АЙТУҒАН АТА ЕГЕР КӨЗІ ТІРІ БОЛҒАНДА-85 ЖАСҚА ТОЛАР ЕДІ…
Жаны жайсаң, жүрегі кең жан еді…
…Ол кісі айтарын бүкпесіз ашық айтып салатын ақкөңіл жан еді. Айтуған Рыспановтың асыл қасиеттерінің тағы бірі — ағайын-тумаға, достарына,әріптестеріне қолұшын беріп көмектесу болатын.
Ол кемшілікке кешіріммен қарап, жабыққаның жанынан табылатын.
Биыл тірі болса, 85-ке толар еді… Сол ардақты қарияның бетіме жымия күліп тұрып, әкедей қамқорлықпен айтқан сөздерін сағындық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме халқымыз…
Сарысу өңірінде Тәуелсіздік алған жылдары кәсібін бастап, бүгінде қажырлы еңбек, тындырымды тірлігінің арқасында толағай табысқа жеткен шаруа көп. Табан ақы, маңдай терімен төскейін малға, бақшасын егіске, жеміске толтырған азаматтың бірі Сарысу ауданының тұрғыны болған Айтуған Рыспанов еді…
«Мал баққанға бітеді» дегенді бұрынғылар бекерге айтпаса керек. Оның төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай.
Соңғы жылдары шалғай ауылдардағы ағайынның еңсесінің көтереліп, етек-жеңін жинай түскендігі көпке аян. Мемлекет тарапынан берілетін барлық мүмкіндікді ауылдықтар да мүлт жібермеуге тырысады. Біреу мал бақса, екіншісі құс өсіріп, егін егетін шаруалардың шаруасының шалқығаны көңілге қуаныш ұялатады.
Қазақ халқы ежелден қартын құрметтеп, ардақтаған. Тек қана құрметтеп қана қоймай, рухани қазыналы қарттарының келелі әңгімелерін, ақыл-кеңестерін, теңіздей терең өмірлік тәжірибелерін, олардың өнеге толы өмірбаяндарын кейінгі толқын жастарға үлгі еткен. Әсіресе қиын-қыстау кезеңдерде шешен де көсем, ақылы дария ақылгөй дана қарттарынан ақыл-кеңес сұраған.
Осындай көргені мен берері мол Айтуған Рыспанов егерде ортамызда болғанда бүгін 85 жасқа толар еді…
… мал шаруашылығы мен сауда-саттық саласын бес саусағындай білетін, жасы 85-ке жақындаса да шаруаға мығым, есепке жүйрік, қимылы ширақ құрметті ақсақалдан жақында көз жазып қалдық.
Өмірден өзі кетсе де экономика, қаржы, аграрлық саладағы жаңалықтардың бәрінен хабардар, талантты жанның мейірімге толы жанары мен еңбекқор жүзі көз алдымызда мәңгі қалды.
Ұрпақтарға үлгі болар қария жайлы қанша жазсақта артықтық етпес… Өйткені мал шаруасынан бөлек,егін, сауда саттық салаларын да қатар алып жүретін… Іскер азамат қарамағындағы еңбеккерлердің бәрінің жағдайын жақсартудан жалықпайтын…
Адал еңбегімен кәсібін өрге домалатып отырған отбасы 6 баланы өсіріп жеткізді. Ата-ана жолымен олар да мал шаруашылығы мен сауда саласында жемісті еңбек етіп жүр. Себебі әке мен ана оларды жастайынан еңбекке баулып, кісіліктен кішілікті, іріліктен ізгілікті жоғары қоюды үйреткен.
«Айтуған» шаруа қожалығы бүгінде облысымызға белгілі қожалықтардың қатарында. Төрт түлік малды өсіріп, құрт, май, сүті мен айран шұбатын, қымызын өнідіріп, тек қана отбасында отандық өнімді пайдаланатындығын естігенде облыс басшысының өзі риза болып, республика, облыс, аудан төңірегінде телеарна, газет, жорналдарға шығарыңдар деп тапсырма берген болатын.
Жарықтық еңбекқор қарияның қала сыртындағы арнайы шаруашылықпен айналысатын жерінде жарық, жол барлығы шешілген жұмақ дерсің тура…
Мал өсірумен қатар есік алдындағы бос жатқан жерге жеміс-жидектің түр-түрін өсіріп отыратын. Өріктің сарысы мен қарасы, анар мен алмұрт,шие талдары, қызанақтың түрі, орамжапырақ, қауын, қарбыз, қызылша, пияз, асқабақ, картоп, қияр,баклажан өсіріп, оны бала-шаға, туған-туыстармен қатар, көрші-қолаңдарға тегін тарататын қарияның тірлігіне еріксіз тәнті болатынбыз.
Бүгінде төсі медалға, төскейі малға, ауласы жанға толған Айтуған ата арамызда жоқ… 20 дана аса құрмет медалдарымен марапатталған қарияның қолы босаған сәттерде ақпараққа жыр маржандарын теретін, домбыра шертіп күйлерді нақышына келтіре орындайтын да қасиеті бар етін…
Бір бойына тектілік пен даналықтың, еңбек пен ерліктің үлгісін жия білген Айтуған атаның бүгінде өзі кетсе де жапырағын кеңге жайған бәйтеректей жары Роза Төкебайқызы мен алты перзентінен тараған 12 немере, 5 жиен немере, 11 шөбере, болашақ ұрпаққа өсиет етіп айтар, өнеге етіп жазар еңбекқорлығы мен іскерлігі мәңгі есте қалды.
Өзі кетсе де, ұрпағы мен тектіліктің көзін қалдыра білген Айтуған атаны өлді деуге болмас…
Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқадан болғай…
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы