АЙНАЛАМЫЗҒА АЛҒЫС АЙТА ЖҮРЕЙІК, АҒАЙЫН
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Аллаға мадақ, пайғамбарға салауаттар болсын!
Қадірлі отандастар! Ардақты ағайын!
Халқымыз көктемнің алғашқы шуақты күнінде өнегесі мол, мәні ерекше мерекені атап өтеді. 1 наурыз – Алғыс айту күнінде еліміздегі түрлі ұлт өкілдері қазақ халқына айрықша алғыс айтып, құрметі мен ізетін білдіріп келеді.
Расында, тағдыр тауқыметін тартып, зобалаң замандарда қазақ жеріне пана іздеп келген түрлі ұлт пен дін өкілдері халқымыздың жанашырлығы мен қамқорлығына бөленді. Олар сындарлы сәтте құшақ жайып қарсы алып, кеңпейіл ниет танытқан қазақ халқына әрқашан алғысы мен риясыз ризашылығын білдіруде.
Қазақ жерінде бірнеше ұлт пен дін өкілдерінің өмір сүруі – Алланың қалауы. Алланың қалауына қатысты тағдырда таңдау болмайды. Ендігі мақсат – ұлт болып ұйысып, бір шаңырақ астында татулықты ту етіп, өнегелі өмір сабақтастығын қалыптастыру.
Біз ең әуелі адам баласын жоқтан бар етіп жаратқан Жаратушы Иемізге шүкір айтамыз. Шынында, Алланың адам баласына берген нығметінің шегі жоқ. Әрбір атқан таңды амандықпен қарсы алудың өзі баға жетпес нығмет емес пе? Әр күнімізге шүкір дейміз.
Екіншіден, бізді өмірге әкелуге себепші болған, сәби сәтімізден мәпелеп, аялап өсірген ата-анамызға алғыс айтамыз. Осындайда халқымыздың «Ата – қорған, ана – құрбан» деген жүрек тебірентерлік қанатты сөзі еске түседі… Қорған болған әкемізге, баласы атқа қонса, тақымын қысатын анамызға алғыс айту – перзенттік парызымыз. Тағдыр жазуымен өмірден өткен болса дұға етіп, туыстары мен замандастарына қамқорлық жасау – мұсылмандық міндетіміз. Алла елшісі осындай амалға үндеген.
Үшіншіден, айналадағы кісілерге алғыс айту – адамгершілік борышымыз. Мұсылман баласы қандай да игілік пен нығметке бөленсе, әуелі Аллаға шүкір айтып, сол жақсылыққа себепші болған адамға алғысын білдіреді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамға алғыс айта алмаған, Аллаға шүкір ете алмайды», – деген.
Адамдар арасындағы мейірбандық пен достық, татулық пен құрмет сынды құндылықтарды арттыра түсетін айтулы күнде айналамызға алғыс айтып, тілеулестігімізді білдіре жүрейік, ағайын! Сіздерге мың алғыс! Баршаңызға Алланың амандығы мен берекетін тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі