұлу еді. Олар да, Калибан да тіпті өзін сұлумын ба, ұсқынсызбын ба, адаммын ба, құбыжықпын ба деп те ойлаған жоқ.
Келімсектер Калибанды құбыжық деп атау арқылы оны құбыжық екеніне сендірді. Калибан әуелі өзі таңылған құлдықты, кейін өзінің болмысын, табиғатын, құндылықтарын жек көре бастады. Ол өз құндылықтарын жиыстырып, өзгелердің құндылықтарын сүйді.
Шекспир айнасы – жан дүниесін сатқындық пен зұлымдық билегендердің Калибан бейнесінен өзін көруі. Олардың жан дүниесі – Ка-либан. Бірақ олар оны өздерінің жан дүниесі деп емес, Калибанның яғни басқаның жан дүниесі деп тануға бейіл. Себебі бұл жеңіл. Соның бәрін өзіне алған, өзіне көшірген Калибанның өзін құбыжық деп танудан басқа шарасы да жоқ еді.
Біз кейде өзгелерге екі мысалдағыдай өз көзқарасымызды, пікірімізді, болмысымызды таңу, арту арқылы оларды өзін не шексіз сүюге, не шектен шыға жеккөруіне алып келеміз де, кейін таң боламыз.
Мұқанов айнасы
Ботагөздің айна алдында өз көркін өзі қызықтап отырған сәті, бір қарағанда, романға лирикалық көңіл күй беретін жай ғана кіріспе ретінде көрінуі мүмкін, бірақ, бұның басқаша бір мәні бар секілді.
Айна алдында отырған Ботагөз біресе теңіздей толқыған көлге, біресе найзадай шаншылған Оқжетпеске қарайды. Және ағасы сыйлаған жібек ленталарды шашына бір-бірлеп тағады. Таға отырып былай дейді: «Мынау, – деді, ол жасыл лентаны суырып ап, – қарағай! Мынау, – деді, ол ақ лентаны суырып ап, – қайың! Мынау, – деді, ол сары лентаны суырып ап, – қайыңның жапырағы! Мынау, – деді, ол қызыл лентаны суырып ап, – теректің жапырағы! Мынау, – деді, ол көк лентаны суырып ап, – теректің өзі! Мынау, – деді, ол сұр лентаны суырып ап, – таудың тасы!».
Түс палитрасы – ой палитрасы секілді құбылып, оқырманға өзгеше әсер сыйлайды, Ботагөздің жанында тұрғандай, сол сәтті бірге кешкендей сұлу сезімге бөлейді. Осы көріністі жазушы Мұқановтың ақындық көзқарасы, лирикалық шегінісі ретінде қарауға да болар еді, егер романның басындағы мына бір сөз болмаса: «Күзді күні қайыңның жапырағы сарғаяды, теректікі қызарады, жасыл түсін өзгертпейтін қарағай ғана». Осы бір байқала бермес детальдар романды оқу барысында бояуы қанығып, анық бір мағына ала бастайтындай. Мұның бәрі бір Ботагөздің шашына тағылатын ленталар ғана емес, басынан өткеретін идеялар, кезеңдер, оқиғалар, тап күресі, тап күресіне таңылған түстер. Олай болмауы да мүмкін, бұл біздің ғана пікіріміз.
Біз осы ретте Мұқанов айнасына қарағанда не көреміз? Мұқанов «күзі» – революция (ақпан, қазан) болса, мәңгі өзгермес қарағай, қара-ғайдың жасыл түсі – халық, халықтың өлмес рухы, көк терек – көк өскін, әр заманда өмірге келер жас толқын – Амантай, Ботагөз, Асқар, Кузнецов, қызыл түс – олардың идеялық мұрагерлері, ақ қайың – Итбай мен Кулаковтар, сары түс – олардың идеялық мұрагерлері, сұр түс – жат саналғандар.
Енді осы романның идеологиялық бояуын шайып тастасақ, өз өмірі, өз мақсат-арманы, өз бақыты үшін күрескен образдар ғана қалады. Ал Мұқанов айнасынан жұмбақ жалау ғана көрінеді.
Ерлан ЖҮНІС