Айсұлу Қызылордадан олжалы оралды
Өңірімізде айтыс өнеріне қадам басып, талантымен танылып жүрген жас ақындар аз емес. Солардың бірі – Талас ауданы, Барбол Тоқтықожаұлы атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Айсұлу Жүнісбек.
Айсұлу жақында Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен «Көктем нұры» республикалық ақындар айтысына қатысып, жүлделі үшінші орынмен оралды. Ол алғашқы айналымда Арқалық қаласынан келген Нұрислам Рағатпен айтысып, қазылар тарапынан бірыңғай «10» ұпай алды. Бұл – ең жоғары жетістік. Айсұлудың: «Армысың Ақмешіттің асыл» халқы, Ұлы жерде тұратын ұлы адамдар» деп амандасуының өзі әдемі шықты. Қыз бала деп тиіскен Нұрисламға: «Жетелесең саған еріп кете берер, Жамбылдың қыздары жоқ жерде жатқан» деп әдемі жауап берді.
Финалдық кезеңде бес үздік айтыскер «Құлманбет айтыс» жасап, бақ сынады. Мұнда да Айсұлу қыз балаға тән әдеппен өлең өрбітіп отырды. Белгілі айтыскер Мамыр Байдәулетов, Мұхтар Ниязов бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде қызылордалық Нұрахмет Мансұровқа берілсе, жерлесіміз Айсұлу Жүнісбекке жүлделі үшінші орын бұйырды.
«Айсұлу осы кезге дейін республикалық «Ақберен» байқауында «Айтыс» аталымы бойынша бас жүлдегер атанған. Осы жолы да жақсы айтысты. «Бұйырғаны үшінші орын болды», дейді анасы әрі мектептегі мұғалімі Назым Тоймамбетова.
Есет ДОСАЛЫ, Талас ауданы