Айсбергті айналып өткісі келмеген кеме суға кетеді

Үкімет назарына!

 

Астананың іргесіндегі лапас үйде бір отбасының бес сәбиінің тірідей отқа жанып кетуі онсыз да жарылуға шақ тұрған әлеуметтік дүмпуді жақындата түсті. Жағдайды көре тұра сол кездегі президент Н.Назарбаевтың бейтарап, шарасыз отыруы мүмкін емес еді. Өзі де күтпеген жерден Үкіметті тосын таратуға мәжбүр болды. Бұл туралы баспасөз жарыса жазды. Небәрі 2,5 жылға жуық билік құрған Б.Сағынтаев үкіметінің жұмысына баға берді. Солардың ішінен «Qazaqstan dauiri» газетінде жарияланған ҚР еңбегі сіңген қайраткер Сәуле Мешітбайқызының «Жаңа Үкімет мүлде тың бетбұрыс жасамаса бәрі бекер» атты мақаласын атап айтуға тура келеді. Автор мақаласында жаңа Үкімет пен оның жетекшісіне деген тілегін, ескертпелерін айта отырып, өткір де ойлы тілмен, фактімен тірідей «сойып салған» екен…

 

Министрдің орынбасары А.Евниев қызметінен неге кетті?

Қайыр Рахметуллин

Менің «көңілімді бұзған» осы тағайындауларға күнілгері қатысы бар «Бітпейтін жиналыстардан шенеуніктер де
шаршай бастапты» деген мақала еді («Жас Алаш» №15 23 ақпан 2019 жыл). Мақаланың алғысөзінде «Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев жаңа үкіметтің жасақталғанын күтпей-ақ мемлекеттік қызметтен кететінін айтты», — деп «Фейсбук» парақшасында жазылған республиканың ауыл шаруашылығы мен қалыптасқан жүйе туралы ой-пікірлерін, жасаған қорытындысын сараптап шыққан.
— Біріншіден, әрбір мем.қызметкер үкімет жұмысының нәтижесіне жауапты деймін. Ол маған да қатысты. Бар күшімді салып жұмыс істеген сияқтымын. Тіпті кейбір кездері асыра қызмет еттім. Әкем үнемі әрбір істі нәтижесімен мақтанарлықтай атқару керектігін үйреткен. Ал егер нәтиже қанағаттанарлықтай емес болып, тіпті ол үшін ұялатындай болсаң, бұл форматта әрі қарай жұмысты жалғастырудың мәні бар ма? — дейді.
Арман Евниев қызметтен бас тартып, өзі 20 жылдан бері бел ортасында жүрген ауыл шаруашылығынан неге түңілді? Салада бұдан әріде нәтиже болмайтынына қалай көз жеткізді?
Талдап көрейік.
Сонау орайсыз жекешелендірудің нәтиже-сінде құрылған шаруа қожалықтарының көбі алғашқы 7-8 жылда-ақ тарап, қыстауларының орны ғана қалды. Қалғандарының да басым бөлігі тоқырап, малы азайып, жай шаруаның қатарына түсті. Қожалық жетекшілері қалған малын балаларына ауызша еншіге бөліп беріп, құрылым ретінде үкіметте тіркеулі тұрғандықтан біріктіріп бағып отыр. Көбінің бар малын сатсаң да қаладан үш бөлмелі бір үй келмейтінін қарапайым есеппен-ақ білуге болады. егін салады деп жабайы долбармен бір-бір танаптан бөліп берген егістік жерлерде қурай өсіп тұр. Осындай жағдайда ауыл шаруашылығының дамып, белгілі бір нәтижеге қол жеткізуі мүмкін бе?
Бір кезде қала мен селоны теңестіруіміз керек деген ұран көтерілгені есімізде (Хрущевтың кезінде ме екен). Көп жерде солай істелді де. Көшелер асфальттанып, ағаштар егіліп, мәдени ғимараттар бой көтерді. Жастар көңілді еді. Ал біз солардың орындарында не қалдырдық? Көрікті ауылдардың орнында құлаған үйлердің үйіндісі, күйген бекет қана қалды емес пе? Осыны көрмеу мүмкін бе?
Шаруа қожалықтарының алғашқы жетекшілері қатардан шықты. Біразы бұл пәниде жоқ. Қалғаны зейнетке кетті. Олардың балаларының өзі немерелі, алды шөберелі болды. Бәріне де үй керек. Оқудың ақысын төлеу керек. Тамақ.., киім.., т.б. Ал шөкімдей мал қайсысына жетеді? Олардың әрқайсысы жеке шаңырақ көтеріп, өз алдына мал ұстайтындай жасқа келді. Жұмыс жоқ. Еріксіз нан іздеп қалаға кетті. Сусыз жерге шаруашылық орнатылмайтыны белгілі. Малға ашық суы бар жерді 20 мың шаруа қожалығы бөліп алған. Олардың әрқайсысында 50 адам бар деп есептесек (артығымен айтып отырмыз) бір миллион жан шығады. Ал ауылда жеті миллион халық тұрған. Қожалықтардың жағдайы әлгіндей болғанда, жері де, техникасы да жоқ қалған алты миллион халықтың халі нешік? Мұндай да жастар қалаға кетпегенде қайда кетеді? Ал қалада ақы төлейтін жұмыс қайда бар? Бала-шағасын асырай алмай, пәтер ақысын төлей алмай, түнделетіп, бір үйден бір үйге қашып көшіп жүр емес пе?
Қаңтар айының басында әлдебір шаруамен Қарағанды қаласындағы холдингке, «Фитохимия» ҒӨБ орталығының президенті, облыстың мәслихаттың депутаты, академик С.М.Әдекеновтың қабылдауына кірмек болып бардым. Аула мықты қоршалған екен. Форма киген күзетші жігіт терезеден секретарының телефонын алып берді. хатшы қыз ол кісінің екі жетісіз жұмыста болмайтынын айтты. Әлдеқандай себебі бар болар. Менің сыртымда тұрған, жеңіл киіне салған, жасы қырықтар шамасындағы орыс әйел де депутатты іздеп, сол жауапты естіді.
Бойын жазып, қатты абыржып:
— Люди голодают…, — деді. Маған «ауылдан көшіп келіп, пәтер жалдап тұрған жас отбасы бала-шағасымен ашығып жатыр-ау», — деген ой түсіп, жүрегім шымырлап кетті. Бір қарағанымда әйел жолдан өтіп барады екен. Сол әйелден басқа тірі жан көрінбеген бес-алты қабатты сұрғылт үйлер жұтып қоярдай, қайтып артыма қарамауға тырыстым. Міне халықтың алды осындай күйге келді. Мүмкін мұндай жағдай тек қана осы көшеде, осы үйлерде ғана емес шығар. Қазақстанның суицидтен әлемде бірінші орында екенін оқырманның көбі біледі. Бала-шағасын асырай алмаған пәтерші енді қандай қадамға баруы мүмкін деген қорқынышты ой түсіп, санамда қатерлі елес шаң берді. «…Бізде бәрі жақсы. Дамыған 30 елдің қатарына кірдік» деген жалған насихаттың да елесі бұл.

 

Азық-түлікті шетелдерден неге аламыз?

Қазақстанға етті, сүтті қоса алғанда азық-түліктің 80-85 пайызы шетелдерден әкелінуде. Сондықтан олардың бағасының да арзан болмайтыны түсінікті. Күнделікті тұтынуға қарапайым халықтың шамасы жетпейді. Олардың аш-құрсақтығын нанның молшылығы ғана білдірмей тұр.
Мал неге азайды? Біраз жылдар қожалықтар өз малдарына шөп дайындап, артығын жай шаруаға сататын. Қазір де өз малына азық дайындау да уайым болып қалды. Себеп көп. Жекешелендіруден тиген тракторлары тозды. Осыдан 25-30 жыл бұрын егілген көпжылдық шөп сиреп, азды. Өнім бермейді. Тұқым да шашпайды. Тұқым шаштырмай, жылда қырқып ала берген соң жай шөптің де түсімі аз. Амалсыз гектарынан 70-80 кг түсетін ойдым-ойдым жерлерді де шауып жүреді. Шалғыны бос сақылдатып жүрген соң құралдар да сынғыш. Қосалқы бөлшектер де, жанаржағармай да қымбат.
Шаруа қожалықтарының жағдайы осындай болғанда, жері де, тракторы да жоқ қалған алты миллион халық малына жем-шөпті қайдан алуы керек? Мен тәжірибелі, көнекөз ауыл тұрғыны болғандықтан (мамандығым агроном әрі зоотехник) ауылды мұндай дағдарыстан шығару үшін ауыл шаруашылығында реформа жасауды ұсынып, екі жылда алты мақала жаздым. Олар «Qazaqstan zamany» газетінде жарияланды. Жасым бүгінде сексен бірде. Дағдарысты ауылдың ішінде отырғандықтан басшылықтың, бағдардың әнтек кеткені көрініп тұр. Жастар жұмыс іздеп кетті дейік. Ал мал өсіруге әлі де күш-қуаты жеткілікті орта буын неге жаппай қалаға көшіп жатыр? Шөп жоқ. Малы біртіндеп азайса, қаладан үй сатып ала алмайтын болғандықтан көшуде. Республика әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орында бола тұра шөп жоқ деуге бетің қызарады. Жұрттың бәрі қалаға құштар емес. елді, табиғатты сүйетін, мал өсіргісі келетін жастар да амалсыз қоса көшуде. Биік лауазымдылар үйін дүние мүлкімен, қора-қопсы, айыр-күрегімен тастап көшіп жатқан ауылдарға барып, көзбен көруге жүздері шыдамай, бұл — өзіндік көшу (урбанизация) деп бірін-бірі жұбатып жүр. Біз қатерлі сызықтан әлдеқашан өтіп кеттік. Бұрын 1000 ауылдың мектептері жабылып көшіп кетсе, енді орташа деген 2500 ауылдың 500-і көшіп, жойылып жатыр. Бұл — шаңырағы шайқалып, ұлт жойылып жатыр дегенді білдіреді.
Мектеп ұстауды қиынсынып, тұрғындарды 50 үйге жетпейтін, ауылдарды көшіріп, үлкен елді мекендерге топтастыру керек деген ұран әлі бар. Мұны жағдайды түсінбегендіктен айтады. Олар төрт түлік малға ашық суы бар, көптеп мал өсіріп отырған «нағыз келешегі бар» ауылдар. Бір орталыққа топтасқан соң ашық су, жайылым тапшылық етіп, малдарын еріксіз азайтып, жатаққа айналады. Статистикада көрсетілген, көшпей отырған 3750 ауылдың көпшілігі халқы тығыз, жері тар оңтүстікте. Қалғаны қалалардың маңайында, темір жолдың бойында. Шөп тапшы, қымбат болғандықтан олардың да басым бөлігі малдан қол үзіп, етті қаланың базарынан алып, «буштың сирағын» жеп отыр. Мұны біз алыс-жақын ағайын-туыстардан естіп отырамыз.

 

Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру керек

Осындай жағдайда не істемек керек? Мен айтылған сол мақалаларда қажет еткен өңірлерде халыққа мал азығын өндіріп сататын «Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын» құру туралы ұсыныс жасаған едім. Бұрынғы совхоз енді қайтіп келмейді. Бұл мәртебесі (статусы) бірдей сол совхоздардың баламасы. Айырмасы — мал бірыңғай жекеменшіктің қолында.
Үкімет таяқ шанышсақ өсіп кететін Украина, Белоруссия, Молдавия, Батыс Европа елдеріне еліктейді. Ал Қазақстанның табиғаты қатаң, жартылай шөлейт. Оңтүстікте 50 градусқа дейін ыстық, қалған үш аймақта алты ай қыс, ақырған аяз, ақтүтем боран. Қуатты машина-трактор ауласы бар шаруашылық қана табиғи апатқа қарсы тұра алады. аталған «Мемлекеттік мал азығы» шаруашылығын құруға аз ғана толықтырулармен «жұлдыз санап» жұмыссыз отырған ауылдың округтің штатын пайдалануға болады. Барлық ауылдың округте мал азығы шаруашылығын құру міндетті емес. біреуінде құрып, көрші ауылдық округте бригадасын ұстаса жеткілікті. Шаруа қожалықтарына бір-бір танаптан, бөліп берген егістік жерлерді қайтып алып, осы шаруашылыққа бекітіп, екі танапты (арпа — көпжылдық шөп) ауыспалы егіс жүйесін қалпына келтіру керек. Гектарынан тоннамен түсетін көпжылдық шөпке халықтың қолы жетпеуде. Шараны іске асырса, мал азығының өзіндік құны да арзандайды. Сонда ғана мал шаруашылығы өркендейді.

Мемлекеттік мал азығы шаруашылықта-рын құру мынандай өзгерістер әкеледі:
1. Меншіктің қай түрін болсын мал азығы тапшылығынан қауіпсіздендіреді. Ауылдар алмакезек жұтамайтын болады.
2. Жастарды жұмыспен қамтиды. Жастар елге оралады. Еңбек өтілінің түзеліп, қартайған шағында зейнетке шығу мүмкіндігінің нақтылануы олардың болашаққа деген сенімін арттырады.
3. Ауылға жан кіріп, күлкі оралады.
4. Тұрмыс пен жұмыссыздыққа байланысты қалаларда туындауы ықтимал әлеуметтік шиеленісті сейілтеді.
5. Ауылдың мал өсіру мүмкіндігі кеңейіп, тұрмысы түзеледі. Мәселе қазіргідей жем-шөпке емес, еңбекке келіп тірелуі керек.
6. Шаруа қожалықтары ұқсата алмаған, ел көшкен соң иесіз қалған егістік жерлер қайта айналымға кіреді.
7. Шаруашылық жұмыскер қызметкерлері үшін (бұрынғы совхоз сияқты) тұрғын үйлер салады. Қазіргі жағдайда жекелеген адамдар мен шаруа қожалықтары ауылға енді қайтып үй салмайды. Ауыл өздігінен құриды. Бұл мемлекеттің араласуынсыз бұдан былай ауылдың келешегі жоқ дегенді білдіреді. Сондықтан шегінерге жол жоқ.
8. Жем-шөп, үй-жай мәселелері шешіліп тұрса, шетелдерден оралатын қандастар солтүстік облыстарға ынтамен қоныстанып, сіңісіп кетеді.
9. Солтүстік айлыққа көшіре алмай жүрген Оңтүстіктің жастары да ойланып, қауырт қозғала бастауы мүмкін.

 

Апатты жағдайдағы ауыл шаруашылығын кім алып шығады?

Ауыл шаруашылығы дағдарыста отырған шақта бұрынғы президент Н.Назарбаевтың оны түзей алатын кадр Ө.Шөкеевті Түркістан облыс орталығын түзетуге жіберуін қателік деп есептеймін. Қаржы болып тұрғанда Түркістанда құрылыс салуға басқа кадрдің де шамасы жететін еді. Билік ауыл шаруашылығының апатты жағдайға киліккенін, оның мемлекеттің болашағына әкелетін ауыр зардабын түсіне алмады. Ө.Шөкеев 2017 жылғы күзде Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалған соң, алғашқы үкіметтік жиналыста «Ірі шаруа қожалықтарын қолдаймыз», — деген еді. Ал 2018 жылғы сәуірдегі Үкімет отырысында бағытын 180 градусқа бұрып: «Жоқ, үлкен қожалықтарды емес, майда шаруашылықтарды қолдауымыз керек», — деп түйіндеді. «100 мың отбасылық ферма құруымыз керек», — деді. Себеп: айтылған мақалаларды зерттеп, ауыл шаруашылығының қалыптасқан нақты жағдайына көз жеткізді. Соған сәйкес ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жоспарын белгіледі. Ал Ө.Шөкеевтің облысқа әкім болып кетіп, А.Евниевтің бұл салада жұмыс істеуден бас тартуынан соң менің үмітім күйреп түсті. Тек менің бе? Министрліктен екі тәжірибелі лауазымды тұлғаның бірден кетуінен сеніп, баспасөзді аңдып отырған елдің, ауылдың да үміті күйреді. Мен осындай жағдайдың ықтималдығын «Бағдарлама белгіленді. Енді не істеу керек?» — деген алтыншы мақаламда айтқан едім. Онда: «Түсінген адамға жерімізге сырт көз сұғын қадап, жемқорлар тонап, шаруашылық әлсіреп, ұлттың тағдыры сұрақ белгісімен тұр. Қалыптасқан ауыр жағдайды түсіндіре алдық-ау деп үміттеніп отырғанда, ауыл шаруашылығын түзей алатын, суырылып шыққан азаматтардың аяғына кім-кімде болса оралғы болмағаны дұрыс. Дағдарысты ауылдың ішінде отырып түзеуге еркіндік-мүмкіндік берілмей қалар ма деген қауіп-түйсігімді де жасыра алмай отырмын», — деп жазылған еді. Түйсігімнің алдамағанына көз жетті.
Арман Евниев парақшасында одан әрі не дейді? «Бұл жүйеде қарапайым бұранда ғана болып, жеке өзің ештеңе шеше алмайтын жағдайда ары қарай жұмысты жалғастыруды ақтап алуға бола ма?» — деп өзіне-өзі сұрақ қояды. Газет: «Оның бұл әрекетінен саяси жүйедегі терең дағдарыстың бір саңылауы көрініп тұрғандай», — деп қорытындылайды. Ө.Шөкеев 2017-2021 жылдарға арналған жоспарын жалғыз өзі жасаған жоқ қой. А.Евниевпен, басқа да орынбасарларымен бірлесіп, келісіп жасады. Ө.Шөкеевті ауыстырған күннің өзінде осы министрлікте 20 жыл істеп, қызметтің барлық саласынан өткен А.Евниев оның орнына министр бола алмайтын ба еді? Істеп жүрді ғой. Кооператив, шошқа бордақылау мәселелерінде өткір, ашық сындар айтып, «ащы» болып жүрді. Бәлкім билікке осы ашық сындары ұнамаған болар. Кезінде Мәдениет министрлігінде министр екі рет ауысса да, соларға 10 жыл «тапжылмастан» орынбасар болған «қазақ мәдениетінің идеалы» Әшірбек Сығай да театрға сыншы болып кеткен… Мұндай жағдайлар биліктің кадр таңдаудағы кемшілігін көрсетсе керек.
Егер ауыл шаруашылығы министрлігінің С.Омаров бастаған жаңа құрамы 2017-2021 жылдарға белгіленген бағдарламаны жалғастырар болса, әйтеуір Шөкеев айтып еді демей, қалыптасқан жағдайға өздері көздерін жеткізуі керек. Ол үшін «Qazaqstan zamany» газетінде жарияланған сол алты мақаланы да ғаламтордан параққа түсірткізіп, зерттеуі тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана батыл әрекетке бара алады. Олар:

1. «Ауылды кешенді түрде жаңғыртуымыз керек» №42 (1171) 19 қазан 2017 жыл.
2. «Ауылға мемлекеттің қамқорлығы ауадай қажет» №4 (1185) 1 ақпан 2018 жыл.
3. «Ауыл халқы мал азығын қайдан және кімнен алуы керек?» №10-11 (1192) 15 наурыз 2018 жыл.
4. «Ұлт кіндігі — ауылымыздың шаңырағын қалай түзейміз?» №33 (1214) 23 тамыз 2018 жыл.
5. «Министрге көмекке келемін» №39 (1220) 4 қазан 2018 жыл.
6. «Бағдарлама белгіленді. Енді не істеу керек?» №47-78 (1228-1229) 29 қараша 2018 жыл.
Жаңа Президент сайлауынан кейін құрылатын жаңа Үкіметте Ө.Шөкеев «Премьер» болып оралып, 2017-2021 жылдарға арналған «өз бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығын алға сүйрейді» деп үміттенгім келеді.