Айтылған сөз атылған оқпен тең!

Ұлттық сенім кеңесінің назарына!

 Айтылған сөз атылған оқпен тең!

дегендей Қазақ тілін өз тұғырына қондыру ұлттық кеңес пен президент мырза, сіздерге АМАНАТ!

 

“БІЗДІҢ ЭНЕРГИЯМЫЗДЫ ПАЙДАЛАНЫҢЫЗДАРШЫ!”

Ұлттық қоғамдық кеңестің үшінші отырысы елең еткізер жаңалықтарымен ел есінде қалары сөзсіз. Бұған дейін байқалмаған рух пен қажыр-қайрат байқадық жастардың бойынан. Жасындай жарқ еткен сәуле-бастамаға әлден еліріп, құрақ ұшқанымыз жарамас. Өйткені үміт пен қорқыныш итжығыс түсіп жатыр санада.

Талай игі бастамалар атойлап шығып, мәреге жете алмай «омақасып құлағанын» көрген мына шыққыр көзіміз! Елп ете қалып, кейін жалп етіп сөнген шамдай түнерген кездеріміз де аз емес. Қуанышымыз қозыкөш жерге жетпей, алыстан жылтыраған маяктай үмітке телміре қарап өткізген күндеріміз қаншама?

Сәби-халықтың  шаттануы мен шартпа-шұрт келуі де лезде. Көңілінен шықса көңілі көлдей ағайынның меселі қайтса міз бақпай қалатыны тағы бар. Сондықтан сабыр сақтап, әліптің артын баққан дұрыс шығар әмәнда.

Биліктің әр сөзіне бейтарап қарамайтын халықтың, «Аттың сыры иесіне мәлім» деген стеоратиптен құтылатын күні жақындап қалған секілді. Өйткені талай сынға ұшыраған қоғамдық кеңестің өзі азу тісін көрсеткен бөлтіріктей қылық танытты осы жолы.

Бәрі бірдей «тас қопарып», «шоқ шайнамаса да», біреулері «Күріштің арқасында күрмек болып» су ішіп жатса да, Мағжан ақын жырлаған «Мен жастарға сенемін»  деген жастардың бірқатар легінің сөз саптасы көңілге қонымды, ойға толымды көрінді.

 

 

Өйтпеске шаралары да жоқ қой. Көзі ашық, көңілі асқақ жастардың ғаламдық дамудың көшінен қалғысы келмей, жасқа тән албырттықпен аға буынға базына айтуынан ешқандай өрескелдік көріп тұрған жоқпыз! «Жас өспей ме, көкірегіңді теспей ме» дегенді қазақ бекер айтпаса керек-ті… Соған көзіміз анық жеткендей болды осы жолы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық кеңестің үшінші отырысында адами капитал, білім және ғылым саласындағы проблемалар сөз болғанда талайдың көкейіндегі көрікті ой айтылды. Бұл өзі оқтаулы мылтықтай шүріппесін  басуға ешкімнің дәті бармай жүрген мәселе еді. Сол тарс етіп атылды. Отырыста сөз алған «BTS Digital» білім беру жобаларының жетекшісі, Ұлттық кеңес мүшесі Саясат Нұрбек егер мемлекеттік саясат бүкіл жұмысын білім саласына бағыттамаса, кейін зардабы қиын болатынын ашық айтты. Ел-жұрт елең етті.

Қаншама  білімді жастардың өз елінде тұрақтай алмай, шетелге қызмет етіп жатқанын да сөз арасына қыстыра кетті. Арқа жайлы болса арқар ауып несі бар, расында!

«Бірер күн бұрын менің жасым 39-ға толды. Біздің қатарымыз – 80-ші жылғылар жоғалған буын болып есептеледі. Біз қазір үлкен өмірлік таңдау алдында тұрмыз, әрі қарай не істеу керегін білмейміз. Жинаған біліміміз бар, тәжірибе бар, қателіктер де жасадық. Менің жеке кумирім – 1972-92 жылдары Финляндияның білім жөніндегі Ұлттық кеңесін басқарған, білім саласын дамытуда өздерін тарихтың отына тастап жіберген буынның жарқын өкілі Эркки Ахо болды. Сондықтан біздің энергиямызды пайдаланыңыздаршы. Біз де өзімізді тарихтың отына тастауға дайынбыз. Себебі, Қазақстанда басқа жол жоқ», – деді ол. Бұл елге танымал жастардың бірі Саясат Нұрбектің жан сыры – жанайқайы! Ел Президенті жалынды жасты мұқият тыңдап, кей кезде түртіп алып жатқанын көріп шын қуандық.

Сондай-ақ жас маман білім саласын модернизациялауға арналған бірнеше нақты ұсыныстарын жеткізді. Олар – цифрлық білім берудің қажеттігі, балабақшаларды лицензиялау, сабақ өткізетін онлайн-платформаларды дамыту, мамандық таңдау және тағы басқа мәселелер.  Бәрі де өзекті, бәрі де шындық!

Тағы бір жас «Ұлттық аударма бюросының» жетекшісі Рауан Кенжеханұлы Қазақстанға ұлттық үлгідегі мектеп қажет екеніне президент назарын аударды. Бұл да көптің көңілінен шыққан бір ұсыныс.

«Біріншіден, Қазақстандағы білім берудің сапасын арттыруға басты кедергі – мектептің жағдайы деп ойлаймыз. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанға мектеп жетіспейді. Қазіргі таңда еліміздегі 7400 мектепте жалпы саны 3,5 миллионнан аса бала оқып жатыр. Оның 70%-ы екі ауысымда, ал 200 мың бала үш ауысымда оқиды. Соңғы жылдары Қазақстан білім берудің мазмұнын жаңартуға көп күш салды. Ілгері дамыған елдердің талаптарына бағытталды. Бірақ біз талаптарына ұмтылған елдердің ешқайсысында үш немесе екі ауысымды мектеп жоқ. Ал сапалы білім беру үшін мектептің бір ауысыммен жұмыс істеуі өте маңызды. Біздің есебімізше, орта білім жүйесін толықтай бір ауысымға көшіру үшін Қазақстанға шамамен 3 мыңдай мектеп қажет» деді ол. Бұл әрине жаңалық емес. Алайда «айтыла-айтыла жауыр» болып, енді айықпас дертке айналғалы тұрған «жара» еді. Мұның да іріңі тазартылып, «дәрі» себілді… Не нәрсенің де шегі мен шеті болатыны осы жолы нақты айқындалды.

 

 

Әсіресе, «әлем азаматы рухында білім мен тәрбие алған бала Қазақстанның патриоты болып өсуі екіталай. Сондықтан Қазақстанға ұлттық мектептің үлгісі қажет деп есептейміз. Нақты ғылым, технология, ағылшын тілімен қатар, тіпті одан бұрын қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстанның тарихы мен өлкетануы, ұлт өнері мен дәстүрін озық әдістеме негізінде жаңаша оқытатын сол арқылы әлем азаматы емес, бірақ әлемнен хабары бар Қазақстан азаматын тәрбиелейтін ұлт мектебінің үлгісін жасауды ұсынамыз» дегені, келешек жастардың ой-өрісінің биікке қанат қағатынын байқатып қалды.

Бұл да болса Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билігінің «жылымық» сәті болып тарихқа таңбаланарына бек сенімдіміз. Демократияның жарқын белгілерін ала келген президенттің ғылым-білімге деген ерекше құштарлығына осы жолы тағы да тәнті болдық!

 

«АТ АЙНАЛЫП ҚАЗЫҒЫН, «ӘЛІППЕ» АЙНАЛЫП ҚАЗАҒЫН ТАБАР КҮН ЖАҚЫН

Билік басына келе сала демократияның құндылықтарына ерекше серпін беріп, шетелдік журналистермен еркін сұхбатқа барған Тоқаев, сол кездегі халық толқуының әділ бағасын бергеніне әлем куә! Тоқаевқа дейін «халық кедейліктен көшеге шықты» деген біреу болса айта жатарсыз?

Әлі де болса  құйғытып шауып кетуге артына «жалтақтап қалатыны» кедергі.  Әйтпесе Тоқаев мырзаның қырағы көзі мен әлемдік саясаттағы тәжірибесі атан түйеге жүк болардай қомақты… Артынан сөз ермеген, парасат-пайымы биік, білімі телегей-теңіз Тоқаевтың, «Жүген-ноқтасы» сыпырып алынса, алдына қара салмайтын жүйрік екенін әлем саясаткерлері таласа жазып жатыр. Бұдан артық қандай әділ баға керек!

Дамыған Еуропаның қалыбын көрген, БҰҰ-ның қасында жүрген,  дипломатияның «қамшысын өрген», саясат аламанында аруанадай желген Кемел баласының да дәл қазір кемелденген шағы! Бүгінгідей қиын кезеңде елдің сенімін ақтаса, алғысын алатынын, үмітті ақтамаса, қарғысқа қалатынын білмейді дегенге кім сенер!

Отыз жыл бойы қордаланған проблемалар әйтеуір бір күні арнасынан асып-төгілері анық қой енді. Соның алғашқы белгілері қырағы көз бұқараның назарынан тыс қалмады.

Әйтсе де бұл жолғы Ұлттық кеңестегі екпін де күшті, айтылған сөздер де тегеуірінді. Тіл-көзіміз тасқа!

 

Қалың ел босқа елеңдемесе керек! Халық пен билік арасынан «қара мысық жүгіріп өткендей» тоңтеріс  қалып байқала беретін. Осы жолы соның аражігі ашылғандай көрініске тап болдық! Өйткені президенттің өзі білім саласындағы былық-шылықтан хабардар екенін бұған дейін де бірнеше рет аңғартқан. Бұл жолы ашық кетті.

Жалындаған  жастардың ой-пікірін, өзге де кеңеске қатысушылардың талап-тілектерін саясаткерге тән сабырлы күйде асықпай тыңдай білгені де «Ханда қырық кісінің ақылы болады» деген тәмсілді еріксіз еске түсірді.

«Біздегі маңызды мәселенің бірі – оқулықтардың сапасы. Бұл – үнемі әрі тұрақты түрде көтерілетін мәселе. Білім сапасы оқулықтардың сапасына байланысты», – деп бір қайырды.

Президенттің айтуынша, ғылыми-практикалық сараптама мен оқулықтарды тестілеуге қойылатын талап түбегейлі қатаңдатылуы керек.

«Бұл – Білім министрлігінің міндеті. Мен, басты міндеті деп айтар едім. Біздің оқулықтардың сапасы тым төмен. Сонымен қатар, оқулықтардың сапасы үшін оны әзірлеушілеріне қатысты жауапкершілікті күшейтуді заңнамалық тұрғыда бекітуді тапсырамын.

     Нашар оқулық дайындады ма, оның өмірге кәдесі жарамады ма, онда сол оқулықты әзірлеуші жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Одан басқа амал жоқ»

–  деп Президенттің қатаң талап қоюы, алдағы уақытта тамыр-таныстықтың, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолын кесер «алмас кездік» боларына сенгіміз келеді.

Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық  сенім кеңесінде сөйлеген сөзінен саяси реформалардың жалғаса беретінін түйсіндік. «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заңға қол қойғанын өзі де тілге тиек етті. Аталған Заңға жиын өткізудің алдын ала ескерту қағидаты енгізілгені демократия талаптарына сай келетінін айта кетуіміз керек-ақ!

Сыртта жатып алып, қазақ билігін сынауға құмар адамдарға елдегі елеулі саяси шешімдер ұнамаса білмеймін. Президенттің өзі де, қасындағы технологтар да «видео арқылы үндеу тастағыштарды» жіті бақылап отыратындай көрінеді бізге.  Әйтеуір қауіптің алдын алып, олардың «көсем сөздеріне» дер уақытында жауап беріп, халықтың қолдауынан қапы қалып жатқан жоқ зерделеген адамға…

«Жаңа заң азаматтардың бейбіт жиындар өткізуге конституциялық құқығын толық қамтамасыз етеді. Саяси реформалардың бірінші топтамасына кіретін басқа да заң жобалары әзірленуде. Сондай-ақ сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңдарға өзгерістер енгізетін құжаттарға қол қойдым» деді президент. Бұл да болса демократияға қолдау! Қолдау ғана емес саяси партияларды қорғау!

Сондай-ақ, парламенттік оппозиция институты енгізілгенін, саяси партияларды тіркеуге қатысты талаптардың жеңілдетілгені де айтылып қалды.

“Сайлауға түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота бөлетін болады. Жала жабуды қылмыс санатынан алып тастау және Қылмыстық кодекстің 174-бабын ізгілендіру жөніндегі нормаларға азаматтар барынша қолдау білдірді” деді Президент. Бұл да болса ізгілікке бір қадам басумен тең игі іс!

Сөз басында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жағымды жаңалық көп екенін бекер айтпадық. Президент білім беруді және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта зерделеу қажеттігін, 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өсетінін ескертті. Сонымен қатар түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны дәрігерлер алатынын айта келе, Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруды тапсырды. Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе артық болуы керектігі баса айтылды. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажеттігі тапсырылды. Жағымды жаңалық па, әрине қуанышты ақпарат!

Кей ауылдардағы келеңсіз жағдайлар Президентке таныс секілді. Әйтпесе ауылдарда бір мұғалім үш-төрт пәннен сабақ беретінін, бір сабақта әртүрлі жастағы балалар бірге отырып оқуға мәжбүр екенін қайдан біледі. Ауыл ұстаздарына еңбекақы төлеу жүйесінде аталған мәселенің ескерілмейтіні де рас. Сондықтан бұл ахуалды біртіндеп түзету керектігін еске салып қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғалы бері ауқымды жұмыс атқарылғанын жеткізді. Нақты айтқанда шетелден жұмысшылар әкелуге белгіленген квота 40%-ға азайғанын, есеп комитетінің мемлекеттік органдарда жүргізілген тексерісінің аудиторлық қорытындыларын жариялай бастағанын атап өтті.

Жастардың ғылым-білімге деген көзқарасына, батыл ойларына жауап ретінде өзінің де көкейінде жүрген түйткілді ойларын ақтарып тастады.  “Қазақстанның мектептері жақсы жабдықталып, сыныптағы оқушылар санының көп болмағаны қажет. Мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай 650 орындық және одан да көп оқушыға арналған 800 жаңа мектеп, ауылдардағы тірек мектептер үшін 114 интернат, 700-ден астам спорт залдарын салу жоспарланып отыр” деді Президент.

 

ӘЛЕУЛӘЙІМ ТАУСЫЛСА, ХӘЛӘУЛӘЙІМ БАР ДЕГЕННІҢ КЕБІ ЕМЕС ПЕ БҰЛ?!

Мемлекет басшысы соңғы кездері мемлекеттік тіл жағдайына алаңдап, бұл өте көкейтесті мәселеге қайта-қайта оралып жүргені тіл жанашырларын елеңдетіп, көңілдеріне үміт ұялатты. Кешегі өткен Ұлттық сенім кеңесінің үшінші отырысында да бұл мәселеге қайта оралды. Мәдениет және спорт министрлігінде тіліміздің бағын аша алмай жүрген Тіл комитетін Білім және ғылым министрлігіне беру керек деді. Бұл меніңше «әлеуләйім таусылса, хәләуләйім бар» дегеннің кебі ме деп ойладым. Оқыту бағдарламалары бұл министрлікте нақпа- нақ жүріп, мемлекеттік тілді үйрену мектептен басталса деген игі ниет деп ұқтым. Бізде қазақта есі кіресілі- шығасылы ғалымдарды «оқу өтіп кеткен» дейді. Өзге ұлт өкілдерін, өзіміздің тіл білмейтін қаракөздерімізді біз 30 жылдан бері мемлекеттік тілді оқытумен, тоқытумен келеміз. Нәтиже қайда? Жоқ қой, жоқ! Миллиардтаған ақша босқа кетті. Қаншама бағдарламалар жасалды. Бұлардың бәрі көз алдау болғанын қатал уақыт көрсетті. Қазақ тілінің халі әр бағдарламадан соң нашарлағанын, тіптен мүшкіл жағдайға жеткенін көріп, біліп отырмыз. Бағы ашылмаған Тіл комитетінің де жұмысы да сиырқұйымшақтанып, өзінің мемлекеттік тілді дамытуға деген қауқарсыздығын танытты, себебі  бәрімізге белгілі..! Сондықтанда осы күнге дейін ештеңе бітіре алмаған комитетті қай жаққа апарсаң да енді ешнәрсе тындыра алмайды деген сенімдемін. Оны тікелей, Ақордаға Президентке бағынатын Агенттік ашса,заңға өзгеріс ендірсе қосарландырмай, сонда ғана  АНА тіліміздің бағы ашылар еді ..!

 

Қазбек Иса бастаған тіл жанашырлары қол жинап, әрекет етіп жатыр. Алайда бұл әрекетен де ештеңе шықпай ма деп қорқамын. Менің Ұлттық кеңеске қатысып отырған азаматтарға айтар уәжім бар. Президент ұсыныс айтты. Дұрыс. Ал Тіл комитетін ауыстырсақ деген пікір айтылғанда, неге өз ойларын ортаға салмады ешкім? Бәрі де келіскендей рай танытты. Шынында да Батысқа, Еуропаға еліктеп болдық қой. Олар тіл мәселесін әу баста-ақ шешіп тастаған. Менің айтайын дегенім, оқытып-тоқытып әбден болдық. Одан нәтиже шамалы екенін де білдік. Әттеген-ай! Босқа шашылған есіл ақша!

Қадірлі Президент мырза! Енді мәжбүрлік жасап, елді сөйлететін кез келді. Халқымыздың күтіп отырғаны да осы мәселе. Заңға өзгеріс енгізбесе бәрі бекер! Ол үшін көп нәрсенің қажеті шамалы. Жүзеге асыратын мәселелер айтылды. Соны өмірге батыл енгізу қажет. Сонда ғана қазақ тілі нағыз мемлекеттік тіл болады. Біздің де, қалың қазақ елінің де талабы осы!

Иә, бұл жолы  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде басымдық берілген білім – ғылым саласы болды. Бұл дамуды көксеген,  болашаққа нық сенген азаматтардың  кескін-келбетін айқындап берді. 30 жыл бойы білім саласына реформа қуған қаншама министр ат шалдырып кетті. Әр  екі жылға шақсақ бір министрден келеді екен. Бұдан асқан масқара іс болмас! Соның зардабын әлі тартып келе жатырмыз. Ең ақырында талай ғұламаның томағасын сыпырған «Әліппені» «Сауат ашу» алмастырды. Бұл да кезінде халықтың сынына ұшыраған мәселенің бірі еді. Ел Президенті білім-ғылымға ерекше көңіл бөліп жатыр екен, онда «Ат айналып қазығын табар» демекші, «Әліппе» айналып қазағын табарына сенгіміз келеді.

Ұлттық қоғамдық кеңестің ұлт рухын көтеретін жаңашыл кеңестері осы биігінен  түспесе екен дейміз. Президент Тоқаевтың командасы да алшақтап кеткен билік пен халықтың арасын жақындату үшін бар мүмкіндікті пайдалана білсе, болашақта да жүздері жарқырай түсеріне сеніміміз күшті.

 

 

ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗА, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУДІ ӨЗІҢІЗ БАСТАҢЫЗ

ТҮЙІН: Әр нәрсенің түйіні болады. Бұл жолғы әңгіменің түйінін Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ата салтымен базына қылып  айтқалы отырмын.

Құрметті Президент, Сіз де, біз де қазақпыз. Тіл деп жанұшырып жүргендердің бәрі дерлік қазақ! Иә, қазақтың жанын ұғатын марқұм Герольд Белгер, қазағымыздың асыл әкпесі,Асылы Осман секілді тұлғалар бар,қаншама жастардың бары қуантады.. Олар қазақтан қайыр көрген, текті аталары – «қазаққа қарызсың» деп тәрбиелеген буын. Сондықтан олар «Қазақтың тілі» деп еңіреп жүрді. «Қазақ тілі» деп отқа да, суға да түсті… Сонысымен де қазаққа қадірлі болып қалды…

 

 

 

Президент мырза, өзіңіз айтыңызшы, қазақтан кім жақсылық көрмеді? Тентіреп келгеннің талайының таңдайына су тамызып, өшіп бара жатқанды өсіріп, шөгіп бара жатқанды төске көтерген сіз бен біздің аталарымыз емес пе еді?

Олай болса жақсылыққа жамандық жасауға бола ма? Қазақтың киелі даласына келіп, өшкелі тұрған үміті лаулап, қаусаған арманы қанат жайып – бүгінде мәуелі бәйтерекке айналған өзге ұлттардың «Аштықта жеген құйқаның дәмін ұмытып» кеткені, қазақтың бір баласы ретінде Сіздің жаныңызға батпай ма? Ата-баба рухы түсіңізге кіріп мазаламай ма?

Кешегі текті қазақтың аманатына адалдық көрсетуге Сізге Алла Тағала үлкен мүмкіндік туғызып тұрғанын қалай сезінбей отырсыз? Қан арқылы берілетін ұлттық рухтың күш- қуаты  бойыңызда сарқылып қалды ма?

Өмірбаяныңызды оқып отырсам, қазақ көрген азап пен қасірет Сізді де айналып өтпепті.  Қылышынан қан тамған жүйеден Сіздің жанұяңыздың да көрмеген құқайы жоқ екен.  Сіздің де ата-бабаңыз (әріге бармай-ақ қояйықшы),  кешегі кеңестік  қуғын-сүргіннен әрең тірі қалыпты…

Иә, тәуелсіздік алғалы тілдің жыры бітпей келеді. Отыз жыл бойы қазақтың небір марқасқалары Шерхан Мұртаза, Амангелді Айталы, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова т.б «Ана тіліміздің» жетім баланың күйін кешкен тірлігін айтудай-ақ айтты, жазудай-ақ жазды. Осы жолдардың авторының өзі тілге қатысты қаншама  мақала жазды осы күнге дейін. Қоғам қайраткерлері Марат Тоқашбаев пен Қазыбек Исаның тіл майданындағы күресі бір төбе!

Құрметті Президент! Былтыр желтоқсан айында Мұрат Бақтиярұлы бастаған бір топ сенатор мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдаған болатын. Депутаттар жаңадан мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керектігін көтерген еді. Ол депутаттық сауалға берілген жауапта 2025 жылға дейін мемлекеттік тіл бағдарламасы қабылданып, сол кезеңде заңды өзгертеміз деген екіұшты ой жүр.

         Әттеген-ай, мүйізі қарағайдай сенаторларымыздың сауалдарына мынадай жауап болса қанша қол жинасақ та бос әурешілік!

«Жасырмаймыз. Бұл – өркениетті елдердің бәрінде бар. Мемлекеттік тілдің мәселесі тек заңды өзгерту жолымен ғана шешіледі. Меніңше, қоғам, мемлекет оған қазір дайын. Мысалы оңтүстік пен батыс өңірлердің (үш-төрт облыстан басқасының) іс-қағаздары, жиналыстары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Алматы облысынан бастап Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Жамбыл, т.б. жүргізіледі” дейді сенатор Мұрат мырза. Мәселе онда емес! Биліктің тілді менсінбеуінде, ниеттенбеуінде! Бәрі емес көпшілігінің  балалалары Ана тілін білмейді, білгісі де келмейді!  Менің қорқатыным қазақ тілде, ана тілінде сөйлеуге намыстанатындар қатары көбеюде. БҰЛ ҚАСІРЕТ! Түк түсінбейтін ұрпақ өсіп келеді, сорымыз қайнағанда ертең латынды қабылдағанда, қазақтың көбі кириллицаға кетеді. 2025 жылы кеш болады, ағайын, кеш болады! Қол жинады, бірнеше мәрте бейбіт шеруге шықты, селт еткен билік жоқ! Енді Аналар ақ жаулықты сыпырып тастап, дат десек, әй, қайдам!..

Бәлкім Сіз бұдан хабарсыз боларсыз? Сенаторлардың сөзі өтпеген билікке, қарапайым тіл жанашырларының  дауысы жетеді дегенге кім сенер?! Кедейдің күні кіжінумен өтеді деген осы шығар, бәлкім!

Қазір мемлекеттік тілге байланысты хатқа қоғамда қол жинау жалғасып жатыр. 200 мыңға жуық адам қол қойған. Мүмкін дүйім жұртыңыздың осы хатына көз қырыңызды саларсыз? Саларсыз да, белді бекем буып, бір әрекетке барарсыз! Конституцияның 7-ші бабындағы ресми тілге байланысты кедергіні «жұлып тастап», «тілім деп жанұшырған» халқыңызға жағарсыз!

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Біздің жанайқайымыз Сіздерге жетіп жатыр ма осы? «Қарашаның үні ханға жетпесе биліктен қадір қашқаны да» дейді екен бұрынғылар…

«Тарих жасаған тұлғa» атты кітабыңызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен 30 жыл бірге жүргеніңізді тиянақты жазыпсыз! Сол Елбасының «Қазақ пен қазақ, қазақша сөйлес», «Отыз жылда аю да қазақша үйренетін болды» деген толғаныстары ел арасында сүйіспеншілікпен айтылып жүргенін білетін боларсыз?

 

 

«Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» демекші, елбасының айтқанын бүгінде кім айтпай жатыр. Бірақ нәтиже аз болып тұр. Өйткені Елбасының өзі кейде кереғар ойлауға да «шанс» беріп қоятын еді…

Дегенмен  Елбасының бір айтары бар – тын. Көз қылса да тіл мәселесін жиі қозғап қоғамдық пікірді біліп отыратын.

Құрметті Президент мырза, Сізде ұстазыңыздың жолын ұстанып келесіз!  «Қазақтың тілі – қазақтың жаны», «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін»,  «Бірінші қазақ тілі болуы тиіс», «Қазақ тілінің мәртебесін одан әрі арттыру өзекті мәселе» деген сөздеріңіз қаншама қазақтың жүрегіне үміт отын жақты.  Сөйте тұра өзіңіз, көп жиындарды қазақша бастап, артын ресми тілмен аяқтап жүрсіз? Кешегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде де  жас ұрпақпен Ресейдің мемлекеттік тілінде диолог құрдыңыз!

Шетелдік сапарыңыздың бәрі орысша! Егер шет жұрт бізді, Сізге қарап таниды десек, Ресейдің бір автономиясы десе де болатындай ма қалай?

Сіз президент болғалы да жылдан асты. Әлі күнге ресми тілдің мерейі үстем. «Балық басынан шіриді» дейді атамыз қазақ. Егер Сіз, бүгіннен бастап ана тіліңізде сөйлей бастасаңыз, сізге бағынышты шенеуніктердің бәрі ертесіне «жұтып қойған» тілдерін «жарыққа» шығарарына бәс тігемін!

Тіл жанашырларының осы күнге дейін Ақордаға жазған Ашық хаттарының өзі бірнеше томға айналып қалды-ау. Бұған қарап отырып «Ашық хаттың» да қадірі қашқанын білу қиын болмас.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «Ашық хат» дейтін құлдық жазбасын жолдауды тоқтатқан күннен бастап, елде демократия орнайды деген сөз айтылып жүр. Былай қарасаң, көкейге қонатын сөз!

Құрметті Президент! Сөз соңында мынаны айтқым келеді. Тәуелсіздік пен тіл егіз ұғым болса, құстың қос қанатындай бірін-бірі демейтін болса, біздің тәуелсіздіктің «бір қанатында» кінәрат бар деп ойламайсыз ба? Бір қанаты қайырылған Тәуелсіздіктің болашаққа қарай самғап ұшуы – көңілге күдік ұялатпай ма? Осыған жауап берсеңіз.

 

 Сәуле Мешітбайқызы

ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Qazaqstan dauiri» газетінен

Elana.kz