«Айша бибі» — махаббат символы
Тараз қаласын сөз еткенде көз алдымызға ең алдымен Қарахан мен Айша бибі елестейтіні анық. Бірі батырлық рухтың тағы, екіншісі мәңгілік махаббаттың тәжі болып, ғасырларды өзіне ғашық, дәуірлерді әміріне тәнті еткен ұлы сезімнің символын әркім әрқалай елестетуі мүмкін. Бүгінгі заманның таным-түсінігі, көнеге көзқарасы бойынша олардың өмірі қалай өрнектелді, ғадауаттан ғазиз махаббатты қалай қорғады, немен арпалысты, неден тайынбады, міні осындай сарқырама сауалдарға облыстық қазақ драма театрының жаңа маусымын ашқан жазушы-драматург Болат Бекжановтың «Айша бибі» махаббат дастаны жауап бергендей.