АЙНАЛАЙЫНДАРЫМ МЕНІҢ…
Қазақ халқының өткені ғана емес,бүгінгісі үшін де,
ең алдымен, қазақ әйеліне қарыздар екенімізді ұмытпайық!
Қандай да бір болашағымыз да,
осы қазақ әйелінің – Ошақтың Құты, Ел Анасының қолында тұр !
Мұхтар Мағауин,
Қазақстанның халық жазушысы.
Оқырманға жол тартқан «ЕлАна» сайтының көпшілік көңілінің төрінен орын алып, ғибрат алатын сайт болуына, межелеп отырған көптеген игі істеріне сәттіліктер тілей отырып,алғашқылардың бірі болып ұлттық тәлім-тәрбиелік маңызы бар, айтары бар құнды шығармалармен бөлісіп отыруды жөн көрдім.
Солардың бірі , Ділда Матайқызы Тасмағамбеткелінінің «Айналайындарым менің … « атты екі томдық кітабындағы: « Қазағымның ұлы мен қызы, немере-шөберелерінің бір қажетіне жарар болса-ау дейміз.» — деп көпшілік оқырман-қауымға арнаған апамыздың «Бір шымшым ойларынан» үзінділерді назарларыңызға ұсынамын. Ділда Матайқызы апамыздың осынау құнды дүниесінен ғибрат алып қажетімізге жаратып, керегін көңілге түйіп алсақ артық болмас .
Сонымен: «Ел дегенде еміреніп тұрыңдар, шырақтарым! Бүгін атқа,ертең таққа мінемін деп ойламаңдар. Жазатайым орындарыңнан түсіп қалсаңдар, сол ел-ананың ортасына бармай қайда кетесіңдер?! Сонда кездескен жаннан үй айналып қашып,көше айналып тығылып жүрмесеңдер болды да…» … Көпті көрген көне қариядан сұрапты:
-Ел қайтсе ес жияды?
-Ұрпағын көбейтіп.
-Ел қайтсе ертеңіне ерен болып жетеді?
-Ұрпағын көбейтіп.
-Мұны әуелі кім ойлау керек?
-Әйел!
-Не себепті әуелі әйел?
-Өйткені,ана болу тек соның ғана қолынан келеді.
-Ұлттың тәрбиешісі кім?
-Тағы да әйел.
-Даналық қайдан шығады?
-Әйелден.
-Елдің Айы?
-Ана!
-Күні?
-Тағы да Ана!
( Ділда Матайқызы. «Айналайындарым менің… II- том, « Ана туралы жыр» , 192-193 беттер.)
Ділда апаның «Ана туралы жыр» кітабынан:
… Мен орысша оқыған адаммын ғой. Орыс тілін жақсы білу арқылы талай-талай және әрқилы дүниелерді оқып-тоқып жүргенім өмірде көп пайдасын тигізді. Көп оқу,тоқу,естіп-біліп жүру – өзіңді өзің тәрбиелеу мектебі. Бұл қыз-келіншектерімізге керек мектеп.
Сол мектептен шыққан ұрпақ – азамат ердің баласына, қызы – ақылды ұрпақтың анасына айналады . Ананың көркі – ақыл дей келе мына төмендегі тарихи деректермен бөліседі :
Моғолстанның ханы Жүніс ханның екінші қызы Нигер ханым ақылды екен, одан Мұхаммед Хайдар Дулати туған, сол ханның екінші әйелі ақыл иесі Шаh бикеден Алаша хан туған екен; Домалақ ене жарықтықтан туған үш ұл – Албан,Суан және Дулаттан ірі-ірі қазақ тайпалары тарады. Дулаттың Жанысынан әйгілі Төлеби, Жаныстың Салиқа деген қызынан Әлжан, ол апамыздан тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев туылған.
Үлкен жүректі,жанұясы асыл аналарымыз қазаққа Әбдіжәміл,Шәмші, Нұрғиса,Жұмекен сияқты толып жатқан небір кемеңгерлерді,аса заңғар дарынды тұлғаларды сыйлады! Аллаға сансыз шүкір! ( жалғасы бар)
Данадан сұрапты:
-Әйел неге ұзақ жасайды – деп.
-Мейірімнің молдығынан.
-Әйел жесір қалса нені ойлайды?
-Ұл-қызына жетімдік көрсетпей жеткізем деп.
-Еркек жесір қалса ше?
-Тағы әйел алсам деп.
-Әйел неге кешірімді?
-Түбін ойлайды.
-Еркек ше?
-Өш алар күнін ойлайды.
-«Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деген сөз бар.
-«Ер бала – шаңырақ иесі» деген сөз,басқа ештеңе емес.
-Әйелдің жолы неге жіңішке?
-Ұяты көп.
-Қасіреттің үлкені не?
-Әйелдің көз жасы.
-Неден қатты қорқу керек?
-Әйелдің көз жасынан.
Тірінің тілінде,ділінде,дінінде тулап жататын нәр – Ананың ақ сүті !
Ер жігіттен сұрапты дейді қария:
-Кімге қарызсың?
— Анамның ақ сүтіне.
— Ерлік қайдан шығады?
— Анамның ақ сүтінен алған қуаттан.
— Неден қорқасың?
— Анамның ақ сүтін ақтамаудан.
— Ұстанымың?
— Анамның ақ сүтіне адалдық.
Өшпейтін,өсетін елдің ата дәстүрінде осылай болған. Бұл-ойға оралып отыратын өсиет, дей келе ары қарай тарихта аты қалған игі мұсылман құрмет тұтатын,қадірлеп қастерлейтін ,аттары аңызға айналған Аналарымызды жіпке тізеді:
Құран Кәрімде Алла тағала: «жындар мен адамдарды тек құлшылық ету үшін жараттым», — дейді. Ер адамға ғибадат парыз болғаны сияқты әйелге жде ғибадат- парыз.Әйел адам өзінің парыздарын уақытылы өтеуімен еріне көмектескен болып саналады. Өйткені әйел өз тақуалығымен ерінің тақуалығын қуаттай түседі.
Қоғам тарихында рухани таза қоғам болған уақыт – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сахабалары өмір сүрген заман. Сол сияқты әйелдердің ішінде де исламдағы әйел бейнесін бірінші көрсеткендер – пайғамбарымыздың әйелдері, аналарымыз. Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық келгенде ең бірінші болып сеніп, иман келтірген Хадиша анамыз болды.
Енді ислам тарихында аты қалған мұсылман әйелдері туралы Ділда апамыздың деректеріне назар аударыңыздар :
- Хадиша (р.а.) анамыз. Толық аты – әл-Кубра (ұлы Хадиша). Исламдағы ең бірінші мұсылман әйел.Ол кісі тақуа,абзал адам болған. Исламды уағыздап,өмірін осы жолда аямай сарп еткен. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ең бірінші рет уахи келгенде: «Сен Пайғамбарсың,енді мықтылық,шыдамдылық танытуың керек»,-деп қуаттаған да осы Хадиша анамыз.
- Айша (р.а.) анамыздың діни сауаты өте мол болып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) 2210 хадистарын риуаят еткені белгілі. Ол кісінің жиені Урва бин Зубайл: «Мен парыз туралы Айшадан көп білетін адамды көрген емеспін. Намазды, фиқh мәселесін, шариғат үкімдерін жетік талдайтын,оның дұрыс таралуына,халықтың дұрыс түсінуіне ерекше мән берген.»
- Фатима(р.а.). Ол кісі Пайғамбарымыз(с.ғ.с.)ға пайғамбарлық келерден үш ай бұрын дүниеге келді. «Фатима – жұмаққа кіретін әйелдердің бастаушысы»,-деді Пайғамбар (с.ғ.с.) Ол кісі көшеге шығып , адамдарды исламға шақырып,уа.ыз айтқан кезде жанынан Фатиманы тастамады. Айша анамыз Фатима туралы былай деді : «Мен пайғамбарымызға мінезімен,сырт келбетімен,әдептілігімен,жақсы мінезімен,тәртіп-табиғатымен, аса сауаттылығымен Фатимадай жанды көрмедім. Фатима Пайғамбарымызға(с.ғ.с.) ға келгенде,әкесі оны тұрып қарсы алып,отырған орнын ұсынатын. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Фатимаға барғанда ,ол да әкесін тұрып ,екі қолын сүйіп,отырған орнын ұсынатын.» Фатимаға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нәсілін жалғастыру сияқты үлкен құрмет,абырой-береке нәсіп болды. Осы күнге дейін жеткен барлық әулиелер осы ұрпақтан тарады. Фатима анамыз hижраттың бірінші жылы 28 жасында дүние салды. Дүние саларының алдында толық ғұсыл дәрет құйынып,таза киім киіп,күйеуі Әлиге: Мені бақи қабірстанына өзің көтеріп апарып жерле, сенен басқа ешкімнің қолы денеме тимесін,- деген екен.
- Хажар (р.а.) анамыз. (Ибраhим пайғамбардың әйелі, Исмайылдың анасы) Хажар анамыз (р.а.) хабашстандық (Эфиопия) күң болған. Ол кісінің Аллаға деген сенімділігі тақуалықтың тамаша үлгісі бола білді. Жыл сайынғы миллиондаған қажылар қажылық парыздарын өтеп жүргенде сағи (араб тілінде «шапшаң жүру,жүгіру» деген мағына білдіреді) етіп жүгіретін Сафа және Маруа тауы бар. Осы амал Хажар анамыздан қалған.Өзіне бағынған құлын, Хажар анамыздың қабірін Алла тағала қасиетті орынға – қағбаның жанына алды. Ибраhим пайғамбарымыздың әйелі Сара анамыз Хажарды ұстаған кезде екі құлағын кеспек болған екен. Райынан қайтып,құлағын кесудің орнына тескен екен. Анамыз құлағының тесігі білінбеу үшін,сырға таққан.Етегі аяққа оралып кедергі болмау үшін беліне жіп байлап алған екен. Әйелдердің белдік байлау, сырға салуының тарихы осындай.
- Сумайя (р.а.) анамыз. Бұл кісі ұлы сахаба Аммар ибн Йасирдің анасы еді. Сумайя Махзум деген адамның құлы еді. Махзумның балалары Сумайяның ислам дінін қабылдағанын білген кезде оны азаптап өлтіреді.
- Умму әл-Фадл (р.а.) анамыз. Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) ағасы Аббастың әйелі, Хадиша анамыздан кейінгі мұсылман болған әйел деп айтылады.Ол кісі ақсүйек нәсілден шыққан. Өле-өлгенше дінді насихаттауға күш-жігерін аямаған.
- Ғузайя (р.а.) анамыз. Шаршау дегенді білмейтін,дінді уағыздайтын бәдеуилерден (көшпелі) еді. Ол кісінің уағыздарының әсерінен көп әйелдер мұсылмандықты қабылдады. Меккеліктер бұл әйелден құтылу үшін оны Даус тайпасының керуеніне жібереді. Керуен басшылары анамызды әбден қинап,ас бермей көптеген қорлықтар көрсетеді. Ислам діні үщін көрген азаптарын әсерлеп айтып бергені сонша, Даус руы мұсылмандықты қабылдаған екен.
Ділда Матайқызы анамыз:
«Өткеннің ғибраты – өмірге бағдаршам. Біздікі сол білгенімізді,көргенімізді,естігенімізді,солардан жасаған қорытындыларымызды айтып қана қоймай,жазып кетсек дейміз. Қазағымның ұлы мен қызы, немере-шөберелерінің бір қажетіне жарар болса-ау дейміз.» — деп ой түйеді.
Осындай анамызға Алла разы болсын, ғибратқа толы әр сөзі ұрпақтан ұрпаққа жетсін деп тілейік, құрметті оқырман!
Салима Қасымбек қажы тегі.